Қошанкөл ауылындағы Ғ.Бегалиев атындағы орта мектеп – Қазталов ауданындағы іргелі білім ошақтарының бірі. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өмірге жолдама берген мектептің қазіргі ғимараты 1983 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері бұл нысан күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген.
Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 168 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мұнда «БатысСтройСервис» ЖШС-нің жұмысшылары тынымсыз еңбек етуде. Ғимараттың қабырғаларын қырып, шатырын ауысыру жұмыстары басталып кетті. Барлық оқу бөлмелері, асхана, спорт зал жаңартылатын болады.
Мектеп ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ғимаратты уақытылы пайдалануға беру үшін жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылуда.
Демек қошанкөлдік оқушылар жаңа оқу жылын жаңаланған білім ордасында жалғастыратын болады.
Мөлдір ӘНУАРБЕК
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz