12.10.2026, 12:15
Оқылды: 11

Қаратөбе ауданы: Ханкөлдегі дала қызықтары

Ханкөл ауылында қазақтың ұлттық ойындарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Ханкөл – ер намысы, ел рухы» атауымен дала қызықтары өтті. Ауыл маңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл халқы мен қонақтар көп жиналды.  

 WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.41 (1)

Дала қызықтары Жусандыой ауылдық округінің әкімі Бекболат Бақытжановтың жиналған жұртшылықты құттықтауымен ашылды. Мерекелік шарада сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Асылбек Елешов жиналған көпшілікті өткізіліп жатырған мерекемен құттықтап, дала қызықтарына қатысушыларға сәттілік тілеп, ауыл азаматтарының ұйымшылдығына ризашылығын білдірді. Жусандыой ардагерлер алқасының төрағасы, ауыл ақсақалы Сағат Нүриев сайысқа қатысушыларға ақ батасын берді.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.41

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.41 (3)Тай жарысымен басталған дала ойындары жиналған көпшіліктің назарын атшабарға бұрды. Дала төсін дүбірлеткен тай жарысына 16 тай қатысып, 6 шақырымдық мәрені қиып өтті. Тай бәйгесінде І орынды ханкөлдік Қасым Қойшекеновтің «Назкүрең» атты сәйгүлігі иеленді. ІІ орынды Қособадан келген Еділ Үсеновтің «Айқабақ» атты тайы иеленсе, ІІІ орын Көздіқара ауылының азаматы Әлфараби Мүтидің «Маралқасқа» атты тайына бұйырды. Тай бәйгесінде жүлде алғандарға 150 мың, 100 мың, 50 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.41 (4)

Тай жарысынан соң кезек аламан бәйгеге келді. Көпшілік асыға күткен аламан бәйгеге 11 сәйгүлік қатысты. Шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар 20 шақырым қашықтықты шауып өтті. Бәйгенің қортындысында Саралжын ауылынан келген Жанғазы Исмагуловтың «Граф» атты тұлпары мәрені бірінші болып қиып өтіп І орынды иемденді. Жүлделі ІІ орынды Янайкиннен қатысқан Ерғазы Кенжебековтің «Қарқара» атты сәйгүлігі алса, ІІІ орынға Үшағаш ауылының атбегісі Дәуренбек Жолдығалиевтің «Айқасқа» атты сәйгүлігі табан тіреді. Аламан бәйгесінде жүлде алғандарға 300 мың, 200 мың, 100 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (4)

Арқан тартыспен жалғасқан дала ойындарында мықтылықтарымен көзге түскен Оралдан келген «Арлан» спорт клубының жігіттері І орын иемденіп, жеңімпаз атанса, ІІ орынға ханкөлдік жігіттер тұрақтады. Алмаз ауылының командасын ұтқан Қаратөбе командасы ІІІ орынды иеленді. Арқан тартыста жүлде алған командаларға 200 мың, 150 мың, 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (5)

Көрермендердің делебесін қоздырған ат үстінде аударыспақ ойынында ептілік танытқан қаратөбелік Ершат Ринатұлы І орынды жеңіп алса, ІІ орынға Орал қаласынан келген Арнұр Батыров жайғасып, Сырым ауданынан келген Серікбай Тұрлан ІІІ орынды қанағат тұтты.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (3)

Одан соң гір тасын көтерген білекті жігіттер көпшілік назарын аударды. Қос 24 келілік гір тасын 31 мәрте көтерген бұлдыртылық Абзал Қуанышов жеңімпаз атанды. Гір тасын 30 мәрте көтерген бұлдыртылық Ернұр Фрунзиев ІІ орын иемденсе, Жұлдыз ауылынан келген Телжан Абиев гір тасын 29 мәрте көтеріп ІІІ орынға тұрақтады.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (2)

Қой көтеру жарысына ұласқан дала қызықтары өте қызықты жағдайда өтіп, Алмаз ауылынан келген Рустам Күнтуғанов қойды 70 мәрте көтеріп жеңімпаз атанды.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (1)

Ханкөлдегі дала қызықтарында ерлер арасында 3000 метр қашықтықта жаяу жүгіріс жарысы оздырылды. Жаяу жүгіруге 10 желаяқ қатысып, кім жүйрікті анықтады. Мәреге бірінші келген үшағаштық Гамзат Шабданов І орынды иеленсе, ІІ орынды шалғындық Алишер Нұртаев, ІІІ орынды қаратөбелік Нұрбек Ідір иемденді. Ал, әйелдер арасындағы жаяу жүгіру жарысында І орынды Гүлжайна Тоғаева, ІІ орынды Айшажан Жақсылық, ІІІ орынды Кәусар Аманжол сынды Ханкөл ауылының азаматшалары өзара бөлісті. Жаяу жарысқа қатысқан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар табысталды.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (6)

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған дала қызықтары жаппай көкпармен түйінделді. Тартысты өткен жаппай көкпарға алды Түркістан облысынан, көршілес аудандардан және жергілікті шабандоздар қатысып жарыс көрігін қыздырды. Жаппай көкпарға 500 мың теңге ақшалай сыйлық тігілді. «Беташар», «Өгіз өлді» салымдарын салған шабандоздарға қомақты қаржы тігіліп, сайдың тасындай мықты жігіттер бар өнерлерін ортаға салды.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.56.42 (8)

Мәдени-көпшілік шараға шақырылған қонақтарға киіз үйде демеушілердің көмегімен әзірленген мерекелік дастархан жайылды.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале