15.10.2026, 16:30
Оқылды: 11

Қазақстан Халық Кеңесі Батыс Қазақстан облысының қоғам өкілдерімен кездесті

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестер мен жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Жиында мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту, жастарды қолдау және азаматтық бірлікті нығайту мәселелері басты назарға алынды.

4b5b44fc-7056-46fe-96fd-df13120f245d

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Кеңес жұмысын алғашқы күннен бастап ашық диалог, өзара сенім және бірлесіп шешім іздеу қағидаттарының негізінде құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформалардың маңызды бөлігіне айналғанына, сондай-ақ оның азаматтардың ел өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталғанына назар аударды.

«Мемлекет басшысы алдымызға әрбір азаматтың үні естілетін, ал қоғамдық бастамалар шешім қабылдау үдерісіне ықпал ете алатын мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының тиімді тетігін құру міндетін қойды. Халық Кеңесі елдегі өзекті мәселелерді ашық талқылауға, азаматтардың ұсыныстарын қарауға және нақты шешімдер әзірлеуге арналған алаңға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – осы тәсілді іс жүзіндегі жұмысқа айналдыру, өңірлермен тұрақты кері байланыс орнату, қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіру және халықты толғандыратын мәселелерді нәтижелі шешуді қамтамасыз ету», - деді Ерлан Қошанов.

bec3fc78-84e3-46c8-946a-a81999550a28

Халық Кеңесінің Төрағасы жаңа институттың ерекше конституциялық мәртебесі мен заң шығару бастамасы құқығы бар екенін, бұл оған үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Кеңес жұмысы үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған: этносаралық қатынастар, азаматтық қоғам және өңірлер. Сонымен қатар Халық Кеңесінің қызметі оның комитеттері мен 126 мүшесінің жұмысымен ғана шектелмейді.

«Әрқайсыңыздың артыңызда азаматтар, еңбек ұжымдары, кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер тұр. Сондықтан біз жұмысымызға қатысуға, шешімдер ұсынуға және қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға дайын барша адаммен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз», – деді ол.

3352444a-2ac9-4b4b-bdda-aa319f8f20d8

Кеңестің басым бағыттарының бірі этносаралық келісімді нығайту және қоғамдық бастамаларды дамыту болмақ. Ерлан Қошанов этномәдени бірлестіктердің жинақтаған тәжірибесін сақтаудың, сондай-ақ Достық үйлерінің, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің, жастар бірлестіктері мен медиаторлардың жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Халық Кеңесі осы институттардың күш-жігерін біріктіріп, олардың қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.

Өңірлермен жүйелі жұмыс жүргізуге де ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді жалпыұлттық деңгейде көтеруге мүмкіндік алды. Бұл ретте ұсыныстар жинаумен ғана шектелмей, оларды қарау мен іске асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру аса маңызды.

Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамында шамамен 3,5 мың адам бар. Ерлан Қошановтың айтуынша, бұл – әлеуетін толық пайдалану қажет елеулі қоғамдық ресурс.

0fbf14c7-6194-4dea-b705-89f6925b6d87

Халық Кеңесі Төрағасының сөзінше, өз қалалары мен ауылдарының мәселелерін өңір тұрғындарының өздері жақсы біледі. Көп жағдайда ең тиімді шешімдер дәл жергілікті жерлерде туындайды. Сондықтан Кеңестің міндеті – осы тәжірибені бір облыстың шеңберінде қалдырмай, үздік бастамаларды бүкіл елге ортақ игілікке айналдыру.

Өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін өңірлер арасында табысты тәжірибелер алмасуды дамыту, ортақ мәселелерді шешудің жүйелі тәсілін қалыптастыру және кері байланыстың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл тәсіл өңірлік қоғамдық институттар мен Халық Кеңесі арасындағы тұрақты байланысты жолға қоюға, сондай-ақ назар аударуды және бірлескен шешімдерді қажет ететін мәселелердің жүйелі картасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесуде жастарды қолдау және олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту мәселесіне де баса назар аударылды. Өзекті бағыттар қатарында сапалы білімге қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеттері аталды. Бұл мәселелер өңірлердегі жастар үшін айрықша маңызды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімді құралы ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада жүзеге асырылып жатқан
JOLTAP жобасы атап өтілді. Жоба жұмыс істей бастағаннан бері 22 мың адам кәсіби дағдыларды меңгерген. Қатысушылардың әрбір он адамның алтауы тұрақты жұмысқа орналасса, тағы екі мыңға жуық адам өз ісін ашқан.

Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы осы тәжірибені еліміздің барлық өңіріне таратуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта жобаны одан әрі кеңейту, кәсіби оқыту, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін арттыру мәселелері пысықталуда.

Тағы бір басым бағыт – үкіметтік емес сектормен мазмұнды өзара іс-қимылды дамыту. Елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешуге және азаматтарды қолдауға елеулі үлес қосып келеді. Сонымен бірге Халық Кеңесінің Төрағасы азаматтық сектордың қазіргі жағдайына объективті баға беріп, қолданыстағы кедергілерді анықтау және практикалық шешімдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін Халық Кеңесінің бейінді комитеттері мен сарапшылық топтарының жұмысына қатысуға шақырды. Бұл ретте халықпен тікелей жұмыс істейтін және жергілікті қауымдастықтардың қажеттіліктерін жақсы білетін өңірлік ұйымдардың тәжірибесіне ерекше мән беріледі.

Кездесу барысында әдебиетті қолдау, кітап оқу мәдениетін дамыту және мәдени мұраны сақтау мәселелері де талқыланды. Өңірдегі қоғам өкілдері Данильбек Саратов, Алима Дүйсмағамбетова, Сергей Быков және Әділет Орынбасаров этномәдени және патриоттық бастамаларды жалғастыру, «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында балаларды кітап оқуға баулу, этносаралық келісімді нығайту, сондай-ақ жас авторларды қолдау мен әдеби жобаларды дамыту мәселелерін көтерді.

Кездесу қорытындысында Халық Кеңесінің Төрағасы қоғамдық кеңестердің, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қауымдастықтарының күш-жігерін біріктіру ортақ міндеттерді неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Басқосудың нәтижесінде қатысушылар Халық Кеңесінің тұрақты комитеттері аясындағы ынтымақтастықты дамыту, қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды жетілдіру және өңірлік бастамаларды іске асыру жөнінде ұсыныстарын білдірді. Мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Олардың басты мақсаты – халықпен үнемі кері байланысты қамтамасыз ету, қоғамдық институттардың әлеуетін біріктіру және өңір тұрғындарын толғандыратын мәселелерді іс жүзінде шешуге ықпал ету.

 

Қазақстан Халық кеңесінің баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале