Шілденің 31-і мен тамыздың 4-і күндері Астана қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтпек.
Мәдениет күндері аясында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі, Орал қаласының өнер ұжымдары, облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансмаблі мен «Назерке» халық биі ансамблінің концерттері өтеді.
Облыстық қазақ драма театрының ұжымы Елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театрда шілденің 31-інде және тамыздың 1-інде Еврипидтің «Троя арулары» мен тамыздың 2-сі мен 3-і күндері Ф. Буляковтің «Қысқа ғұмыр» мұңды драмасын, А. Островский атындағы облыстық драма театрының әртістері М. Горький атындағы театрда шілденің 31-інде Жан Батист Мольердің «Лекарь поневоле», тамыздың 1-інде А.Островскийдың «Последняя жертва», тамыздың 2-сінде У. Шекспирдің «Он екінші түн», тамыздың 3-інде Лопе де Веганың «Дурочка» қойылымдарын сахналайды.
Еліміздің бас қаласындағы этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Жайықтың жауһар мұралары» көрмесін ұйымдастырса, облыстық халық шығармашылығы орталығы «ЭКСПО – 2017» – әлем көрмесіне саяхат» сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесін жабдықтайды. Сонымен қатар этноауылда ұлттық спорт түрлерінен тамыздың 3-інде қазақ күресі, теңге ілу, аударыспақ, келесі күні жамбы ату, қыз қуу ойындары және тазы мен төбет жарысы ұйымдастырылса, «Қазанат» алаңында көкпар өткізіліп, театрландырылған концерт қойылады.
Тамыздың 4-інде «ЭКСПО — 2017» алаңындағы корпоративтік павильонда өңірдегі инновациялық жобалармен таныстыру рәсімі өтіп, облыс экономикасына инвестиция тартуды көздейтін меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Сол күні кешке облыстың мәдениет күндері аясында өтетін іс-шаралар «ЭКСПО» алаңындағы амфитеатрда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастыратын концертпен тәмамдалмақ.
zhaikpress.kz