29.06.2017, 17:50
Оқылды: 65

Өңіріміздегі мәдениет саласы қарқынды дамуда

Madeniet salasi   ҚР Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ағымдағы жылдың алғашқы жартысында атқарған жұмыстары жөнінде баспасөз отырысы өтті.

   Жиынға аталған басқарма басшысы Дәулеткерей Құсайынов қатысып, мәдениет және өнер ұйымдарының мекеме басшыларының және журналистердің алдында есеп берді.


   –Мәдениетіміздің даму қарқыны серпін алып келеді. Мәселен материалдық-техникалық базаны нығайтуға және алыс-жақын өнер сапарларына бөлінетін қаржының көлемі биылғы алты айдың ішінде 682 млн. теңгеге ұлғайды. Облысымыздың 738 мәдениет және өнер ұйымдарында барлығы 5091 қызметкер халыққа еңбек етуде. Былтыр 10 мәдениет мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, 19-на қарапайым жөндеу жүргізілген болатын. Облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрына автокөліктер алып, ЛЭД-экранын орналастыруға және жаңа спектакльдер қоюға 38 млн. теңге бөлінді. Ал 160 жылдық маусымына бет бұрған А.Островский атындағы драма театрының  шатырын  күрделі  жөндеуден өткізуге 23,8 млн. теңге, басқа да жөндеу жұмыстарына 9,9 млн. теңге бөлінді. Қос театр «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысып, көрермен назарына қойылымдар ұсынбақ. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханаға 16,3 млн. теңге бөлініп, микроавтобус, арнайы тифлотехника алынды,-дейді Дәулеткерей Атауұлы.

   Басқарма басшысының мәлімдеуінше қолөнер шеберлерінің туындыларын халыққа  көрсету мақсатында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ел іші – өнер кеніші», Сәкен Ғұмаров музей-үйінде «Мектеп және музей» жобалары жүзеге асырылып, «Батыс Қазақстан облысының Өнер залы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы» залдары ашылған. Сондай-ақ қала орталығынан жаңа музейдің ашылуы жоспарлануда. Оның ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқан көрінеді.

   –Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жұмысымызға жаңаша серпін берді. Осы бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына сәйкес Батыс Қазақстан облысының табиғи-ландшафтты нысандары, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары, тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындарының тізімі жасақталып, зерттеулер жүргізілуде.

   Облысымызда модельді кітапханалар саны жедел өсіп отыр. Кітапханалар қорын жаңа кітаптармен толықтыру, мерзімді баспасөзбен қамту жақсы жолға қойылған. Өңіріміздегі бірден-бір кәсіби өнер ұжымы, қарашаңырақ Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония көптеген игі істерге бастамашылық көрсетіп келеді. Негізгі іс-шаралар биылғы жылдың басты оқиғасы болып табылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, Елбасының «Қоғамдық сананы жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтуде. 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтеді. «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Жайықтың жауһар мұралары» музейлік көрмесі мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 – әлем көрмесіне саяхат» кеңейтілген сәндік қолданбалы  қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі жабдықталады. Екінші тамызда этноауылда облыстың шығармашылық ұжымдарының этностильдегі концерті, ал төртінші тамызда халықаралық көрме алаңындағы амфитеатрда облыстық өнер ұжымдарының гала-концерті өтеді. Густав Малердің №8 симфониясын бұған дейін 1400 адам бір мезетте орындап рекорд орнатқан болатын. Бұл үлкен оқиға Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген. Биыл осы әлемдік рекордты тұңғыш рет 1500 адамның қатысуымен қазақстандықтар жаңғыртпақшы. Оған біздің өңірден 55 әнші қатысады. Алдын-ала мәлім болған есептеу бойынша аталған шаралар 648 батысқазақстандық мәдениет және өнер шеберлерінің қатысуымен өтеді. Бұған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы тікелей қолдау көрсетіп отыр.

   Республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жатқан дәстүрлі өнер шеберлерін шақырып, жеке концертін ұйымдастыру қолға алынды. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен облыстық халық шығармашылығы орталығының осы бағыттағы жобалық бастамалары көп. Облыс әкімдігінің биылғы жылы маусым айында өткен отырысында Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және мемориалдық тақталарды орнату мәселелері бойынша жаңа комиссия құрылды. Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясының ашылу салтанаты өтті. Жарты жылдың ішінде облысымыздың атын ел көлемінде танытқан өнерпаздар көп. Айтыста Жансая Мусина, Бауыржан Ширмеден, Мұрадым Мирлан, Талғат Мықи жүлделі орындарға ие болды. Ақылбек Бектасов халықаралық Құрманғазы атындағы күйшілер бәйгесінен жүлделі орын алып қайтты. Ақжайықтағы айтыс өнерінің алғашқы ізашарлары болған аға-апаларымыздың есімін құрметпен еске аламыз.

   Теректі ауданынында кино саласын жаңа үрдіс арқылы ұйымдастыру жөнінде ұсыныс түсті. Оған қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге тырысамыз. Мұндай тақырыптағы әңгімелер Алқа Кеңесі мәжілісінде талқыланады.

   «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Набиоллаұлы бастаған ізденімпаз топ арғы-бергі тарихымызды түгендеуде өлшеусіз іс жасап келеді. «Зерде» қоғамдық қоры қорымдарды түгендеу, картасын жасау туралы орынды бастама көтеріп, аудандарда ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Бұлар атқарылған істердің бір парасы ғана. Жоғарыда аталған ауқымды істердің барлығына қолдау білдірген облыс әкімі Алтай Көлгіновке, облыстық мәслихаттың депутаттар корпусына, облыстық Қоғамдық Кеңес мүшелеріне алғыс білдіреміз,-деп, Дәлеткерей Атауұлы журналистердің сауалдарына жауап берді.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИЕВА

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале