«Ақжайық» шипажайында қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов оқырманмен кездесті. Кездесу кешіне арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов ұлттық рухты көтеру бағытында өтетін рухани шараның маңызды екендігін атап өтті.
-Әдемі жаздың жайдары күнінде өңірімізге арнайы ат басын бұрған атақты жазушы, сыншы, драмматург Сәбит Досанов ағамызбен кездесіп отырмыз. Бұл кездесудің мақсаты - Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы ой өрбіту, оқырмандар сұрақтарына жауап беру. Ұлттық байлығымызды, дәстүрімізді, тарихымызды кейінгі ұрпаққа үлгі ету - біздің міндетіміз. Осы бағытта өтетін рухани шаралар өскелең ұрпақ үшін, жастар үшін қажет. Қазір жастарымыз бір-бірімен араласпай, бірі-бірімен ғаламторда амандасып, қал сұрасып отыра беретін болды. Ал аталарымыз «Адамның мейірімі - екі көзінде» деп бекер айтпаған. Дәл осылай бетпе-бет жүздесіп, тілдескеннің өзі бір ғанибет емес пе?-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Сұрақ-жауап форматында өткен емен-жарқын кездесуде белгілі жазушы Сәбит Досанов балалық шағынан, өткен күндерден естелік- әңгімелер айтты. Соғыстан кейінгі жылдарда жоқтықты көріп өскен жазушының ағасы екеуінің бір пиманы кезектесіп киетіні, көктем кезінде пимадан су өтпес үшін тақтай байлап киіп жүрген сәттері оқырманға ерекше әсер етті. Қасым Аманжоловтың өлеңдеріне ғашық болған Сәбит Досанов «Екінші өмір» атты кітабын өзінің сүйікті ақынына арнап жазған. Ол өзін әдебиетке жетелеген ауыз әдебиеті деп есептейді.
-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы үш нәрсеге тоқталғым келеді. Біріншіден, әлемдегі ең үздік жүз кітапты қазақ тіліне аударып шығару, қарапайым халық үшін де, зиялы қауым үшін де аса қажет дүние. Кітап - деген асыл қазына. Сондықтан бұл өнегелі іс болар еді. Екінші, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. Атақты адамдарды халық онсыз да біледі. Ал ел үшін елеулі іс тындырып, тасада қалып жүрген жандарды танытудың екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, олар еліміздің даңқын асқататады. Өзгелер қазақтың қой бағып жүрген емес, ой бағып жүрген халық екендігін таниды. Жастар сол адамдарға қарап, алға талпынар еді. Үшінші, латын қарпіне көшу - мезгілі жеткен мәселе. Бірақ асықпау керек. Бұл жерде латын қарпіне көшкен өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, олар жіберген қателікті болдырмауға тырысқан жөн, -деді Сәбит Айтмұханұлы.
Кездесуде белгілі жазушыға оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылды. Көрші өңірлерден келіп шипажайда ем алып жатқан демалушы көрермендер ерекше өткен кездесуге шынайы ризашылықтарын білдірді. Кеш соңында облыс басшысы Алтай Көлгінов қаламгерге шапан кигізіп, Жайық өзені бейнеленген естелік сыйлық табыстады.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ
zhaikpress.kz