20.10.2026, 17:45
Оқылды: 10

Ғазиз ғұмырдың жарқын белесі

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдиннің 90 жас мерейтойына арналған «Тұғырлы ғұмыр» атты кездесу өтті.

мүлкай, фото мәрзия зейін

Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және зиялы қауым, студенттер мен кеш кейіпкерімен үзеңгілес болған әріптестері, туыстары қатысты. Алдымен бейнероликтен торқалы тоқсан жастың иесі  туралы мағлұмат ұсынылды.

Ғазиз Усағалиұлы 1936 жылдың 13 қазанында сол кездегі Орда ауданындағы Талап ауылында өмірге келді. Орта мектеп бітіргеннен кейін Чапаев ауданының Коммунизм ұжымшарында қатардағы жұмысшы, тың көтерген 1955-1956 жылдары сменші тракторист, көмекші комбайншы (штурвальщик) болып жұмыс істеп, еңбек майданына етене араласып кетті. Балалық дәуреніне зұлмат соғыстың әсері тиген ұрпақтардың қатарынан еді.
Тыл даласында қанаты қатайып, бұғанасы бекіген жасөспірім еңбек майданында шыңдалып, ер жетті.

1957 жылы Саратов мал дәрігерлік зоотехникалық институтына оқуға түсіп, 1962 жылы зоотехник мамандығын игерді. Осылайша Тайпақ ауданына аттанып, аталмыш ауданда, дәлірек айтсақ, Есенсай кеңшарында бірқатар жауапты қызмет атқарды.

Одан кейінгі жылдарда облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болды. Ұзақ жылғы нәтижелі еңбегінің арқасында зейнеткерлікке шықты. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «Құрмет белгісі» ордендері осы еңбек жылдарының жемісі.

Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мерейтой иесіне өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтаухатын табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ Ғазиз Усағалиұлының өмірлік серігі Ақкенже апаға да камзол кигізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Одан кейін Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жұбан елінің атынан мерейтой иесіне тұлпар тарту етті.

Іс-шарада тоқсанның табалдырығын аттаған тұлғаға да сөз беріліп, өнегелі әңгімесін жұрт сүйсіне тыңдады. Ғазиз Хаймулдин Есенсай кеңшарының директоры болған жылдарда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған  екен.

– Бүкілодақтық механизаторлар (жер жыртушылар) жарысы ұйымдастырылған еді. Сол жылдары Есенсай кеңшарында техника тілін жете меңгерген 12 қыз-келіншек бар-тұғын. Сайысқа осы бұрымдылардың бірі Райхан Мамаеваны жолдадым. Бұған дейін басқа кеңшарларда трактор жүргізетін нәзікжандар болған. Бірақ олардың саны бес-алтаудан аспайтын. Райхан Мамаева бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанып, сол кездегі КСРО ауыл шаруашылығы министрлігінің өкімімен трактор берілді. Беларуссияның Минск қаласында жасалған жаңа трактордың маңдайшасында бүкілодақтық механизаторлар жарысының жеңімпазына деген жазу болды. Бұл тынымсыз тіршілікке мойымай, маңдай терін төгіп, дала төсінде еңбек майданының алдыңғы шебінде болған барша қазақ азаматының ортақ жеңісі еді.

1969 жылы Есенсайдан 250-300 шақырым қашықта жатқан Чесноков ауылына (қазіргі Алмалы) 1600 бас ірі қараны айдап барып, қыстаттық. Қытымыр қыстың сарышұнақ аязынан мал басы аман шығып, нәтижелі төл берді. Менің бір ауыз сөзімді екі етпей, Есенсайдан шалғай жатқан елді мекенге батылдықпен аттанған малшылар кеңшардың мерейін үстем етті.

Үкімет жүктеген жоспарлы тапсырмаларды орындау – басшының міндеті. Ал сол жетістіктің артында қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен қажырлы қызметі жатыр. Мен мұны әрдайым айтып жүремін. Осындай биік дәрежеге жетуіме халықтың, қарамағымдағы жұмысшылардың қосқан үлесі мол болды, – деді мерейтой иесі.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген кеш иесімен таныстығы шамамен жарты ғасыр бұрын басталғанын айтты. Ол ақжарма тілегіне қоса, Ғазиз Усағалиұлының жемісті еңбегін, соның ішінде Тайпақ топырағына көгілдір отынның жетуіне ықпал еткенін еске түсірді. Әңгімесін түйіндей келе, кейіпкердің кеудесіне «Батыс Қазақстан облысының құрметті  ардагері» медалін тақты.

Ақжайық ауданы ардагерлерінің Оралдағы бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынаев құттықтаухат табыс етті. Еңбек ардагері Әленғали Кереев 1968 жылы Ғазиз Усағалиұлымен танысқанын сөзіне өзек етіп, оның кісілік қасиеті туралы пікір білдірді. «Ғазиз ағай басшылық қызметте болғанда жастарды жанына жақын тартты. Ең бірінші малшы-шопандар бригадасын құрып, шаруашылық жұмысын жандандырды. Технология мен ғылымды енгізу жөнінде бастамалар көтерді. 1981 жылы ағайдың «Жарқын белес» атты кітабы шықты. Бұл кітапта Тайпақ түлеткен озат малшы-шопандардың есімсойлары мен елеулі еңбегі қатталған. Содан кейін де Ғазиз ағай өнегелі өмірінен сыр шертетін бірнеше кітап жазып қалдырды. Бүгін, міне, тоқсанның төріне шығып отырсыз. Ортамызда ақылшы болып, әркез осылай жадырап жүре беріңіз», – деп Ә. Кереев өзінің «Әзұям – менің Тайпағым» кітабын кеш иесіне сыйлады.

Іс-шара соңында арнайылап келген қонақтар да Ғазиз Хаймулдинді құттықтады. ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Омар Хибашев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ахметова кешті әуезді әндермен  көркемдеді.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале