ҚР Еңбек министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда тұрмысы түзеліп, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатын екі жүзден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алудан өз еркімен бас тартты.

Фото: enbekgovkz
Бұған дейін Отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасыларға SMS-хабарлама жіберіліп, төлемнен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі түсіндірілген болатын. Азаматтар бұл көмектен мүлде бас тартпайды, тек өздеріне тиесілі бұл қаржының шын мұқтаж жандарға бағытталуын қалайды. Өз еркімен бас тартқандардың тиісті төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылады.
Мұндай саналы шешім қабылдағандардың қатарында кәсіпкерлер мен көпбалалы ата-аналар да бар.
Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова бизнесі дамып, отбасын өз күшімен асырай алатындықтан, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан саналы түрде бас тартқанын жеткізді.
Ведомство бұл шешімді қабылдау ерікті екенін және заңда көзделген жәрдемақыны алуды жалғастырған азаматтардың құқығы өзгеріссіз қалатынын еске салады.