13.10.2026, 10:30
Оқылды: 15

«Сілтелмей қалған қылыш сен бол» немесе бір қолтаңбаның тарихы

Ақын Жанғали Набиуллиннің туғанына – 90 жыл

 

А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқып жүрген кезіміз еді.

WhatsApp Image 2026-10-13 at 11.17.19

1977 жылдың соңы, 1978 жылдың басы болса керек, сол кезде облыстық телеарнада редактор болып қызмет ететін жазушы Мұқадес Есламғалиұлы жаңажылдық «Көгілдір шырағдан» бағдарламасына жас талапкер ақындарды шақырып, әдеби кеш ұйымдастырды. Сол кеште кейін Тайпақтың Мұқағалиы атанған Сағат Әбдуғалиев, Рахымжан Отарбаевтармен бірге пединститутта менен бір курс жоғары оқыған Аманкелді Шахин екеуміз де қатыстық. Сонда Сағатты алғаш рет көрдік. Сағаттың өлеңіне сол кешке қатысқан Набиуллин Жанғали аға жоғары баға берді. Кейін қазақтың танымал жазушыларының біріне айналған Рахаң, Рахымжанның да бұрқырата өлең жазып жүрген, әдеби ортаға біршама танылып қалған кезі еді.

Рахымжанның: «Өлеңде көреген болсам,

Қанаттас  қонасың  ба  екен.

Өлмейтін  Төлеген  болсам,

Қыз  Жібек  боласың  ба  екен?!» деген өлең жолдарын студенттер тамсана  айтып  жүретін.

Мен сол кеште сахнаға көтеріліп, «80 солдатқа арналған ескерткіш түбіндегі ой» деген өлеңімді оқыдым. Балауса  жырымда:

«Айбынды  тым  қыран  батыр  тұрысы,

Әлденеге  кектене  ме  бұл  мүсін?

Мұнда,  мұнда  бұғып  жатқан  сыр  бар  ма,

Көтерулі  қалыпты  ғой қылышы»  деген жолдар бар еді.

Әдеби іс-шара аяқталғаннан кейін Жәкеңнің алдына барып, қолтаңба сұрағаным есімде. Ақынның аңғарғыштығы осы болса керек, өлеңімнің төрт аяғы тең түспесе де, сонда дәл осы жолдарға назар аударды. Бәлкім, болашағымнан үміт күтті ме, әйтеуір өлең жазған парағыма: «Ғайсағали! Сілтелмей қалған қылыш сен бол» деп қолын қойып берді. Бұл да жас талапкерді қайраудың, алға жетелеудің бір жолы болса керек. Бәлкім, менің әдебиеттегі жолым сол қолтаңбадан басталған шығар. Аманкелді досым Жанғали ағамен таныстырып, біз жазған өлеңімізді облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет атқаратын ақынға апарып, көрсететін едік.

Белгілі жазушы Қайыр Құрақұлан (Бектұрғанов), қазіргі кездегі Ақ Жайық ақындарының ақсақалы Айтқали Нәріковтен бастап бәріміз де Жәкеңнің шекпенінен шықтық десек, артық айтқандық емес. Жанғали аға бізден ақыл-кеңесін аямай, шыңдады, ақындық жолға жетеледі. «Орал өңірі» газетінің 1979 жылғы 18 тамыз күнгі нөмірінде менің алғашқы екі өлеңім жарық көрді. Соның бірі «Жыр бәйге» болса, екіншісі, бір қызығы, телеарнада оқыған «Сексен солдат ескерткіші» еді.

Облыстық басылымның 1980 жылғы 12 сәуір күнгі нөмірінде «Жолыңа гүл бітсін, талапкер!» деген тақырыппен ақын ақ батасын беріп, топтама  өлеңдерімді  жариялады.

«Оралдың А. Пушкин атындағы педагогикалық институтының студенті Ғайсағали Сейтақовтың өзі де, өлеңі де біздің көз алдымызда өсті. Әсіресе, ол сабырлы жаймашуақ лирикаға шебер. Нақты тақырыпты нақтылап жазуға тырысады. Еліміздің өткен тарихына бүгіннің көзімен қарайды. «Өйткені мен майдангер әкелердің жаралғанмын мұқалмас достығынан» деуі – азаматтық сөз», деп жазып еді Жәкең сонда.

Дәл сол 1980 жылы Жанғали ағаның ақылымен Камен (қазір Тасқала) аудандық «Екпін» газетінің редакциясына қызметке орналастым. Екі жылдан кейін Оралға оралып, «Орал өңірі» газетіне қызметке қабылдандым. Енді Жәкеңмен бірге жұмыс  істей  бастадым.

Партияда жоқ болған соң, қызмет баспалдағымен өсе алмаса да, Жанғали Набиуллин білгір журналистердің бірі еді. Ол кісінің бір ерекшелігі, алдымен тартымды тақырып  тауып алып, мақалаға өзек болар жайттарды содан кейін іздейтін. Алыс аудандарға дейін сапарға шығатын. Өңірдің өзекті мәселелерін көтерген мақалалары республикалық басылымдарда шығып тұрды. Редакцияға келген хаттар да оның қолынан жұтынып шығатын. Айдар тағып, тақырып қоюдың шебері еді. Бірде Орал педагогикалық институтынан әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтан «Өлтірдің-ау, қарағым!» деген хат түсті. Бір студент өзге біреудің өлеңін өзінің атынан жариялап жіберіпті. Сәкең де сөзге шебер, мөлдіретіп жазыпты. Соған риза болған Жанғали аға «Нүкте және көп нүкте» деген айдар қойып, мақаланы бірден газетке жіберді. Айдарды неге солай қойдыңыз? деп менің сонда сұрағаным есімде. Сонда ол «Нүкте сол адамның өлеңдегі жолына нүкте қойылды деген сөз, ал көп нүкте басқаларға сабақ болсын дегенім», деп жауап берді. Жалпы, жалғандыққа жаны қас Жәкеңнің тура сөйлеп, кесіп айтатын мінезі де бар-тын. Міне, Набиуллин Жанғали аға біздің өлеңдегі ғана емес, журналистика жолындағы да ұстазымыз болды. Біз ол кісімен өмір бойы байланысымызды үзбей, көп нәрсе үйрендік.  Көп жайтты жадымызға  тоқыдық.

Биыл Ж. Набиуллиннің туғанына 90 жыл толғалы отыр. Осыған  орай Ақ Жайық өңірінде еске алу іс-шаралары кеңінен өтсе екен  деген тілектемін.

Ақынның жарқын бейнесі жүрегіміздің түкпірінде сақталып, қолтаңбасы қойылған кітаптары үйіміздің төрінде  тұра  бермек.

Өмірінің соңғы жылдарында ауыр дертпен алысса да, қасқайған қалпында  еңсесін  түсірмей  өтті.

Мен осы мақаламды Жәкеңе арналған өлеңдерімнің бірімен түйіндегім келеді.

Өтті  көктем,  өтті  күз,

Сіз  жетпіске  жеттіңіз.

Түстіңіз  бе  сан  сынға,

Іштіңіз  бе  көп  қымыз!?

Қаһарлы  қыс  жақын-ақ,

Сарғайыпты  атырап.

Дірілдеген  саусақтай

Қалтырайды  жапырақ.

Қабағын  да  түйді  күз,

Сізді  қанша  сүйді  қыз!?

Тасаланбай,

Тірліктің

Отына  да  күйдіңіз.

Жырдың  гүлін  үздірген

Бір  сәт  артық  жүз  күннен.

Көзге  ілмейсіз  дертті  де,

Өзгермейсіз  сіз  мүлдем.

Жетпісті  де  желкелеп,

Келгенменен  ентелеп,

Көрген  жоқсыз  бірақ  та

Елге  жөнсіз  еркелеп.

Құлақ  керек  ұлдарға

Сіздің  сөзді  тыңдарға.

Өлем  деуге  болмайды

Өлең  тірі  тұрғанда!

Ғайсағали Сейтақ,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің  иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале