7.10.2026, 16:15
Оқылды: 11

Ақжайық ауданында ардагерлер форумы өтті

Ардагерлердің жүріп өткен өмір жолы – кейінгі ұрпаққа анық бағдар, үлгі-өнеге. Бүгінде зейнетке шықса да, ауданымыздың өсіп-өркендеуі, мәдениеті мен өнері, спортының жандануы үшін кезінде қызмет еткен аға буын өкілдері әлі де аттан түскен жоқ. Олардың араласуымен елдік маңызға ие мәселелердің түйіні тарқап жатыр, ұл-қыз тәрбиесі, өз замандастарын қолдауда да алдыңғы шепте жүрген аға-апаларымыз көп. Осыны бүгін аудан орталығында өткен Ақжайық ауданы ардагерлерінің «Ардагерлер тағылымы және ұлттық құндылықтар» атты форумы айғақтады.

IMG_3203

Аталмыш форумға Орал қаласындағы Ақжайық ауданы ардагерлерінің бастауыш ұйымының мүшелері, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің өкілдері, жастар қатысты.
Алдымен форум қатысушылары Жұбан Молдағалиевтің ескерткішінің алдына жиналып, ақиық ақынның рухына тағзым етті. Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, аудан әкімі Мұрат Сердалин және Орал қаласындағы Ақжайық ауданы ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынаев, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң аға буын өкілдері Жұбан орталығын аралап шықты.
Аудандық мәдени-демалыс орталығында жалғасқан шарада көрермен назарына алдыңғы буынның ұйытқы болуымен жасалған жұмыстардан фото көрме мен кітап көрмесі ұсынылды.
Залда көрсетілген бейнебаяннан аудан ардагерлеріне қамқорлық, салада атқарылған жұмыстар туралы көрермен молынан қанықты. Аудан әкімі Мұрат Сердалин форумға қатысушыларды қошеметтеп, сөз сөйледі.
– Біз жас ұрпаққа: «Елге қызмет ету деген не? Туған жерді сүю деген не? Үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу деген не?» деген сұрақтардың жауабын ең алдымен сіздердің өнегелі істеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз арқылы көрсете аламыз. Ақжайықтың бүгінгі жетістіктерінің артында сіздердің де еңбектеріңіз бар. Бүгінгі ұрпақ қол жеткізіп отырған игіліктердің негізін қалаған, ауданымыздың дамуына маңдай терін төккен азаматтардың қатарында сіздер тұрсыздар. Сондықтан біз сіздердің еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да сіздермен өзара байланысты одан әрі нығайтып, сіздердің бастамаларыңыз бен ұсыныстарыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.

IMG_3229
Жиынды Мынатаубиік Әнесов ашып жүргізді. Форумға қатысушыларды қошеметтеген ол облыс көлемінде ардагерлер ұйымдары туралы ақпарат берді.

IMG_3241

Жайықтың қос қапталын тең жайлаған аудан ардагерлерінің елге үлгі істері мол. Олар бас қосылған жерде халықты бірлікке, ынтымаққа, елге адал қызмет етуге шақырады. Жастармен кездесіп, тәлім-тәрбие береді, өмірден түйгенін үйретеді. Үндеу көтеріп, көпшілікті ізгі іске жұмылдырады. Салт-дәстүрді жаңғырту, бабалардың өрелі өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуде ілкімді жұмыстары да баршылық. Бұл жөнінде форумда бірінші болып сөз алған спикер, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Максим Үмбеталиев баяндады.

IMG_3301
Тұрғындар арасындағы ауызбіршілік, ұлттық құндылықтарды, рухани байлықты қадірлеу, жастар арасындағы тәрбие жұмысын күшейту жөнінде ұланғайыр істер бар. Ардагерлердің денсаулығын сақтау, қолдауға мұқтаждарға қол ұшын созуға байланысты зор қам-қарекеттер тындырылуы керектігін Максим Жаншаұлы ерекше атап көрсетті. Ол ұлттық дәстүрді дәріптеу, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, тарихымызды түгендеу мақсатындағы ауқымды істерге үлес қосқандардың еңбегін ұлықтап, аудан және ауылдық округтерде ардагерлерге қамқорлықтың кеңінен өріс алғанын тілге тиек етті.
– Ауданда 4900-дан астам зейнеткер бар, олардың 1200-і – ұйымымызға мүше. 127 тыл ардагері, 14 ауған соғысының ардагері қатарымызда. Былтырдың өзінде 115 ардагерге азық-түлікпен көмек көрсетіліп, 49-ына тегін дәрі-дәрмек жеткізілді. Замандастарымыздың екеуі шипажайда ем алып қайтты. Қарияларға арналып, мерекелік дастархандар жайылғаны бір бөлек, жем-шөп, қыстық отынмен қолдау да көрсетілуде. Жастардың көмегін де атап өту керек. Қыз-жігіттер, мектеп оқушылары үй-жайды жөндеуде әрдайым қолғабыс етеді. Аудандық ауруханада да ардагерлерге арналып, палата ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Десе де, аға буын тек көмек алушы ғана, қоғам өмірінің белсенді мүшесі болуы тиіс, – деген М.Үмбеталиев ардагерлер қолға алған істердің бір парасын тарқатып айтып берді.

IMG_3316
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын ауданда жұрттың жұмылып қолдауындағы ардагерлердің үлесін де атап өтті ол. Әр сенбілікте аға буын өкілдері ауыл көшелерін тазалап, туған мекен ажарын айшықтауда ағайынның алдында жүреді. Индер-Атырау жолының жөнделуін қоғамдық бақылауға алып, құрылысшылармен де алғаш пікірлескен – ұйымның белді мүшелері. «Заң мен Тәртіп» қағидатының ауданда нәтижелі жүзеге асуы, қоғам тыныштығын сақтау аға ұрпақтың басым назарында. Рейдтерге шығып, тәртіптің бұлжытпай орындалуын қадағалау, тиышы бұзылған отбасылардың шаңырағын сақтап қалу, балалардың құқығын қорғау сынды маңызды шаруадан да тыс қалмайды. Соның ішінде өмірлік тәжірибесі мол, бүгінгі буынға айтар ақыл-кеңесі кемел аға-апалардың бітімдестіру миссиясын арқалаған медиаторлардың қатарынан көрінуі де заңды.

IMG_3280
Жалпы, ақсақалдардың ауылдың тұрмысы, берекесі, игілігі дейсіз бе – араласпайтын жұмысы кемде кем. Олар аудан, облыс әкімі, депутаттар алдында осы салаларға байланысты үлкен мәселелерді қозғап жүр. Өңір, аудан басшыларымен кездесуде аға буын өкілдері ауыл-ел ертеңіне байланысты өзекті түйіндерді алға шығарып келеді. Ардагерлер көтерген мәселелердің бірқатары шешіліп, ауылішілік жолдар жөнделіп, елді мекендерде мектеп, медицина нысандары, спорт кешендері бой көтерді. Биыл ардагерлер ұйымы бас болып, аудан орталығындағы зиратты қоршауға тұрғындарды ұйыстырды. Жуық арада аталарымыздың мәңгілік мекенінде жұмыс аяқталмақ. Ал тарихты бүгінге сабақтастырып, шежіренің қайнарын кейінгі буынға жеткізуде туған өңірімізде мақтаулы істер молынан. Қос ауданның ізіндегі алып Ақжайықтың өткенін тасқа басқан бірнеше анықтамалық, жинақтар, Жұбан елінің біртуар тұлғалары туралы кітаптар жарық көрді. Тарихи тұрғыда салмақты бұл істі де ардагерлерсіз баянды ету мүмкін еместігі анық. Бұл да болса, ардагерлер кеңесі арқылы билік пен халық арасын жақындатуға үлкен мүмкіндік жасалғанының көрінісі.
Оралдағы жерлес ардагерлеріміз де тұрғындардың күнделікті тіршілігі, әлеуметтік мәселелер, елімізде қоғамдық реформаларды жүзеге асырудан қалыс қалып жатқан жоқ. Осыны баяндамасының тақырыбына арқау еткен келесі спикер Жанат Сағынаев ардагерлердің ел бірлігінің тірегі екенін атап өтті.
Орал қаласында Ақжайық ауданынан көшіп келген 400-дің үстінде зейнеткер тұрады. Бүгінгі таңда бастауыш ұйымның құрамына 100-ге тарта ардагер мүше боп енген. Соңғы екі жылдың ішінде 12 жалпы жиналыс, 8 төралқа отырысы және әртүрлі шаралар, спорттық мәдени шаралар өткізді.
– Аудан әкімдігінің қолдауын шын сезінеміз. Туған мекенде өткен шараларға әрдайым шақырып, жол қатынасын реттеп, Оралда тұратын аға буын өкілдерінің басын қосып, ауыл-елдің өзекті мәселелеріне қатысты ақылдасулар өткізу дәстүрге айналды. Ақжайық ауданының жерлестерінің ардагерлері бастауыш ұйымының мұрындық болуымен ақиық ақын, үш ерлігімен тарихымызда қалған Жұбан Молдағалиевке Халық қаһарманы атағын беру жөнінде ұсыныс тасталды. Сондай-ақ Төлеген Жұмақаев, Жақия Исатаев сында қоғам қайраткерлерінің есімімен облыс орталығының көшесін атау бойынша да бастама көтердік, – деді ол.
Форумда сөз сөйлеген ақын, жұбантанушы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Үзілдік Елеубайқызы рухани құндылықтарға басымдық беру, кітап оқуға ұл-қызды баулу жөнінде орамды ойларын ортаға салса, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Шканова «Толық адам» ілімінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

IMG_3259
М.Үмбеталиев аудан ардагерлерінің үндеуімен таныстырды.
М.Әнесов аудан әкімі М.А.Сердалинге және аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитоваға ардагерлер ұйымының жұмысына көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылығын білдіріп, өзінің алғыс хатын табыстады. Аудан басшысы осы күні 75 жасын қарсылаған ардагер-ұстаз Ғайни Машаеваға сый-сияпат тарту етіп, құттықтады.

 

Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале