21.10.2026, 14:45
Оқылды: 19

Бөрлі ауданы әкімі облыс орталығында тұратын бөрлілік ардагерлермен жүздесті

Бүгін Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов қайырымдылық айлығы аясында облыс орталығы – Орал қаласында тұратын бөрлілік ардагер ақсақалдар мен ел ағаларына арнап дастархан жайды.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.49 (1)

Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан игі дәстүрдің мақсаты – бір кездері Бөрлі топырағында туып-өсіп, ауданның өркендеуіне елеулі үлес қосқан, түрлі салада басшылық қызметтер атқарған ардақты жандарға құрмет көрсету, олардың өнегелі өмір жолын ұлықтау.
Бұл күнгі кездесу жай ғана басқосу емес, жүректерді туған жерге деген сағынышпен жалғаған, өткенді еске алып, бүгінгі күннің жетістіктеріне бірге қуанған ерекше жүздесу болды. Бірін-бірі көрген ардагерлер құшақ жая амандасып, шүйіркелесе әңгімелесті. Дастарханға қазақы дәстүрмен бас тартылып, үлкенге құрметтің, ақсақалға ізеттің жарасымды үлгісі көрсетілді. Қазыналы қарттар төрден орын алып, ақ тілектерін арнап, баталарын берді.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ел ағаларына деген құрметтің мәніне тоқталып, олардың аудан тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Қазақта «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз бар. Сіздер – Бөрлі ауданының шежіресін кеудесіне сақтаған, талай белесті бірге өткерген, кейінгі ұрпаққа өнеге болған ардақты жандарсыздар. Қай салада еңбек етсеңіздер де, елдің игілігі үшін тер төгіп, ауданның бүгінгі келбетінің қалыптасуына үлес қостыңыздар. Сіздер салған сара жолды жалғап, аманатқа адал болуға тырысып келеміз. Ауданның дамуы жолындағы әрбір қадамымызда сіздердің еңбектеріңізді үлгі тұтамыз. Үлкендердің батасы – біз үшін рухани тірек, ал сіздердің ақ тілектеріңіз бен сенімдеріңіз – алға ұмтылуға күш беретін ерекше қуат. Қай жерде жүрсеңіздер де, туған жермен байланыстарыңыз үзілмесін. Есігіміз де, төріміз де сіздерге әрдайым ашық. Ең бастысы, амандықта жүздесіп, жақсы күндерде бас қоса берейік, – деді аудан басшысы.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.49
Жылы лебіз білдірген Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов Бөрлі ауданының бұл дәстүріне ерекше тоқталды.
– Басқа аудандарда да ардагерлермен кездесулер өтеді. Бірақ Бөрлі ауданының жыл сайын осылай тұрақты түрде бас қосып, үлкендерге құрмет көрсетіп келе жатқаны көңіл қуантады. Әр ауданның өзіне тән ұстанымы, кездесуді ұйымдастыру мәдениеті бар. Ал Бөрлі ауданының бұл бағыттағы дәстүрі ерекше. Айналайын, осындай сыйластықтарың үзілмесін! – деп ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында Бөрлі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Кульманов аудан әкіміне алғыс хат табыстап, ардагерлерге деген ықыласы мен ұрпақ сабақтастығын жалғауға бағытталған игі ісіне ризашылығын жеткізді.
Бөрлі ауданының құрметті азаматы Асқар Ақышев те туған жерге деген сағынышын жеткізіп, ауданның бүгінгі жетістіктеріне қуанышты екенін айтты. Кезінде Қарақұдық пен Успен мектептерінде ұстаздық етіп, мектеп басшысы болған азаматтың өмір жолы Бөрлі өңірімен біте қайнасқан.
– Елден кеткенімізге қырық жылдан астам уақыт өтсе де, туған жер жүрегімізден ешқашан алыстаған емес. Бөрлі – біздің балалық шағымыз бен еңбек жолымыздың куәсі. Қазір ауданның өркендеп, көркейіп келе жатқанын көріп, көңіліміз марқаяды. Туған жердің жетістігі – алыста жүрген біз үшін де үлкен қуаныш, – деді ол.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.46
Банк саласының ардагері Дәметкен Рахымғалиева да сөз алып, аудан басшылығының жыл сайын ардагерлерді назардан тыс қалдырмай, арнайы келіп жүздесіп тұратынына ризашылығын білдірді.
– Бізді жыл сайын ұмытпай, облыс орталығында басымызды қосып, жағдайымызды сұрап, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға шын жүректен алғыс айтамыз. Осындай ықыласты басқа жерден кездестіре бермейміз. Туған жерден алыста жүрсек те, Бөрліден жеткен әрбір хабарға қуанып отырамыз. Ауданның дамуы мен елдің амандығын есту – біз үшін үлкен бақыт, – деді ол.
Жиында сөз алған ардагерлер аудан экономикасының дамуына, елді мекендердің көркеюіне, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарға тоқталып, туған өлкенің бүгінгі жетістіктеріне ризашылықтарын білдірді. Кезінде өздері еңбек еткен өңірдің өсіп-өркендеп, жаңа белестерді бағындырып келе жатқанын көру олардың көңіліне қуаныш ұялатты.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – ағарту ісінің үздігі Гауһар Қазиеваның ақ батасы болды. Ақ жаулықты ана аудан басшысына жүрекжарды тілегін арнап, оның амандығын өзі тілейтін дұғасына қосатынын жеткізді. Ананың ақ тілегі мен шынайы ықыласы жиынның мәнін тереңдете түсті. Бұл – елге қызмет етіп жүрген азаматқа үлкендердің берген рухани демеуі, ақ батаның қадірін танытқан сәт еді.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.47
Ақ дастархан басындағы жүздесуді аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, естеліктер айтылып, елге деген сағыныш пен құрмет бір арнаға тоғысты.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.45
Кездесу соңында ардагерлерге сый-сияпат табысталып, ауданның тыныс-тіршілігінен хабар беретін, жергілікті жұртшылықтың үніне айналған аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести»  газетінің жаңа саны да тарту етілді. Бұл – туған жердің жаңалығын алыста жүрген ағаларға жеткізіп, ауданмен рухани байланысты үзбеудің тағы бір көрінісі. Кездесу соңында ардагерлер естелік суретке түсті.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.44 (1)
Бөрлі ауданының ардагерлерге деген бұл ықыласы – бір күндік құрметпен шектелмейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ізгі дәстүрдің айғағы. Өйткені туған жердің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарды ұмытпау, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізу – елдіктің белгісі. Ал ақсақалдың батасын алып, ақ жаулықты ананың алғысына бөлену – кез келген игі істің берекесін арттыратын асыл құндылық.

WhatsApp Image 2026-10-21 at 15.26.44

Бөрлі мен бөрліліктерді байланыстыратын алтын арқау да – осы құрмет пен ізеттің, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің сабақтастығы.

Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале