6.10.2026, 18:15
Оқылды: 8

Ақжайық ауданы: Өлеңті – тарихы терең, тағылымы мол мекен

Тарихы тереңге бойлап, тағылымы мол қазынаға айналған Өлеңті ауылының іргесі қаланғанына биыл 65 жыл толды.

Алпыс бес жыл – тарих өлшемімен қарағанда қас-қағым сәт сияқты көрінгенімен, ауыл жылнамасы үшін бұл – талай ұрпақтың тағдыры, маңдай термен жазылған еңбек шежіресі. Бұл – ақ бидайы толқыған кең алқап, төрт түлігі өрген өріс, қуанышы мен қайғысы, жеңісі мен жемісі қатар өрілген тұтас дәуірдің салмақты парағы.
Мерейтойлық салтанат ең әуелі елдің іргесін бекітіп, өмірден өткен ата-бабалар рухына Құран бағыштаудан басталды.
Алыс-жақыннан ат артып келген меймандар мен жерлестерді Мәдениет үйінің ауласында ауыл әкімі Бауыржан Сатдықов бастаған ауыл тұрғындары дәммен қарсы алып, мерейлі күнмен құттықтады. Қаһарман ақын Ж.Молдағалиев ескерткішіне аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев, ақындар, ауданның Құрметті азаматтары Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Қанат Оразғалиев, елдің ұйтқысы болып отырған алдыңғы буын аға-апалар гүл шоқтарын қойды. Республикалық білім бәйгелерінің жеңімпазы Аружан Бекет Ж.Молдағалиевтің «Мен Қазақпын» поэмасынан үзіндіні оқып берді.

IMG_7842
Мерекелік думан дала қызықтарына ұласты. Дала төсіне тігілген киіз үйлердің жанында самаурын бұрқ-сарқ қайнап, қазандарда бауырсақ пісіп, көже әзірленіп, Өлеңтінің жазығын қазақы тіршіліктің қоңыр иісі кернеді. Күн салқын болғанына қарамастан, ауыл сыртындағы жаңарған атшабарға халық көп жиналды. Дала дүбірінің тізгінін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлығының иегері, ақын Бауыржан Ширмединұлы ұстап, бәйгенің әр сәтін көрерменге жүйрік сөзбен әсерлі дестелеп жеткізіп отырды.
Аламан бәйгеде 31 тұлпар, тай жарысында 27 жүйрік бақ сынап, дала сәнін келтірді. Сонымен бірге жергілікті ауыл тайлары арасында да арнайы бәйге ұйымдастырылды.

8
Аламан бәйгеде Маңғыстаудан келген сәйгүлік бірінші болып мәре сызығын қиып, 1 миллион теңгені иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды Сырым ауданының шабандоздары бөлісті. Тай бәйгесінде Жаңақала ауданының жүйрігі топ жарып, Ақтөбе қаласы мен Казталов ауданының тұлпарлары жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ауыл тайлары арасында Мағжан Қуановтың (Жұбан ауылы) тұлпары дара келсе, ІІ орынды Әтібек ауылының тұрғыны Мирас Мұрат, үшінші орынды Жұбан ауылынан Ербол Сақымов еншіледі.
Боз кілемде өгіз палуандар мен түйе палуандар күш сынасты. Өгіз палуан сайысында Еркебұлан Нығмет, түйе палуандар арасында Нұрсейіт Мәдениет жеңімпаз атанды. Балалар бағанаға өрмелеп, садақ атып, ептілігін танытса, қол күресінен Оразай Қайырсапин, қой көтеруден Жаңақала ауданының тұрғыны Ерасыл Бақыт, арқан тартудан Шыңғырлау ауданының командасы дараланды.
Қурайлысайлықтардың қонақжайлығы мұнымен шектелмейді ғой, бәйгеде IV орын алған тұлпар иелеріне де 100 мың теңгеден ынталандыру жүлдесі табысталды.
«Қурайлы» тойханасында жиналған дүйім жұртқа молынан дастархан жайылды. Округ әкімі Бауыржан Бисенұлы мерейтойды ұйыймдастыруға атсалысқан бір топ ауылдастарға алғыс хаттар табыстады. Ән айтылды, күй шертілді. Оралдық аға буын жерлестеріміз тойға құр қол келмеген екен, олар ауыл кітапханасына бағалы кітаптар сыйлады. Облыстық ардагерлер кеңесі мүшелері де жыр-сәлемдемелерін жолдапты ауылға. Салтанатты шара Мәдениет үйінде өткен мерекелік кешпен түйінделді. Фойеде көрермен назарына кітап көрмесі мен суретші Азамат Шәкімовтың туындылары, сондай-ақ ауыл тарихынан сыр шертетін бейнеролик ұсынылды.
Барша қурайлысайлықтарды елдің тойымен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Денис Молдағалиұлы облыс әкімі НариманТөреғалиевтің арнайы құттықтау хатын табыс етті. Мәдениет саласының ардагері Болат Төресаев әсем әнімен елді баураса, республикаға танымал айтыскер ақындар Талғат Мықи, Орынбек Меңдіқұл, Айнабек Бисенғалиев және Бауыржан Ширмедин сахнаға көтеріліп, еңбек адамдарын, ел тұлғаларын жырға қосты. Өлеңтінің өткені мен бүгінін толғай келе, өз ой-пайымдарын ортаға тастады. Сырымдық Бауыржан: «10-шы тамыз еді Абай күні, 5-ші қазан болсын Жұбан күні» деп жырлағаны көрермен қауымның көкейіне қона кетті.
Қуанғалиевтердің отбасылық ансамблі, «Айзере» әжелер ансамблі, Гүлсара Ақжайықова бастаған «Ақ босаға» келіншектер ұжымы, саз мектебінің домбырашылар ансамблі (жетекшісі Гүлнар Табылдиева), Ақтөбеден келген Ғилым Харесов пен оралдық жерлес Марат Құрмашев өнер көрсетті. «Бабалар үні» оркестрінің мүшесі Қапиет Ғинаятұлы, термеші Салауат Нарышев, ауыл түлектері Дулат Базаров пен Мейрамгүл Еселбаева, өнерпаздар Инабат пен Әсет Қуанғалиевтардың әндерін зал қосылып бірге шырқады.
Облысқа үлгілі жас зергер Тимур Сүлейменов туған жерге сағынышын жырмен өрнектеп,
– Өлеңті өлең, жырды ұнатады,
Сұлу сазбен ататын құба таңы.
Сағынсаң сырласады Сағынғали,
Жабырқасаң Жұбан боп жұбатады, – деп сахнадан жерлестеріне жолдады.
Айтулы шараның өз деңгейінде өтуіне округге қарасты ауыл мекемелері, атап айтсақ, Мәдениет үйі, аурухана, Талап орта мектебінің ұжымдары аянып қалмады. Жеке кәсіпкер Болатбек Нығметов тойға тарту жасап, тойханасын меймандарға тегін ұсынды.
Туған мекеніміздің тарихы 65 жылмен шектелмейді. Десе де, еселі еңбегімен, мерейлі межелерімен атағы алысқа естілген кеңшарда маңдай тер төгіп, бел жазбай еңбек еткендер арамызда. Сондықтан бұл той – сондай азамат-азаматшаларымызға құрмет, елге адал қызметке қошемет, кейінгі ұрпаққа насихат. Әлбетте, үлкен шараның көптің бірігуінсіз өтуі мүмкін емес. Елдіктің тойын жоғары деңгейде өткізуге атсалысып, алыс-жақыннан жұмылған баршаға қурайлысайлықтардың алғысы зор.

Әлия Шарапиева, 
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале