Заманауи технология зертханалық сынақтардың дәлдігін арттырып, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау үдерісін ашық әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Сапалы жол – қауіпсіз қозғалыс пен сенімді инфрақұрылымның негізі. Ал оның беріктігі мен ұзақ мерзімді қызмет етуі құрылысқа қолданылатын материалдардың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жол-құрылыс материалдарын зерттеу, сынақ нәтижелерінің нақтылығын қамтамасыз ету және бақылау үдерісін жетілдіру айрықша маңызға ие. Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-да KazRoadLab цифрлық ақпараттық жүйесі қолданылады.

KazRoadLab жол инженерлері мен сынақ зертханаларының жұмысын бір ортаға біріктіріп, сынама алынған сәттен бастап зерттеу нәтижелері дайын болғанға дейінгі барлық кезеңді электрондық форматта тіркеуге мүмкіндік береді.
Нысанда инженер планшет арқылы материал туралы ақпаратты енгізіп, сынама алынған орынды белгілейді және фотосуреттерді тіркейді. Әрбір сынамаға жеке QR-код беріледі. Оның көмегімен үлгінің зерттеу тарихын бақылауға болады. Бұл деректердің сақталуын қамтамасыз етіп, қағаз құжат айналымын қысқартады.
Жүйенің маңызды ерекшеліктерінің бірі – зертханалық сынақтардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық шектеу. Зертхана қызметкерлері сынаманың қай жолдан алынғанын, сондай-ақ мердігер мен тапсырыс берушінің кім екенін көрмейді. Мұндай тәсіл зерттеу нәтижелеріне сыртқы ықпал ету тәуекелін азайтып, бағалаудың объективтілігін арттыруға ықпал етеді.
KazRoadLab сынақ жабдықтарынан алынған деректерді тікелей қабылдап, белгіленген әдістемелер бойынша есептеулер жүргізеді және нәтижелерді сынақ хаттамасына енгізеді. Бұл көрсеткіштерді қолмен көшіру мен есептеу кезінде туындауы мүмкін қателерді азайтады. Сонымен қатар өлшеу құралдарының көрсеткіштері камералар арқылы тіркеліп, фотосуреттер жүйеде сақталады. Қажет болған жағдайда оларды қайта қарап, сынақ нәтижелерін тексеруге болады.
Жүйе тапсырыс берушілер мен мердігерлерге де қолайлы. Олар өз нысандарына қатысты сынақ нәтижелерімен және ескертулермен танысып, құжаттарды тіркей алады әрі жауап жолдайды.
Нәтижесінде ақпарат алмасу жеңілдеп, бақылау үдерісінің ашықтығы артады.
KazRoadLab Орталықта 2019 жылдан бері қолданылып келеді. Ал 2024 жылы жүйенің жұмысын жеделдету және функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ол жаңа технологиялық платформаға көшірілді.
Бүгінде KazRoadLab жол-құрылыс материалдарының сапасын жүйелі бақылауға, зертханалық деректерді бір жерде сақтауға және мамандар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұл – жол инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етуге бағытталған цифрландырудың нақты қадамдарының бірі.
Өйткені сапалы жол салу тек құрылыс жұмыстарын орындаумен шектелмейді. Ол әрбір материалдың талапқа сәйкестігін тексеруден, сынақ нәтижелерінің дәлдігінен және бақылаудың ашықтығынан басталады.
ЖАСҰО РМК баспасөз қызметі