
Сурет: istockphoto.com
Біз пікір алу үшін жүгінген Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті күз басталғалы бері Қазақстанда 492 643 ЖРВИ жағдайы тіркелгенін хабарлады. Кейінгі аптада 155 133 адам ауырып қалған - бұл былтырғы маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға аз.
Зертханалық мониторинг нәтижесі бойынша, қазір елде маусымдық респираторлық вирустар таралып жатыр.
- риновирустар,
- бокавирустар,
- парагрипп вирустары,
- аденовирустар,
- РС-вирус және тағы басқалары.
Санэпидбақылау комитеті вирустардың мұндай айналымы үйреншікті маусымдық эпидемиологиялық жағдайға сәйкес келетінін атап өтті.
"ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі әдетте қыс мезгілінде байқалады", - деп нақтылады комитет өкілдері.
Сондай-ақ қазақстандықтар арасында қызу талқыланып жатқан жаңа, ерекше вирус түрлері бар-жоғын сұрадық.
Комитет мұндай ештеңе анықталмағанына сендірді:
"Бұрын белгісіз болған вирустар, сондай-ақ жаңа қауіпті штамның пайда болу белгілері анықталған жоқ".
Бұл ретте кейбір қазақстандықтар аурудың ауыр өтуін суық тию маусымының жоғары аллергиялық белсенділік кезеңімен тұспа-тұс келуімен байланыстырады.
"Маусымдық аллергиялық реакциялар мен ЖРВИ бір мезгілде байқалып, белгілері ұқсас болуы мүмкін. Алайда аллергия мен вирустық инфекциялардың табиғаты әртүрлі, сондықтан оларды диагностикалау мен емдеуге әртүрлі тәсіл қажет", - деп атап өтті ведомство.
COVID-19 бойынша жағдай қандай?
Санэпидбақылау комитетінің деректеріне сәйкес, COVID-19 басқа респираторлық вирустармен бірге таралып жатыр.
"Айналымдағы нұсқалар халыққа қосымша қауіп төндірмейді", - деп толықтырды сарапшылар.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда COVID-19-дың 139 жағдайы тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 есе аз.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда тұмауға қарсы жыл сайынғы екпе науқаны басталды. Елге сатып алынған 2,1 миллион доза вакцинаның алғашқы 564 мыңы жеткізілді.