5.07.2017, 17:03
Оқылды: 85

Қазақ зиялыларының 1905 жылы Петербургке жазған хаттары жинақ боп жарық көрді

1Биыл облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толады. Ғасырлық мерейтойға дайындық барысында «Жайық Пресс» ЖШС-ның маманы Ақылбек Есеналин Алматыға аттанған болатын. Газет тігінділерінің электронды көшірмесін жасау мақсатымен архив ақтарған Ақылбекке сіздерге ұсынғалы отырған осы хаттардың да көшірмесін ала келу бұйырды.


Хатта қазақтың діни таным-түсінігінің тарихы тереңде, діни жоралғылардың орындалуының ерекшеліктерінің үлгісі бар екендігі және жасалған қысымның себебінен бағынбаушылық орын алып жатқандығы, проблемалардың бейбіт түрде шешілуін, сауаттылықтың арттырылуын қалап, өз басына діни басқарма болуы керектігі айтылады. «Жайық Пресс» ЖШС директоры, жоба авторы Жантас Сафуллиннің айтуынша, бұл жәй хат емес.

        «Бұл - сол кезеңдегі саяси ахуалды жан-жақты талдап, мәселені оң шешуге тырысқан ұмтылыс. Дінді сақтау арқылы жерді сақтауға, жерді сақтау арқылы отаршылдыққа тойтарыс беруге талпыныс екендігі анық байқалады. Бұл хатты ғалымдар бұрын да көріп, түрлі еңбектеріне қолданып жүр. Бірақ араб әліпбиінде жазылған хат толық аударылып, арнайы жинақ етіп шығарылған жоқ еді. Дін мәселесі бүгінде өзекті боп тұрғанда, ұрпақ кәдесіне жарайтын ата-бабамыздың жеке бастың емес, елдің тағдырына орай жазған хатын арнайы жинақ етіп шығарып отырмыз. Шынайы тарихымызды жазушыларға маңызды дереккөз болмақ» дейді Жантас Набиоллаұлы.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Уфа қаласындағы Ұлттық архивтен тіркеу кітаптарының көшірмелерінің табылғанын хабарлаған болатынбыз. Медиахолдинг басшысының пайымдауынша, 1905 жылғы хаттардың бірінде патша үкіметінен метіркені жүргізуді тоқтатпауларыңызды сұраймыз деген мәтіндегі өтініш бар екен. Соған қарағанда, қазақ зиялылары метірке жазбаларының да маңыздылығын ұғынып, билік өкілдеріне тегеурінді қарсылық білдірген.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің  пікірінше, бұл еңбек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалық мақаласында көрсетілген, алға қойылған міндеттерге толығымен сәйкес келеді.

- Өйткені бұл еңбек 1905 жылы Ресей империясының құрамында болған Қазақстанға сол кезеңдегі Ресейдегі орталықта болған қоғамдық-саяси өмірдегі, саяси үдерістердегі өзгерістер 1905 жылғы азаттық қозғалыстың жаңа кезеңге, жаңа сатыға өрлеуіне ықпал еткенін тарихшы қауым жақсы біледі. Бұл құжаттың негізгі мазмұны - сол кезеңдегі Орал және Торғай облыстары қазақтарының патша үкіметіне, орталық министрлерге жазған өтініш, талап-тілегі, оны петиция деп атайды. 1905 жылы Ресейдегі ақпандағы рескрептиваға қол қою, сәуірдегі дін мәселесіне берілген жеңілдіктер осы қазақ даласындағы қоғамдық-саяси өмірге жаңа өзгерістер алып келді. Әлихан Бөкейханов өзінің «Қазақтар» деген мақаласында былай деп жазды: «1905 жылы қазақ даласының жазғытұрғы съездері болды. Сол съездердегі негізгі мәселелері шешу үшін қазақтар ең алдымен орталық билікке, патша үкіметіне петициялар жазуды бастайды». Мұндай петициялар сол кезеңде Жетісуда, Қарқаралыда, Батыс өңірінде Оралда жазылды.
Бұл жинақтың басты мақсаты - 1905 жылы елдің игі жақсыларының, дін қызметіндегі ишан-қазірет, қазылардың патша үкіметіне жазған талап-тілектері.

Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде - сол кездегі патша үкіметінің өкілі, граф Игнатьевке жер, дін мәселелері туралы жазған талап-тілектері, екіншісі - Жерге орналастыру жөніндегі бас басқармаға жазылған жер мәселесі. Яғни бұл петицияда екі түрлі мәселе көтерілді: дін және жер мәселелері.
Петиция авторларының сол кездегі Батыс өлкедегі Орал және Торғай облыстарындағы қазақ даласындағы, біздің өңірдегі патша үкіметінің қоғамдық-саяси, мәдени, діни, рухани, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жүзеге асырып жатқан отаршылдық саясатын ашық түрде әшкерелеп, сынға алады.

Мұнда тек 1905 жыл емес, мәселен, бірінші бөлімге тоқталар болсақ, дін мәселесіне, сонау қазақ даласындағы ислам дінінің 1731 жылғы қазақ даласының Ресейдің қол астына қараған күнінен бастап 1905 жылға дейінгі аралықтағы дін мәселесіне жүйелі, сауатты түрде тоқталып өтеді. Тіпті сонау Алтын Орда ханының Өзбек ханның тұсында, одан бұрын да қазақ халқының ислам дінін ұстанғанын айтып өтеді. Мәселен, Өзбек ханы - Алтын орданы 1312-1342 жылдар билеген, Алтын Орданы ислам мемлекеті деп жариялаған хан. 1905 жылы сол кезеңдегі алты облысқа қараған үш жүздің қазақтарының ислам дінін ұстанатындығы толығымен жазылған. Сондай-ақ 1788 жылы Ресей империясының арнайы Орынбор діни басқармасының 1868 жылы реформадағы уақытша ережеге дейін мүфтиятта, Уфа қаласындағы діни басқармасында қазақтардың діни істерін қарап келгендігін жазады. Кейін, 1868 жылғы уақытша ережеге сәйкес, патша үкіметі қазақ даласын Орынбор мүфтиятынан айырғандығын (алып тастағанын), сол кезден бастап қазақ даласындағы дін мәселесінде патша үкіметінің отарлау саясатын қатты сынға алады. Орынбор мүфтиятынан айырғаннан кейін, керісінше, қазақ даласында мешіт-медіреселердің ашылуы, мұсылман дінінің дамуы қарқынды түрде жүзеге асқандығы сипатталады. Одан кейін Орынбор мүфтиятының қарамағына қосу немесе сол 1905 жылғы өтініш-талаптарын айтады. Осы өтініш-талаптарында егер Орынбор мүфтиятына қоспаса, арнайы қазақ мұсылман духовное собраниесін құру, яғни қазақ діни басқармасының басқару құрылымының ішкі тетіктерін анық көрсетеді.

Екінші бөлім жер мәселесіне арналған. Аталмыш петиция авторлары 1731 жылы қазақ даласының Әбілхайыр ханның тұсында Ресейдің қоластына қарағаннан бастап жер мәселелері бойынша жүргізілген аграрлық саясатты сынға алады. 1868 жылғы уақытша ережеге сәйкес, қазақ жерінің Ресей империясының мемлекеттік меншігі болып жарияланды. Одан кейін Орал, Торғай облыстарына орыс шаруаларын қоныстандыру қарқынды жүргізіліп, негізінен шаруашылыққа қолайлы, құнарлы да құйқалы жерлерді соларға тартып алып бергендігін ашық жазады. Бұл көшпелі қазақтардың шаруашылығына кедергі келтіргендігін заңның баптары арқылы көрсетіп, «қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзінікі» деген документ берілсін" деген нақты талап қояды.

Шын мәнісінде, аталған екі бөлімде көрсетілген өтініш, талап-тілектер - сол кезеңдегі қазақ халқының күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелері, яғни бабаларымыздың шыңғырған жан айқайы.
Петицияны жазған авторларға келетін болсақ, екі бөлімнің де астына белгілі заңгер Бақытжан Қаратаев бастаған 22 адамның аты-жөні көрсетіліп, қолы қойылған. Оның ішінде 17 қазірет бар. Авторлар Петербургке дейін барып, ІІ Николай патшамен кездескен, естелік суретке түскен.
Бұл жинақ - өлке тарихына, қала берді қазақ тарихына қосылған тың дерек, құнды құжат, - дейді Жәнібек Аллаярұлы.

Тарихи танымдық құжатының толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар: «Дін үшін. Жер үшін»

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале