19.05.2017, 9:09
Оқылды: 51

Қазталовта Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған шаралар өтті

Өнер иесінің 100 жылдығына арналған шаралар  қаңтар айында басталған болатын. Сол шаралардың қорытындысы ретінде 18 мамыр күні мерейтой иесіне арналған ауқымды мәдени шара өтті.


Аудандық мәдениет үйінің алдына орнатылған Хадиша Бөкееваның мүсінінің ашылу салтанатында ҚР-ның халық әртісі, актер Құман Тастанбеков: -Бүгін туған елі қазақ мәдениетіне, соның ішінде театр-киноға өзіндік із қалдырған өнер саңлағына құрмет көрсетуде. Мәңгілік қазақ елінің әлемде танылуында оның мәдениеті зор рөл атқаратынын ескерсек, осындай тұлғалардың қалдырып кеткен өнері бізге мұра болып қалады. Сондықтан да осындай игі істер әрқашан да жалғасын таба берсін, -деген тілектерін жеткізді.

Хадиша Бөкееваның мүсінін ашу құрметі жазушы Сара Ләтиева және облыстық мәдениет, мұрағаттар, құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновқа беріліп, гүл шоқтары қойылды.

Тойға жиналған көпшілік Хадиша Бөкееваның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысып, «Өзгелерді дарынымен тамсандырған» деректі фильмді тамашалады.

Жұртшылық алдында театр саңлағы туралы аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр мерейтойға байланысты атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаса, ардагерлер Жайсаң Ақбай, Мұлхайдар Әміреев және өнер тарландары Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, жазушы Сара Ләтиева естеліктер айтты.

- Ол өнерді сүйген адам болды. Онымен әңгімелесе қалғанда, өнерінен гөрі өмірі туралы көбірек айтатын. Оның себебі - өнері халық алдында, ал жеке өмірі туралы былайғы жұртшылық біле-бермейді ғой. Мен кітабымда апамыздың жеке өміріне көбірек тоқталдым. Мен бүгін талай таланттарды, батырларды дүниеге әкелген Қазталов еліне басымды иемін. Сондай-ақ облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның есімінің берілуі Ақжайық жұртының өнерді бағалағаны деп түсінемін,-дейді "Алаш" сыйлығының иегері, жазушы Сара Ләтиева.

Хадиша Бөкеева жастайынан жетім қалып, Қызылорда қаласындағы балалар  үйінде  тәрбиеленген. Ленинград қаласындағы өнер институтына жіберілген бір топ  қазақ  жастарының  арасында уыздай жас Хадиша да бар еді.  Білімге талпынған жас театр саңлақтары М.Мейерхольд пен В.Меркурьевтің ұстанахасында шыңдалып,  сахна өнерінің қыр-сырына қанықты. Оқуын аяқтаған Хадиша Шымкент облыстық қазақ драма театрына жұмысқа алынды. Алғашқы  жұмысы Шиллердің "Махаббат пен зұлымдық", Алексей  Островскийдің "Кешіккен махаббат" пьесаларындағы  Луиза мен Людмила бейнесі болған. Хадиша Бөкеева Мұхатар Әуезовтің  "Қара қыпшақ Қобыландысында"   -  Қарлыға, "Абайда" - Бастаушы, Ғабит Мүсіреповтің "Ақан Сері Ақтоқтысында"  - Ақтоқты, Әлжаппар Әбішовтің  "Достық пен махаббатында" – Сәуле, Қалтай Мұханбеджанов пен  Шыңғыс Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" - Айша апай, ал әлемдік драматургия классиктер Ло де Вега, Шиллер, Мольер, Метерлинк шығармаларындағы кейіпкерлердің ішкі сезімін терең ашып көрсете білді.

Қазталовтағы мәдени шаралар кешкісін «Достық» саябағында жалғасып, мерекелік отшашуға ұласты.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,

Қайрат ЖАҚЫП

Қазталов ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале