Танымдық байқаудың алғашқы жеңімпаздарын «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин марапаттап, алғысын білдірді. Айта кетейік, байқау облыстық "Орал өңірі"және "Приуралье" газеттерінің 100 жылдығына арналып, оқырмандар арасында өтуде.
Байқау осыдан екі күн бұрын zhaikpress.kz сайтының фейсбуктегі парақшасында жарияланды. Мақсат – қос басылымның арғы-бергі тарихын, сол кезеңдегі ел азаматтарының еселі еңбегін оқырманға жеткізу, әлеуметтік желіде танымдық-тәрбиелік бағытты насихаттау.
Алғашқы сұрақты қазақтың өз жерінде жүйелі шығып, бастауында Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаевтар тұрған «Қазақстан» газеті тарихына қатысты қоюды жөн көрдік. Көп ұзамай-ақ Аида Зайнуллиева, Әділгерей Зұлхаров, Меңтай Сұлташева, Ұлбосын Молдағалиева есімді оқырмандар белсенділік танытып, сұрақтың дәл жауабын берді. Алайда жеңіс уақыт жағынан алда болған Аидаға бұйырды. Аида – болашақ журналист. Қазір Алматы қаласында білім алуда.
Байқаудың келесі күнгі талабы - «Қазақстан» (1911-1913) газетінің Орал қаласындағы баспаханасы ғимаратын тауып, сол жерден алғаш боп селфи жариялау еді. Алғашқы сұраққа да мүдірмей жауап берген Әділгерей Зұлхаров тура бір сағаттың ішінде Чапаев көшесінде орналасқан газеттің баспаханасынан фотосурет жариялап үлгерді. Сөйтіп, белсенді оқырманымыз байқау жеңімпазы атанды. Айта кетейік, Әділгерей – көптеген қоғамдық шаралардың бас-қасында жүрген, өңіріміздегі белсенді жас. Қазір «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет етуде.
Медиахолдинг директоры Жантас Набиоллаұлы ғасырлық мерейтой қарсаңындағы жоспарлармен бөлісіп, жеңімпаздарға естелік сыйлық табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық "Орал өңірі" және "Приуралье"газеттерінің 100 жылдығына арналған байқау жалғасады. Белсенділік танытып, жүлделі болыңыздар!
zhaikpress.kz