17.10.2026, 9:00
Оқылды: 7

​Қазталов ауданында қазақтың тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіханұлына арналған дөңгелек үстел өтті

Қазталов ауданына қарасты Қарасу ауылдық округіндегі Жұлдыз ауылында орналасқан Ахмедияр Құсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Ишанғали Меңдіханұлы: тарих төрінде» атты дөңгелек үстел оздырылды. 

image-17-10-26-12-33-3

Құрметті қонақтар мен аудан көлеміндегі тарих жанашырлары бас қосқан айтулы шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, Батыс Қазақстан облыстық тарих-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов қатысты. Олар дөңгелек үстел тақырыбына қатысты тың деректермен бөлісіп, Батыс Қазақстан облыстық тарих-өлкетану музейінің тікелей қолдауымен жарыққа шыққан Ишанғали Меңдіханұлы туралы кітапты көпшілік қауымға таныстырды.

Қазақ тарихының тереңіне үңілген сайын елдің рухани дамуына сүбелі үлес қосып, алайда бүгінгі таңда есімдері көпшілікке кеңінен таныла қоймаған талай тұлғаның өмір жолына кезігетініміз ащы да болса шындық. Солардың бірі – қазақтың тұңғыш драматургі, ағартушы, қоғам қайраткері Ишанғали Меңдіханұлы екенін бүгінгі дөңгелек үстел дәлелдеп отыр.

image-17-10-26-12-33-1

Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен қызметін зерделеген басқосудың негізгі мақсаты – тарихи тұлғаның өмір жолын танып-білу, оның әдеби және қоғамдық мұрасын талқылау, тарихи деректерді жинақтау және есімін кейінгі ұрпаққа насихаттау.

Ишанғали Меңдіханұлы 1872 жылы Бөкей ордасының Қалмақ қисымындағы №7 старшындықта дүниеге келген. Оның өмір жолы мен қоғамдық қызметі сол дәуірдегі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігімен, ел басқару ісімен және ағартушылық бағытпен тығыз сабақтасқан. Тарихи тұлғаның өмірін тану үшін оның өмір сүрген кезеңін, атқарған қызметін және әдеби мұрасын өзара байланыстыра қарастырған Батыс Қазақстан облыстық тарих-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиболлаұлы өз баяндамасында кеңінен қамтып өтті.

Ишанғали Меңдіханұлы — қазақтың алғашқы драматургі. Оның шығармашылық мұрасын зерттеу қазақ драматургиясының қалыптасу жолын тереңірек түсінуге ықпал етеді. Ол жөнінде басқосуда журналист, тарихшы, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы жақсы талдау жасады.

image-17-10-26-12-33

Ишанғали Меңдіханұлы туралы пікір алмасып, құнды ойларымен бөліскен шара қонақтары сол күні қоғам қайраткерінің кейіннен табылған бейіт басына барып, зиярат жасап, арнайы Құран бағыштады.

 

Қыдыр Харесұлы, 

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале