Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне тексеру жүргізу жөніндегі комиссияның алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады.

Фото: aqorda_resmi
Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева атқарылған жұмыстарды баяндады. Жиында Маңғыстау облысындағы трагедия Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелеп, әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін көрсеткені атап өтілді.
Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдердің қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің өліміне кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы қатаң жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында тұр.
Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану деректері бойынша 13 қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жіберілген салғырттық үшін бес лауазымды тұлға тұтқындалып, әскерилерге әлімжеттік жасау фактілері бойынша да тергеу амалдары жүргізілуде.