Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына іссапары барысында M&N Filters ЖШС-ның жұмысымен танысты.

Теректі ауылында орналасқан кәсіпорын биыл қаңтар айында іске қосылған. Былтыр ғимарат сатып алынып, жөндеуден өткізілген. Қытайдың Шанхай қаласынан қажетті қондырғылар жеткізіліп, орнатылған.

Мұнда өнеркәсіптік және тұрмыстық қажеттілікке арналған су сүзгілерінің үш түрі шығарылады. Шикізат ретінде Атыраудағы газ-химия кешенінде өндірілетін полипропилен пайдаланылады. Жылдық жобалық қуаттылығы – 5 миллион дана. Биыл 40 мың сүзгі дайындалған. Жалпы инвестиция көлемі 170 миллион теңгені құрайды.
Бүгінде бес адам жұмыспен қамтылған. Олардың екеуі Қытайда арнайы оқудан өтіп, заманауи жабдықтарды басқару және пайдалану технологиясын меңгерген.

Кәсіпорын «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізген. Нәтижесінде несие мөлшерлемесі 21 пайыздан 12,5 пайызға төмендеді. Өнімдері Орал қаласында сатылып, еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізілуде. Сондай-ақ серіктестік Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жасалған» өнімдердің нарықтағы үлесін арттырып, отандық кәсіпкерлерге қолдауды күшейтуді тапсырды. Осы міндет аясында өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға басымдық беріп келеміз. Мұндай жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, экономиканың дамуына және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлердің тың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нариман Төреғалиев.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
