Орал қаласының Мансап орталығында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Осы іс-шараны қоса есептегенде қаламызда жыл басынан бері бос жұмыс орындар жәрмеңкесі алты рет ұйымдастырылды. Мұнда 30-дан аса түрлі мекеме мен кәсіпорындардың өкілдері келіп қатысты. Олар бос жұмыс орындары туралы азаматтарға ақпарат беріп, түйіндемелерді алып қалды. Мансап орталығында жұмыс берушілерге арналған үстелдер қойылып, мамандар келушілерді қабылдады. Олардың ішінде күштік құрылым өкілдері мен кәсіпорын қызметкерлерін байқадық. Алдымен облыстық полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Сырым Сейфолланы әңгімеге тарттық. Ол сақшылар сапына қосылғысы келетін азаматтардың көбейгенін айтып, жастарды әлі де болса қызметке қабылдау жүргізіліп жатқанына екпін түсірді.
– Полиция қызметіне 18-35 жас аралығындағы азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Жұмыс беруші есебінен екі айдың көлемінде қызметке қабылданған азаматтың біліктілігін арттыру курсы өтеді. Бүгінде полиция қызметкерлеріне мемлекет бар қажетті жағдайды жасауда. Түсіндіре тоқталсам, уақтылы жалақы мен тұрғын үй төлемдеріне қоса, тегін медициналық қызмет, сондай-ақ еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді. Егер құрылым қызметкерінің еңбек өтілі 12 жыл алты айды құраса, оның 48 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндігі бар. Арнаулы орта білім мен әскери билетті еншілеген азаматтар қатардағы полиция қызметкері (сержант шені), ал жоғары оқу орнын тәмамдаған тұлғалар офицерлік шенмен қызметін бастайды. Полиция қызметіне қызығушылық білдірген жастар облыстық полиция департаментіне, яғни қаламыздағы Е. Пугачев көшесі 45 мекенжайына келіп, толық мәліметпен таныса алады. Оған осы сарындағы ақпарат «Polisia.kz» ақпараттық медиа-порталында да анық жазылған. Қазіргі таңда сержанттық құрам бойынша айдауыл қызметіне, нысан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және техникалық мамандықтарға, ал офицерлік құрам бойынша патрульдік полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, тергеуші және жедел уәкіл лауазымдарына кадрлар қажет, – деді С. Сейфолла.
Жоғары оқу орнын 3.33 білім дәрежесінде тәмамдаған жастар аудан-ауылдардағы әкімдіктерге бас маман, жетекші маман ретінде конкурссыз тағайындалуға мүмкіндігі мол. Бұрын бұл ЖОО-да грант негізінде білім алған түлектерге ғана қолайлы еді. Бүгінде ақылы негізде дипломын еншілеген жастар да мемлекеттік қызметке орналаса алады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті бас маманы Аяжан Мырзабаеваның айтуынша, жыл басынан бері университеттердің 24 түлегі ауданауылдардағы әкімдіктерде еңбек жолын бастапты. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы мемлекеттік қызметтегі жастарға өзі еңбек ететін ауылдан баспаналы болуға септеседі.
Іс-шара барысында Батыс Қазақстан АЭЖК, «KazConstructionGroup» ЖШС, «Sauda Market Ltd» ЖШС («Алтындар» супермаркеті) және тағы да басқа кәсіпорындар жұмысшы мамандар қажет екенін жеткізді.
Мансап орталығының маманы Гауһар Райсовадан бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы жөнінде сұрадық. Маман мәліметінше, жәрмеңкеге 215 жұмыс іздеуші қатысқан. Қаламызда былғары өңдеумен айналысатын «Persist Kazakh K&K» ЖШС технолог, электрик, механик, слесарь секілді еңбеккерлерді әлі де іздестіруде. Жәрмеңке нәтижесінде жеті азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Кәсіптік оқуға бір азамат жолданды.

Әлеуметтік жұмыс орындарына бес адам жолданса, жастар практикасына 12 жас түлек жолдама алды. Іс-шараға қатысқан мекеме, кәсіпорын өкілдері 160-қа жуық бос жұмыс орнын ұсыныпты.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы