БҚО белсенді жастары "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің жастары мен балаларына және ораза тұтып жүрген қала тұрғындарына ауызашар ұйымдастырды. Аталған шара жексенбі күні "Салт-дәстүрім – асыл қазынам!" мерекелік шарасымен жалғасты.
БҚО жастар ресурстық орталығы мен облыстық мешіт ұжымының бастамасымен, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараның негізгі мақсаты - жастарға ата-баба дәстүрін, дәстүрлі ислам дінін насихаттау, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу.
Шарада талантты жастар өнерлерін ортаға салып, "мен мықтымын" дегендер қазақша күрестен, қол күрестен, гір көтеруден, арқан тартыс, асық ату және тоғызқұмалақтан, яғни қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарысқа түсті. Қазақтың салт-дәстүрлеріне жүйрікпін дегендер ұйымдастырушылар атынан берілген ұлттық нақыштағы сыйлықтар үшін қызу тартысқа түсіп, білімдерін ортаға салды. Жастардың білмегенін үлкендер демеп, ұрпақ сабақтастығы көрініс тапты.
Тәрбие мен мән-мағынаға толы шара жоғары дәрежеде өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, көрермендер риза көңілмен тарқасты.
Д.Жароева
БҚО жастар ресурстық орталығы