Бүгін «Атамекен» өнер ордасында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойы аясында Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрінің «СИМФОНИЧЕСКИЕ ШЕДЕВРЫ» атты классикалық музыка кеші өтті.

Әлемдік музыка өнерінің алтын қорынан орын алған мәңгілік туындылар көрерменді әуен мен сезімнің, сыр мен сұлулықтың ғажайып әлеміне жетеледі. Еркеғали Рахмадиевтің «Дайрабай» күйінен бастау алған музыкалық кеште Пётр Чайковскийдің фортепиано мен оркестрге арналған №1 концерті және Людвиг ван Бетховеннің әйгілі №5 симфониясы орындалып, сахна төрінде ұлы композиторлар мұрасы қайта жаңғырды.

Кештің көркін әлемдік деңгейдегі өнерімен өрнектеген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, әлемге танымал пианист Жәния Әубәкірова Чайковскийдің күрделі де көркем шығармасын асқан шеберлікпен орындап, көрерменге ерекше музыкалық әсер сыйлады. Ал оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Никита Говоровтың дирижерлік қолтаңбасы әр шығарманың болмысын ашып, сан алуан аспаптың үнін бір арнаға тоғыстырды.

Айрықша атап өтер жайт, бүгінгі концерт оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Никита Говоровтың 40 жас мерейтойымен тұспа-тұс келді. Өнерге адалдық пен кәсіби ізденісті серік еткен маэстроның мерейтойлық кеші классикалық музыканың асқақ рухымен астасып, мазмұнды өнер мерекесіне айналды. Жәния Яхияқызы қазақы дәстүрмен Никита Говоровтың иығына шапан жауып, сәттілік тіледі.

Музыка – уақыт шекарасын бағындырып, ұрпақтар жүрегін жалғайтын мәңгілік тіл. Ал бүгінгі кеш сол тілдің құдіретін тағы бір мәрте сезіндіріп, классикалық өнердің шынайы сұлулығын көрермен жүрегіне жеткізді.
