Республика күніне орай Шыңғырлау ауданында 2013-2020 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында еркін күрестен ауданның ашық чемпионаты ұйымдастырылды.

Жас балуандардың басын қосқан дүбірлі дода өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, еркін күреске деген қызығушылықты арттыруға және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталды.
Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мұндай спорттық шаралардың балалардың физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, олардың бойында табандылық, батылдық пен жеңіске деген жігерді қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Байрақты бәсекеге Жаңақала, Бөрлі, Ақжайық, Сырым аудандарынан, Бударин ауылынан, Орал қаласынан және «Жекпе-жек» спорт клубынан келген жас палуандар, сондай-ақ Шыңғырлау ауданының спортшылары қатысты. Барлығы 14 команданың өкілдері бозкілемде өзара мықтыны анықтап, шеберліктерін ортаға салды.

Екі күнге созылған чемпионат барысында боз кілемдегі белдесулер тартысты өтті. Жас спортшылар жеңіс үшін бар күш-жігерін жұмсап, көрерменге қызықты сәттер сыйлады.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен палуандар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларды аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев марапаттап, жас спортшыларға алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.

Сара Шакрат,
Шыңғырлау ауданы