13.10.2026, 12:00
Оқылды: 19

Жасанды зерде дәуіріндегі инженерлік білім беру мәселесі талқыланды

Оралда Ұлттық инженерлік академиясы облыстық филиалының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға математик ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым және халықаралық инженерлік академияларының академигі, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов арнайы қатысып, өңірдің ғылыми қауымдастығымен кездесті.

WhatsApp Image 2026-10-12 at 11.14.19

ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде өткен жиынға білім ордасының және облыстағы өзге де оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты. Басқосуда инженерлік білім беруді дамыту, ғылым жетістіктерін өнді-ріске енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Биыл ҚР Ұлттық инженерлік академиясының құрылғанына – 35 жыл, ал Ұлттық ғылым академиясының негізі қаланғанына 85 жыл толып отыр. Ұлттық академиядан әлемге танымал 350 ғалым түлеп ұшқан. Мерейтой қарсаңындағы кездесуде отандық ғылымның бүгінгі тынысы мен келешек бағдары талқыланды. Академияның ғылыми әлеуеті, инженерлік-технологиялық саланың дамуы  және ғылыми жаңалықтарды нақты өндіріспен ұштастырудың маңызына назар аударылды.

Биыл Мемлекет басшысы «2026 жыл – Цифрландыру және жасанды зерде жылы» деп жариялап, елдің білім беру жүйесін инновациялау және ілкімді модельге көшіруге тапсырма берген болатын. Кездесуде ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің  құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Ақсерік Әйтімов цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану – экономикалық әлеуетті арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың маңызды тетігі. Сонымен қатар ол білім беру үдерісін жаңғырту, жобалық оқыту, тілдік модельдерді әзірлеу, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллектіні қолданудың этикалық мәселелері жөнінде ой бөлісті. Білім ордасының құрылтайшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдану білім беру саласындағы өнімділікті арттыруға жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ университет пен өңірде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларға тоқталды. Соның бірі – осыдан он жыл бұрын университет студенттері әзірлеген дрон.

Оның техникалық мүмкіндіктері мен ұшу барысындағы артықшылықтары таныстырылды. Университет студенттерінің осыдан он жыл бұрын ойлап тапқан дронның 15-20 шақырымнан кейін қайтадан қуатталып, әуеге көтерілетін артықшылықтарын да айтып  өтті.

Бұдан кейін сөз алған академик Бақытжан Жұмағұлов Орал қаласының көркейіп, инфрақұрылымының дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге, білім мен ғылымды дамыту бағытындағы бастамаларға және Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнына тоқталды. Профессор жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен ықтимал қауіптеріне айрықша назар аударды. Оның пікірінше, бұл технологияны бұрынғы техникалық құралдармен салыстыруға болмайды. Өйткені қазіргі жасанды интеллект жүйелері берілген тапсырманы орындаумен шектелмей, оны тереңдетіп, күрделі есептерді шешуге және жаңа тұжырымдар ұсынуға қабілетті.

– Жасанды интеллектінің пайдасы да, қаупі де бар. Қазіргі жасанды интеллект бұрынғы технологиялық құралдарға ұқсамайды. Бұрын біз, математиктер, оған қандай тапсырма берсек, соны орындап беретін. Ал қазіргі жүйелер тапсырманы одан әрі тереңдетіп, жаңа есептерді шешіп, тың жаңалықтар ашуға мүмкіндік беріп отыр. Тіпті есептің шешімін қайта қарап, оны жаңадан құрастыра алатын деңгейге жетті, – деді Бақытжан Жұмағұлов. Осы орайда академик инженерлік білім беру жүйесін заман талабына сай жетілдіру қажеттігін баса айтты. Оның сөзінше, технология қарқынды дамыған кезеңде теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыға, зерттеушілік қабілетке және жаңашыл ойлауға басымдық беру маңызды.

Жиында қазақ ғылымының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың еңбегі де назардан тыс қалмады. Академик Б. Жұмағұлов  оның ұлттық ғылымды дамытудағы рөлін және әлемдік ғылыми ортадағы беделін атап өтті.

Кездесу соңында бірқатар азамат марапатқа ие болды. Бақытжан Жұмағұлов ҚР Оқу-ағарту министрлігінің атынан Лилия Жұмахметоваға «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Ал ғылым мен технология саласындағы елеулі жетістіктері және ғылыми кадрларды даярлауға қосқан үлесі үшін Айнұр Таудаева «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Басқосу ғылыми қауымдастық өкілдерінің пікір алмасуына, өңірдегі білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

Ботакөз Сәбитқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале