Бүгін Орал қалалық соты экстремистік идеология фактісіне қатысты үкім шығарды.
«Шейх Халил» лақап атымен көпке танымал А.Абдужаббаров ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы бойынша «діни өшпенділікті қоздырғаны үшін» 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, ол 2000 жылдары еліміздің батыс аймағында терроризм мен экстремизмге үгіттейтін уахаббилік «тәкпір» жамағатының идеологиясын насихаттаған.
«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының төрағасы, теолог Ержан Жұмағожиевтің айтуынша, Абдухалил Абдужаббаров1993-1999 жылдары аралығында Пәкістан Республикасының Исламабад қаласындағы Халықаралық Ислам Университетінде гуманитарлық теология ғылымдарының саласы бойынша Ислам іліміне қатысты терең білім алған. Абдужаппаров аталған университетте оқыған кезінде экстремистік идеологияны үгіттейтін «тәкпірлік» ағымның арбауына түсіп, 1994 жылы заңсыз жолмен Ауғанстан Республикасының аумағына өтеді. Кейін осы елдің аумағындағы террористік іс-қимыл дағдыларын, оның әдіс-тәсілдерін терең меңгерген «мұджаһидтерді» (содырларды) даярлайтын арнайы лагердің қарауында жаттыққан.
1999 жылдың маусым айы мен 2003 жылдың ақпан айы аралығында Абдужаббаров Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы жеке «Даруль-Арқам» медресесінде мектеп жасындағы балаларға құран оқуды үйрететін мұғалім, Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясының дінтану факультетінің кафедра лаборанты, аға оқытушысы лауазымдарында қызмет атқарған. Осы мерзім ішінде ҚР Конституциясын және өзге заңнамаларын мойындамай, «тәкпірлік» көзқарастағы теріс ағымды толықтай кеңінен насихаттауға түбегейлі бекиді.
Батыс өңірінің мешіттерінде араб тілін білетін, діни білімі мол мамандардың тапшы екенін білген «шейх» 2002-2006 жылдары Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын мұсылмандар, соның ішінде, дінге енді бет бұрған, ислам дінінен хабары аз жастар арасында исламдағы фундаменталистік «тәкпірлік» идеологияны тарату, олардың дәстүрлі ислам дініне деген көзқарасын экстремистік бағытқа бұру бағытында жұмыстанады. 2003 жылы Атырау қаласындағы «Иманғали» атындағы орталық мешітінің жанында ашылып жатқан медресеге араб тілін үйрететін мұғалім қызметіне кіріседі. Кейін Абдужаббаровтың радикалдық көзқарасы әшкереленді. Мешіт жамағатының арасында алауыздық (фитна) тудырып, оның беделін имамнан жоғары қоятын, «шейхтің» айтқанымен ғана жүретін топтар пайда болғаны анықталған соң, қызметінен қуылады. Дегенмен ол өзінің идеологиясынан бас тартпай, жақтастарын үгіттеп, Атырау қаласының Рембаза ауданында ҚМДБ-ға бағынбайтын «Ат-Тахуа» мешітін салдырған. Құқық қорғау құрылымдарының назарына іліккенін сезген Абдужаббаров Атырау қаласындағы ушығып келе жатқан жағдай қалыпқа түскенше Орал қаласында уақытша тұруға шешім қабылдаған. Оралдағы жергілікті мұсылмандардың діни сауаты төмен екендігін және өзінен білім алуға құлшыныс танытқандар саны көп екендігін байқаған Абдухалил «тәкпірлік» идеологиясын таратуын жалғастырған. Өзінің үгіт-насихатына құлақ асқандардың саны көбейгенін ескере отырып, Абдужаббаров мешіт имамына бағынбай, өзімен келіспегендерді «мурджиит» (адасқандар) деп айыптауға шақырады. Діни келіспеушіліктер салдарынан мешітке келушілер арасында жік түседі. 2004-2005 жылдары бір-екі мәрте қысқа мерзімге Ақтөбе қаласында болған Абдужаббаровтың құлшылық орындарында осындай алауыздықтың орын алуына себепші болады. Ел аумағында «тәкпірлік» идеологиясын таратуға тосқауыл қойылғанын түсінген Абдужаббаров жақтастары арасында ізбасарларын дайындап, аудиожазбалардағы уағыздарын диск және кассеталар арқылы таратады.
Абдужаббаровтың экстремистік бағыттағы аудиодәрістері 2007-2011 жылдары интернеттегі көпшілікке қолжетімді сайттар арқылы кеңінен таралып кеткен.
2006 жылдың мамыр айының орта тұсында Қазақстанның батыс өңіріндегі Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары наразылық танытуына байланысты экстремистік іс-әрекеттері әшкереленіп, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық қудалауға ұшырайтынын сезген Абдужаббаров отбасы мүшелерімен Қазақстан аумағынан шетелге жылыстайды. Түркия Республикасы арқылы, Сауд Арабия Корольдігіне өтіп, аталған елде 2017 жылға дейін тұрақтайды.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz