Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған жеңіл атлетикадан «Аминиада-2026» республикалық жарысында облыстың жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлдеге қол жеткізді.

Жарыста өңір намысын қорғаған спортшылар түрлі қашықтықта бақ сынап, шеберліктерін танытты.

Атап айтқанда, Бекнұр Масанғали 800 және 3000 метр қашықтықтарда қарсыластарынан озып, екі алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол 1500 метрге жүгіруде екінші орын иеленді.
Ярослав Ильев 100 және 200 метр қашықтықтарда мәреге бірінші болып жетті.

Ержан Насыров 800 метрге жүгіруде күміс, ал 1500 метр қашықтықта қола медаль иеленді. Сара Ғиниятова 3000 метрге жүгіруде екінші орынға тұрақтап, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Осылайша, батысқазақстандық жас жеңіл атлеттер республикалық додада өздерінің дайындығы мен әлеуетін көрсетіп, өңір қоржынына бірнеше медаль салды.

Айта кетейік, Әмин Тұяқов — Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, отандық жеңіл атлетиканың дамуына зор үлес қосқан даңқты спортшы.
Жас спортшылардың бұл жетістігі — табанды еңбектің, жүйелі дайындықтың және жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz