8.10.2026, 17:45
Оқылды: 6

2,2 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі алаяқтық ісі бойынша үкім шықты

Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін (ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот ЖП

Сурет: Сайт архивінен 

М. Ақсай қаласында «Karachaganak Support Service» (KSS) ЖШС-н тіркеп, оның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы болған. Кейін ол жарғылық капиталдағы үлестерді қызметкерлер арасында қайта бөлгенімен, серіктестіктің қызметін бизнес-менеджер лауазымында іс жүзінде бақылауды жалғастырған.

АҚШ аумағында жүрген М. кәсіпорынның ақшалай қаражатын жымқыру жоспарын құрған. «KSS» ЖШС-нің жаңа директорын алдап, «ТеңізШевройл» ЖШС-мен келісімшартты ұзарту үшін жабдық сатып алу қажеттігі туралы көрінеу жалған ақпарат берген.
Қазақстан Республикасының валюталық бақылау талаптарын айналып өту үшін М. басшыны мәмілелерді пайызсыз қарыз түрінде рәсімдеуге көндірген.

Нәтижесінде «KSS» ЖШС-нің шоттарынан М.-ның бақылауындағы америкалық «KSS Charlotte LLC» компаниясының шотына бірнеше траншпен жалпы сомасы 2 200 000 АҚШ доллары, яғни 948 337 000 теңге аударылған.
Сот М.-ны ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген аса ірі мөлшердегі алаяқтықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚР ҚК-нің 58-бабының 5, 6-бөліктері негізінде осы үкім бойынша тағайындалған жеңілірек жазаны Атырау қаласы №2 сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі үкімімен тағайындалған қатаңырақ жазаға сіңіру арқылы М.-ға түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.

Сонымен қатар, М. 3 жыл мерзімге коммерциялық кәсіпорындарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды және қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленді.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды. Сотталғаннан «KSS» ЖШС-нің пайдасына 2 200 000 АҚШ доллары (948 337 000 теңге) мөлшерінде мүліктік зиян және мемлекеттік баж өндірілді.

Азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында М.-ның және оның бақылауындағы шетелдік компанияның банктік шоттарына салынған тыйым күшінде қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале