«Кісідегінің кілті аспанда» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Бастауын көршілес Ресей елі жерінен алатын Қараөзен мен Сарыөзен суын алу бүгінде сол көршілерімізге тәуелді болып қалды. Қазір тегін ештеңе жоқ. Қос өзенге түсер су қыруар қаржы төлеп сатып алынады. Онда да сыздықтатып берген аз су қарық қылмайды. Өйткені, өзеннің бізге дейінгі бойында қоныстанған ел көп. Оларда өз жерін суға бөкітіп алмай бізге жібергісі келмейді. Мұның бәрі қос өзен суына тәуелді жерлестерімізге біраз қиындықтар туғызып келеді.
Әсіресе, бастауын Ресейдің Орынбор облысы, Ершов қаласы маңындағы бұлақтан алатын Сарыөзен суының соңғы жылдардағы тапшылығы күрмеулі мәселеге айналды. Осы өзеннен нәр алатын көлдер кеуіп, қақсып қалды. Жаңақазан ауылдық округі тұрғындарының малы мен жанын сумен қамту мұң болды.
Осы мәселені шешу жолын іздеген облыс, аудан басшылары бұл тығырықтан шығар жол – қажет кезінде Сарыөзенге Қараөзен суын түсіру, Қараөзен суын Жайық суымен толықтыру деп тапты.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Ел мұқтажын ескерусіз қалдырмаған басшылар жобалық құжаттарын әзірлетіп, Қараөзен суын Сарыөзенге түсіру үшін ұзындығы 8,2 километр болатын үлкен арық қазу, су өткізгіш қақпалар орнату ісі 2011 жылы басаталып кетті. Бұл іске республикадан бөлінген 269 млн. теңге қаржымен облыстық «Қазсушар» РМК жұмыс жүргізіп, 2015 жылы құрылыс жұмысы толық аяқталған болатын.
Мақсат - Сарыөзен суы сарқылған кезде өзен бойындағы қоныстанған қыруар елді сумен қамтамасыз ету.
Міне, биыл қажеттілік туды. Су түспеген Сарыөзеннің аудан жеріндегі арнасы кеуіп, содан толығатын көлдер суы саси бастады. Осы жағдайды көзімен көрген аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин қос өзенді қосатын су өткізгіш қақпаны аштырды. Арнасы толып тұрған су арық бойымен тату көршісімен қауышуға асыққан жомарт жүрек жандай құлдырай ақты. Сарыөзеннің кепкен арнасы да бастап түскен сумен исінді. Өзенге су түскенін әлдебір түйсікпен сезінген мал да үйір-үйір болып өзенге шұбырды. Сумен бірге өзен бойына құт келгендей көрініс көз алдымызда тұрды.
-Қараөзен суы қазір Сарышығанақ су қоймасы арқылы реттеліп отыр. Оған су екі жақтан түседі. Біреуі-Қараөзен арнасымен Рсеейден келетін су. Екіншісі-Әжімбет арығы арқылы Дөңгелек су қоймасынан беріліп тұрған Жайық өзенінің суы. Қазір Киров-Шежін арығының құрылысы жүріп жатыр. Ол біткен кезде Жайық суы Сарышығанаққа тікелей түсетін болады,-дейді бұл іске жетік, қос өзенді қосудың басы-қасында жүрген аудан әкімі Н.Қарағойшин.
Қараөзен суының Сарыөзенге қосылуы аудан үшін өте игілікті шаруа, үлкен қуаныш. Сарыөзен суы жаз соңына жетпей сарқылып, кенезесі кепкен көлдердің аши бастаған суы жаңаруы сол өңірдегі жан үшін де, мал үшін де теңдессіз игілік болды.
Өмірзақ АҚБАСОВ,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz