БІРІНШІ КҮН
05.07.2017 жыл
Әуелі «Жымпиты-Мәскеу» тарихи-танымдық экспедициясының негізгі мақсаты жайлы айтып өткен дұрыс. Біріншіден, бұл эскпедиция – халықаралық. Екінші ерекшелігі, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұнын толық қамтитындығы.
«Жымпиты-Семей» - Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы мен Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 130 жыл толуы оқиғаларының құрметіне Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының ұйымдастырып отырған осы жылдағы екінші сапары. Сырым ауданы осыған дейін мамыр айында «Жымпиты-Семей» бағытындағы тұтас республиканы қамтыған ірі эскпедицияны жүзеге асырғаны белгілі. Осы жерде Сырым ауданының «тарихи тірілуіне» үлкен еңбек сіңірген ауданның бұрынғы әкімі Абат Шыныбековтың есімін айтып кеткен дұрыс секілді.
5 шілде күні экспедиция мүшелерін Сырым ауданының жаңа әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады. Қабылдауға бізбен бірге аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қатысты. Экспедициялық құрамды шығарып салу шарасы аудан орталығындағы Алаш саябағында өтті.
Осы жерде «Жымпиты-Мәскеу» халықаралық тарихи – танымдық экспедициясының құрамымен таныстырып кетейік. Жетекшіміз – Ойшыбаева Айнагүл Мағауияқызы. Бұл кісі бүгінгі күні С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет етеді. Осы сияқты тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова да біздік құрамда. Монография жазған, алаштанушы ғалымдардың бірі. Құрамымызда Серік Зиятов деген тарихшы бар. Оқығаны көп кісі. Қай тақырыпта әңгіме қозғасаң, сол туралы кітаптың нақты дерегін дәл айта алады. Тірі жүрген «энциклопедия» былай айтқанда. Құрамның тағы бір мүшесі – Сырым аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиев. Білімі - діни білім, тарихи сауаты да жақсы адам. Әмина Төлешова деген дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 11 мектеп-интернатының оқушысы да бізбен бірге. Құрамның аталмаған соңғы мүшесі – Бауыржан Ширмединұлы. Ол – мен. Аудандық газеттің тілшісімін. Ал таныс болдыңыздар!
Мәскеуге 7 кісіге арналған жеңіл автокөлікпен баратын болып шештік. Осы ыңғайлы көрінді. Алда – 1282 шақырым. «Аллаға аманат!» дедік те, «Самара-Шымкент» халықаралық күре жолына міндік. Жолай облыс орталығы Орал қаласында аз-мұз шаруамен жүріп қалдық. Валюта айырбастадық, жолға оны-мұны алдық дегендей.
Сағат 16:00-де «Сырым» бақылау өткізу бөлімшесінде тұрдық. Өттік. Көршілес Ресей Федерациясының шекара бекетінен өту шамалы уақыт алды. Біз бекеттерге тексеріліп, шекарадан ұзап шыққанша кем дегенде екі сағат уақытымызды жоғалттық.
Алғашқы күнімізде біздің көлік Ресей Федерациясының Самара, Тольятти, Сызрань секілді ірі қалаларының тұсымен өтті. Оралдан шыққаннан, түн ортасы ауа бере ғана тоқтадық. Айтпақшы, жолдың жиегінде тұрып, табиғат аясында шамалылап шай ішкеніміз бар. Күннің райы ыңғайлы болғанда, ол шай ішуіміз табиғат аясындағы демалысқа айналып кетуі мүмкін еді. Сіркіреген жаңбыр, соққан суық жел олай еркінсіп тұруға мүмкіндік берген жоқ. Аяқ суыттық та, жүре бердік. Сағат 01:30- ға таман РФ Пенза облысының аумағына кіретін Кузнецк ауданының орталығы Кузнецк қаласының тұсында орналасқан «Кронверк» кешеніне аялдап, қонақүйге түнедік.
ЕКІНШІ КҮН
06.07.2017 жыл
Кеше Кузнецк қаласының маңындағы «Кронверк» кешеніне аялдадық дедік. Бүгін осы жердегі шағын кафеден таңғы ас ішіп, жүріп кеттік. Кешегі жүргеніміз – 500 шақырымның ар жағы. Әлі 700 шақырым жол қалай солай бар. Не болғанда да, бүгін Мәскеуге жетуіміз керек.
Жол үстінде әңгіме де айтып отырайын. Біздің Жымпитының үстінен өтетін ауыр жүк көліктерінің «ақ бата алып, аттанатын» жағы осы Ресей екен. Шетелдік жүк көліктері де осы жақта толып тұр. Трассаны босатпайды. «Мені көрдің бе? Мені көрдің бе?» дегендей ышқынып тұрып, жүріп жатыр. «Сендейлердің талайын көргенбіз! Жымпитымен жүретін сендер емес пе осы?» деп қоямын ішімнен. Көршілерімізде жол бойындағы сервистік қызмет жақсы жолға қойылған екен. Тоқтаған жеріңде, кафе, сауна, қонақ үй, көлік шеберханасы, автотұрақ, тіпті дәріханаға дейін бар. Және бір жақсысы, орыстар жолдың бойын әбден жайлап алған. Кемінде 10 - 15 шақырым сайын не ауыл, не кешен бар.
Жүріп келеміз. Пенза, Нижний Ломов, Рязань қалалары артта қалды. Рязаннан ұзай бере сәл аялдадық. Түскі ас ішу үшін. Содан тағы жүрдік. Әрі қарай «экипаж» қалғи бастады. Бір қалғып, бойымызды жинап алдық. Тоқтадық. «Московская область» деген жазудың жанына суретке түстік. Иә, біз Мәскеу облысындамыз. Сәлден кейін – қала.
Мәскеуге де кірдік. Кіргені қалай, бәленбай шақырым жол жүрдік. Кіріп келеміз, кіріп келеміз. Қала расымен де алып екен. Енді ше? Еуропадағы халқы ең көп орналасқан қаланың бірі болу әрі тұрғын саны жөнінен әлемнің он қаласының қатарына кіру оңай ма? Осы биылғы, 2017 жылдың санағы бойынша Мәскеу қаласында 12 миллионнан астам тұрғын есептелген. Есептелмеген, тіркелмегені қанша әлі?
Мәскеу Орал емес екен. Соны түсіндік. Қаптаған кептеліс. Жылжисың, тұрасың. Жылжисың, тұрасың. Сосын тұрасың, тағы тұрасың. Оның үстіне бұл жақта да жол жөндеу. Несін сұрайсың, жалдамалы пәтерімізге жету үшін 3 сағат уақытымыз кетті. Пәтерге барар жолда әйгілі Қызыл алаңды, Кремльді көріп қалдық. «Ертең көрісерміз!» - дедім Кремльге.
Бүгін пәтерімізге орналасып, ұзақ жолдан кейін тынығуды дұрыс көрдік.
Бүгін біздің ел үшін мейрам. Бүгін – Астана күні. Азаттығымыздың ажары, қазақтығымыздың қазығы болған арайлы Астананың туған күні. Жатар алдында, Астанаға тілек айтайын!
Құрметті, Астана!
Сен сұлусың! Сен әдемісің! Мәскеу саған жетпейді. Шын айтам! Мейлі алып болсын, ірі болсын! Саған жетпейді. Елордамыздағы шыныдан салынған ұзынырғай ғимараттар Мәскеуде де бар екен. Астанадағыдай көп емес, бірен - саран! Анабір жараспайды. Көне киімнің ана жер, мына жеріне жылтыр ілгек тағып қойған сияқты оғаш көрінеді. Ал сол шыны ғимараттар біздің Астанаға қалай жарасады? Жайнаған үстіне жайнап, жарқыраған үстіне жарқырап тұр. Неге? Себебі, біздің Астананы қазақ маңдай терімен суарды ғой. Сосын жарқырайды да. Жарқырай бер, Астана! Туған күніңмен, сүйікті қала! Қуанышыңмен, айналайын Алаш!
ҮШІНШІ КҮН
07.07.2017 жыл
Бірден айтайық, күн ыңғайсыз басталды. Тұруын ерте тұрдық. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұрғанын білеміз. Жинақталып, реттеліп алдық. Сол арада біздің құрамның мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Дәметкен Сүлейменова Райса Исенгалиевна Касабулатоваға қоңырау шалды. Райса Касабулатова – Алашорда үкіметінің мүшесі болған Дәулетшаһ Күсепқалиевтың жиені. Қазіргі тегі – Борткевич. Мәскеу қаласында тұрады екен. Егер мүмкіндік болса, бір арыстың артындағы ұрпақ қой деп, құрметімізді білдіріп, кіріп шыққымыз келген. Ойлағанымыз болмады. Райса апамыз әңгімені қысқа қайырды. «Мені қазақтармен ештеңе байланыстырмайды. Алашордашылар жайлы тек теріс пікірдемін. Менің атамды құртқан – солар!» деді де тұтқаны жапты. Қазақстан қайдан қызықтырсын бірақ, себебі ол кісіні нағашы атасы Дәулетшаһ Күсепқалиев туралы жаңа деректердің өзі қызықтырған жоқ. Өкінішті.
Бүгін бірінші баратын нүктеміз – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігі. Біздің елшілік Чистопрудный бульвар №3 мекенжайында орналасқан қос қабатты, көк түсті ғимарат екен. Барсақ, негізгі есігі жабық тұр. Сөйтсек, артындағы қосымша есіктен кіруіміз керек екен. Оған да көндік. Бүгін елшілік үшін жұмыс күні емес екен. Астана күнінде бұлар да демалады екен. Демалыс демалыс, сонау жолдан келген бізді біреу-міреу қабылдар, тіпті болмаса жөн айтар дедік. Олай болмады. Өзін кезекшімін деп таныстырған Нұрбек Қоңырбаев есімді жерлесіміз бізді елшіліктің босағасынан әріге аттатқан жоқ. Мүмкін тәртіп солай шығар деп, түсінуге тырыстық. Алайда, «Елшілік!» деп еміреніп барғанымызда, есіктен әрі аттай алмай, өкпелі болғанымызды тағы жасыра алмаймыз. Елден алып барған сыйлығымызды да дұрыстап қабыл алатын бір адам болмады. Апарып тұрғасын, тастап кеттік. Негізі Алашорда үкіметінің құрылғанының 100 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту - Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың үкімет басында жүрген кезінде көтерген мәселесі. Имекеңнің өзі еңбек демалысында екен. «Өзі болғанда ғой!» - дедім ішімнен.
ЖАҺАНШАНЫҢ МӘСКЕУДЕГІ ҮЙІ
Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедов өмірінің соңғы жылдарында жұбайы Ольга Константиновнамен Мәскеу қаласында тұрды делінеді. Нақты қайда тұрғаны жайлы нақты дерек те бар. Мынадай: Москва, Хавско-Шаболовкский переулок, дом № 11, квартира 265. Жаһанша осы үйде тұрғанда қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын орыс тіліне аударған. Жалпы, азын-аулақ шығармашылық жұмыспен айналысқан. Үштіктің қайран Жаһаншаны жағасынан сүйреп алып кеткен жері де - осы үй.
Ендігі сұрақ: Жаһанша тұрған сол үй бүгін бар ма? Бар екен. Мекенжайы өзгеріпті: Лестова көшесі, №19 үй, 2 корпус. Салып ұрып, Мәскеудің алып көшелерін былай қиып, былай қиып, іздеген үйге де келдік. Үй анабір ескі емес екен. Бес қабатты үй кәдімгідей. «Г» тәріздес салынған. Бұрылар тұсында алтыншы қабатқа келіңкірейтін құрылыс бар. Жөнделген, жаңғыртылған. Көненің көзі екенін қабырғада қаланған кірпіштер «айтып қойды». Үйдің терезенің жоғарғы жағындағы кірпіштер «арка» әдісімен тігінен қаланған екен. Бұл қалау әдісі - ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың басында Ресейдегі сәулет саласында кең қолданыста болған «кірпіш стиліне» жатады. Үйдің маңында жарты сағаттың шамасында жүрген шығармыз...
РУХ ЖАҢҒЫРҒАН КҮН
Ендігі бағытымыз – Мәскеу қаласының маңындағы Бутово зираты. Анау Жымпитыдан келе жатқан негізгі шаруамыз да осы зиратқа бару. Осы жерде біздің арыс, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді мекенінің тумасы, қазақтан шыққан алғашқы заңгердің бірі, Алашорда үкіметінің қайраткері, Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің сүйегі жатыр.
Бутово – Мәскеу қаласының оңтүстік-батыс әкімшілік округінде орналасқан. Зираттың әкімшілік ауласында алтын күмбезді ақ ғибадатхана бар екен. Бұл – орыс православ шіркеуінің поместьелік соборы болып шықты. Соборға биыл 100 жыл толып отыр. Собордың ішіне кірдік. Кіргеннен кейін, оң жақ бетте сауда сөрелері бар. Сөрелерде діни кітаптар мен майшамдар және иконалар самсап тұр. Собор қызметшісінен зиратта жатқан марқұмдардың есімдері тізілген кітаптарды сұрадық. Әрі ақтардық, бері ақтардық. Іздегеніміз – Жаһанша Досмұхамедов. Табылды. Экспедиция мүшесі, Сырым ауданының орталық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев №3 кітаптың 82-бетіндегі «Дос-мухамедов Джаганша...» деген жазуды алдымызға тоса қалды.
Әрі қарай толықтырсақ:
«Дос-Мухамедов Джаганша. Родился в 1887 году в ауле №3, Жымпитынского района, Западно-Казахстанской области; казах; образование высшее юридическое; беспартийный; пенсионер, бывший заместитель председателя Всероссийского комитета мусульман, до революции был заместителем прокурора Томского окружного суда. Место жительство: Москва, переулок Хавско-Шаболовский, дом 11, квартира 265. Арестован 1 июня 1938 года.
16 июля 1938 года осужден тройкой при НКВД Московской области по обвинению в тесных связях с казахской контрреволюционной организацией и «врагами народа». Расстрелян 3 августа 1938 года. Место захоронения – Московская область, Бутово. 2 декабря 1957 года реабилитирован».
Справка из расстрельного списка полигона в Бутово
«Мартиролог расстрелянных и захороненных на полигоне НКВД «Обьект Бутова» 08.08.1937 – 19.10.1938» деген келесі бір қызыл мұқабалы кітапта «ДОС – Мухамедов Джаганша, 1887, м.р.: Казахская АССР, Уральская обл., Джамбейтинский р. Расстр. 03.08.38.» деген жазу және бар.
Жоғың табылды деген – осы. Бұған дейін Алаш тарихында Жаһанша Досмұхамедовке қатысты бір мәлімет бүгін тап-таза нақтыланды. Біз Жымпитыдан Мәскеуге осы үшін келіп тұрмыз ғой. Алла сәтін салды!
Собордан шығып Бутово полигонына қарай жүрдік.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының ортасы мен 50-ші жылдардың басында Бутово полигонында НКВД ондаған мың адамды атып, осы жерге жерледі. Жерледі деген бер жағы, атылған марқұмдардың денелерін осы жерге әкеліп лақтырып тастады десек дұрысырақ болады. НКВД наркомы Н.Ежовтың бұйрығы арқылы іске қосылған «жаппай ату механизмі» Бутово полигонын нағыз тозаққа айналдырды жіберді. Алғашқы ату 1937 жылдың 8 тамызы күні басталды. Сол күні 91 адам жазықсыз жазаға ұшырады. Бұл сан 20 762-ге барып бір тоқтады. З7-нің тамызынан 38-дің қазанына дейін осыншама адам жазықсыз жер жастанды.
Полигондағы жерлеу былай болған. Әуелі тереңдігі 3 метр, ал ұзындығы 150 метр траншея қазылған. Атылған адамдар осы траншеяларға лақтырылған. Бутовода күн сайын 100 шақты адамға ату жазасы орындалып отырды. Тіпті, 300, 400, 500 адамға дейін атылған күндер болған. 1938 жылдың 28 ақпаны - айуандықтың «атаулы күні» болған шығар. Осы күні Бутово полигонында 562 адам атылыпты. Атылғандардың ең жасы – 13-тегі бала. Есімі - Миша Шамонин. Ең үлкені – 80 жастың шамасы.
Атылғандардың тізіміндегі анықтамада көрсетілгендей Жаһанша Досмұхамедов 1938 жылы тамыз айының 3-і күні атылған. Осы күні Бутовода жалпы саны 120 адам атылған. Бұл полигонның тақтасынан алынған нақты дерек. Ендігі жерде анық қолдануға болады.
1997 жылы Бутово полигонында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Бір траншеяның шеті ашылған. 12 шаршы метр шұңқырдың өзінен 5 бірдей жерлеу қабаты шыққан. Мамандар осы аядай жердің өзінен 149 адамның сүйегін есептеген. Сұмдықтың шегі жоқ болып тұр, тіпті.
Полигонның орнында бұрынырақта жергілікті шаруалардың қора-қопсысы орналасыпты. Шошқа баққан ғой олар осы жерде. Содан бұл қасіретті һәм қасиетті орынның басына дені дұрыс адамдар келіп, жаңағы шошқақораларды жоқ қылып, айналаны абаттандырып, үлкен жұмыстар жасаған. Қазір полигонның ауласы тоғайға айналған. Ауланың ішінде ұзын-ұзын төмпелер жатыр. Бұл марқұмдар жатқан траншеялар ғой кешегі. Осылардың біреуінде Жаһанша да жатыр. Қайсысы екенін ешкім білмейді. Аулада ағаш храм бар екен. Бізді қақпаның басынан шіркеу әдебиетін таратушы Наталья Шалаева қарсы алды. Ішке қарай кіріп, ақпараттық тақталармен таныстық. Тақта тарихтан сайрап тұр. Бәрін суретке түсіріп алдық.
Бүгінгі күні «Бутово полигонының» ауласында «Сад памяти» мемориалдық кешенінің құрылысы жүріп жатыр екен. Полигонда жатқан марқұмдардың есімдері енді «Сад памяти» мемориалдық кешенінің тақтасында жазулы тұрады. Жұмыстар әлі бітпепті. Дегенмен тақталардың көбі қондырылған. Жағалап келеміз. Алдымызда 1938 жылдың 3 тамызы күні атылғандардың есімдері. Міне – Дос-мухамедов Джаганша! Тақтаға еніпті. Біз үшін тағы бір тарихи жаңалық. Тақтамен танысып жатқанда жанымызға Кирилл әкей келді. Кирилл Каледа – осы жердегі храмның иерейі. Өзінің атасы свяшенномученник Владимир Амбарцумов та жазықсыз атылып, Бутованы мәңгілік мекен қылған марқұмдардың бірі. Әкесі Глеб Каледа – Бутырка түрмесінде священник болған. Дін қызметкері, анау-мынау дегеннен гөрі, осы жерде священномученникті священномученник, священникті священник деген дұрыс секілді.
Кирилл Каледа біздерді өте жайдары қарсы алды. Өзінің негізгі мамандығы геолог екен. Қазақстанның Ақтөбе, Қызылорда облыстарында іссапармен болған. Тіпті Жымпитының үстімен де бірнеше рет өткен. Орал жайлы да біледі. Шаған өзені есінде екен. Бәрі есіне түсті. Бізді тыңдады. Жаһаншаның қайраткерлігі жайлы естігенде толқыды.
-Мен бұл жерде жаңа Қазақстанның мемлекеттілігінің басында тұрған Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғаның жатқанын білмедім. Жаһанша қай құрметке де лайық адам екен,- деді.
Біздің экспедициялық топ иереймен ұзақ әңгімелесті. Кейін экспедиция мүшесі, Сырым аудандық мешітінің имамы Бақытжан Сабырәлиев Бутово полигонындағы зиратта жатқан марқұм мұсылмандардың және Жаһанша атамыздың рухына арнап Құран оқыды. Полигонның ауласына Жымпитыдан алып келген бір уыс топырақты салдық. Бір уыс топырақты кері алдық. Бұл топырақты Жымпитыдағы Алаш саябағына алып барамыз, Алла қосса! Бір қарағанда бір уыс топырақта тұрған ештеңе де жоқ, бір қарағанда бір уыс топырақта көп мағына жатыр. Түсінген адамға...
Бүгін бір ыңғайсыз күн болды деп едік қой басында. Олай болмады. Сәтті күн болды. Рух жаңғырған күн болды біз үшін.
ТӨРТІНШІ КҮН
08.07.2017 жыл
Бүгін ерте де емес, жай да емес, қалыпты уақытта ояндық. Ас қылып, таңғы тамағымызды ішіп алдық. Мәскеу уақытымен сағат 9: 00-де біз үйдің айналасында жоқ болдық. Бағытымыз – Дон зираты.
Біздің көліктің жүргізушісі Анатолий Мәскеуге келгелі бері ұялы телефонына орнатылған «Яндекс.карта» атты ұялы қосымшаның рахатын көрді. Рахаты рахат. Керек мекенжайыңды белгілеп аласың да, оператор көрсеткен бағытпен жылжи бересің. «200 метрден кейін оңға бұрылыңыз!», «100 метрден кейін тоқтаңыз!» деген нұсқауларға ілессең болды. Баратын жеріңнен бір шығасың! Сөйтіп отырғанда расымен де баратын жерімізден бір шықтық.
Біз тоқтаған жер – алып қамал. Кәдімгі қызыл кірпіштен қаланған, шамамен 500 метр сайын мұнарасы мойын созатын алып қамал. Қамалдың қабырғалары биік, сылақ көрген. Ал мұнаралары тозып кеткен екен. Мұнараның төрт қырында да екі-екіден терезесі бар. Терезе темір торымен тұр. Торды көріп, түрме ме деп қоямыз Айнагүл апамыз екеуіміз. Шынын айтайық, Алаштың «ауруымен ауырғалы бері» көне ғимарат көрсек бір тарихқа байланыстырғымыз келіп тұратын болған. Түрмені де Жаһаншалармен, Әлихандармен ойша байланыстырып үлгеріп жатыр едік...
Түрме емес екен. Қамал да емес екен. Біз көрген алып қабырғалар Дон монастырының ауласы болып шықты. Біздер сыртында жүр екенбіз. Ауызғы есікті іздеп қабырғаны жағалай біраз айналдық. Монастырьге кіретін қақпаны таптық. Бірақ, кіргеніміз жоқ. Біздің іздегеніміз монастырь емес, зират. Зират монастырьмен жапсарлас екен.
Кеңсесіне кіріп, Дәметкен апамыз Жаһанша атамыздың жары Ольга Константинованың жерленген жерін сұрады. Ольга Константинованың тегі бір деректе Пушкарева, енді бір мәліметте Колосовская деп жазылса керек. Жаһаңның жарын өз қолымен жерлеген Владимир Рысқұлов нағашы апасының Донда жатқанын Айнагүл апамызға арнайы жазып жіберген қағазы қолымызда болатын. Алайда, зираттың тіркеу жағына жауапты қызметкері электронды базадан да, қатталған құжаттардан да екі тегімен бірдей іздесе де Ольга апамызды таба алмады...
Дон зиратында Алаштың Әлиханы мен белгілі мемлекет қайраткері, өз кезінде Қазақ АКСР-нің Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Нығмет Нұрмақовтың жерлегенін білетінбіз. Арыстардың басына барып, Құран бағыштай кетуді де ойластырған едік. Зират қызметкері екеуінің жерленген жеріне лезде алып келді. Бар болғаны он шаршы метрдің шамасындай жер отыз жанның мәңгілік мекеніне айналыпты.
«Здесь захоронены останки невинно замученных и растрелянных жертв политических репрессий 1930-1940. Вечная им память!» деп жазылған көп қабірге ортақ көк таста. Бөкейханов пен Нұрмақовқа бөлек тақта орнатылыпты. Ұрпақтардың атынан Нұрхан Дулатбеков деген азамат қойған екен.
«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы!» деген ақын Қасымның жыры жазылған қос арыстың тақтасына. Осы төрт жол өлең түгел Дон зиратын кернеп тұрған сияқты.
Жендет жүйе аруақтардан екі кез жерді де қызғанған сияқты. Алақандай ғана жерде белгілі қолбасшылар: Тухачевский, Якир, Уборевичтер, Сергей Есениннің ұлы Юрий Есенин, тіпті, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Левон Мирзоян да қатар қойылыпты. Біраз толқып, өзімізге келген соң, Бақытжан Құралбайұлы Әлихан мен Нығмет аталарымыздың рухына Құран бағыштады. Өзімізге келдік дегеніміз бекер екен. Кешегі күні Бутоводан шыққанда да біразға дейін қорғасындай ауыр ойлардан арылмаған едік. Бүгін де біршама тебіреністе болдық.
...Міне, тағы да М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің атшаптырым ауласынан кіріп келеміз. Тағы да дейтініміз, кеше де мұнда соғып, 1907-1911 жылдары Жаһанша атамыз білім алған заң факультетінің корпусында болып кеткенбіз. Корпус сыр беретін корпусқа ұқсамайды. Кешегі ғасырда қалай тұрды, бетіне әдемі сылақты жағып – жағып алып, бүгінгі күні де солай тұр. Дегенмен, көненің аты көне. Кішкене көз тоқтатсаң, мына қабырға, ана еден, мына баспалдақ кешегі Жаһаншалардың жастық дәурені жайлы дастан бастап кеткісі келіп тұр.
Тағы да қиялға беріле бастадық. Бұл жерде бүгінде Азия, Африка елдері институты орналасқан. Біз сол институт директорының орынбасары Азия, Африка және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Жібек Сапарбекқызы Сыздықовамен жүздесуге келіп тұрған адамдармыз негізі. Дәметкен апамыз таңмен телефон арқылы тілдескенінде, түскі бірде келерсіздер деген. Біз белгіленген уақыттан сәл ертелеу келіп, күтіп тұруды дұрыс санадық. Кенет екінші қабаттан түсіп келе жатқан аққұба қыз жанымызға келді де, Жібек Сапарбекқызының күтіп отырғанын айтты.
Жібек Сыздықованың жұмыс кабинетінің терезесі Кремльге қарсы орналасқан екен. Қанша дегенмен қазақ қой, апамыз жайнатып дастархан жайып қойыпты. Осы институттың магистранты, өзіміздің қоңыраттың қызы Арай тәттілеп шай ұсынды. Орыстың астанасында, қызыл Кремльдің түбінде отырғанымыз жайына қалды. Қазақтың төріне келгенде мерейіміздің тасып кеткенін өзіміз де байқадық.
Шай басында ал келіп әңгіме басталды. Көбіне Жібек апамыз сөйледі. Ашылып сөйледі. Өзінің атқарып жатқан жұмысы, Қазақстан тарихы мен қазақ руханиятының жолында тұрған негізгі мәселелерді апамыз талдап, таразылап тұрып айтты. Бір кезде елшілік қызметте болған Қырымбек Көшербаевпен болған әңгімелер, дағыстандық Расул Гамзатовпен сырласуы біздің құлаққа мөп-мөлдір күйінде жетті. Апамыз елді сағынған екен. Сағынбаса, Қазақстан туралы айтқанда жанары жасқа шылана бермес еді ғой. Сағынған, сағынған.
«Меня называют великим горцем. Горец стоит у ног дочери великой степи. Есть ли мечта у эти степи?». Бұл - әйгілі Гамзатовтың сөзі екен. Қазақтың Жібек қызына айтқан тау ақынының сөзі. Жібектің кім екенін, қазақтың кім екенін осы сөз айтып тұрған жоқ па?
Жібек Сыздықова – қайраткер адам. Оның әйгілі тарихшы, тіпті ғалым екені, өлеңге де таласы бар адам екені бәріне белгілі. Бірақ қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген қарасіңір қайраткерлігі деген... Қысқасы, ол бір екі параққа түйе салатын әңгіме емес. Сондықтан Жібек Сыздықовамен Кремльдің түбінде болған әңгімені алдағы уақытта арнайы мақала қылып дайындауға уәде беремін.
Жібек апамыз кездесуден естелік деп бас-басымызға кітап сыйлады. Естелік кәдесыйды, «Абдолла» кітабы мен «Сырым елі» фотошежіресін қатар қосып Айнагүл Ойшыбаева да тапсырды. Сыйлық сыйлық, жылы қабылдауы үшін бәріміз де жеке-жеке рахмет айттық. Сосын қызық болды. Институттың студенті, Жібек апамыздың шәкірті Данилл арнайы Сіздер үшін деп «Армандастар» әнін шырқап берді. Бастап айтуын Данилл айтты, кейін өзіміз де қосыла шырқай жөнелдік. Арамызда билегендер де болды. Қазақтың әнін шырқаған орыстың баласы Даниллге, қазақ тілін «тірілей» насихаттап жүрген Жібек апама тіпті де разы болдық.
Біреу әнге жақсы, біреу биге. Ал, ақынға қара сөзден өлең оңай. Мынау Жібек апама деген эспромт өлеңім еді. Оқып бердім. Әсерленіп қалды апам.
Ол өлеңнің түрі мынау:
«Жібек апама
Ұлы еңбек жасаған ұлы ел үшін,
Сен қазақтың қадірлі Жібегісің!
Сен деген Алаш үшін туған жансың,
Өзің осы бағаңды білемісің?
Тарихшысың, тым тәуір ақынсың сен.
Жо-жо-жо-жоқ! Кәдімгі батырсың сен!
Кірпішпен емес елдің болашағын,
Кітаппенен қалап жатырсың сен.
Жалын бар жанарыңда толып тұрған,
Дайынсың кетуге де болып құрбан.
Сен деген Әлияның жүрегісің,
Орыстың кеудесінде соғып тұрған.
Жансың ғой жылы тіпті жан мінезі.
Адамсың бірақ деген алғыр өзі,
Ұлы дала қызы деп басын иген,
Алдыңда Гамзатовтай таудың өзі.
Жап-жарық жұрт алдында ары жүзі,
Артында жатыр ізгі қалып ізі,
Қып- қызыл Кремльден де біздер үшін,
Биік қой қазағымның сары қызы.»
Р.S. Осыдан кейін «Жымпиты - Мәскеу» экспедициясының мүшелері Қызыл алаңда қыдырды. Кейбірі тарихи музеймен танысты. Сапар соңына таяды. Таңмен жолға шықтық. Шілде айының 10 күні түстен кейін Орал қаласында болдық. Біздің келуімізге орай «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өтті.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист,
Жымпиты – Орал – Мәскеу – Орал – Жымпиты