Қазталов ауданы Нұрсай ауылындағы Тереңкөл мектеп-бөбекжай кешенінде Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Нүптіғали Сейтжановтың есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды.

Шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әзілхан Қайырханов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, ардагердің ұлы Гаммат Сейтжанов және аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бисебай Төлепов бастаған қонақтар, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі мен полиция полковнигі жас ұрпақ тәрбиесіндегі патриоттық бастамалардың маңызын атап өтіп, оқушыларға ізгі тілектерін жеткізді. Одан кейін аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мейрамбек Құспанов пен орынбасары Арген Қойшыбаевтың жетекшілігімен оқушылар салтанатты түрде ант беріп, жаңа сыныптың туы табысталды. Шара соңында қатысушылар «Атамекен» әнін шырқап, Әзілхан Қайырханов пен Гаммат Сейтжанов арнайы кабинеттің лентасын қию рәсіміне қатысты.




Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы