17.08.2017, 12:00
Оқылды: 43

Қоғалы көліне 100 мың шабақ жіберілді

Жаңақала ауданы Бірлік ауылының тұрғыны, «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі Қажымұхан Борашев өткен жылы Қоғалы көлін 5 жыл мерзімге жалға алып, көлге су толтырғызған еді. Сондай-ақ сол жылы көлге 30 мың шабақ жібергенін да айтпай кетуге болмас.

Қашан да қолын қусырып қарап жатуды ар санайтын қожалық басшысы Қ.Борашев биылғы жылы да балық шаруашылығын дамытуды қолға алды. 14 тамыз күні кейіпкеріміздің өз қаражатына сатып алынған Ресей Федерациясының Саратов облысынан 100 мыңның үстінде тұқы шабақтары Бірлік ауылына әкелінді. Тарқатып айтсақ, 80 мыңға жуық тұқы (карп), 10 мыңдай дөңмаңдай (толстолобик), 10 мың ақ амур (белый амур) Қоғалы көліне жіберілді. Мамандардың айтуынша, мұндай балық тұқымдары жерсіндіруге өте қолайлы келеді екен. Бұл балықтар өсімдікпен қоректенеді. Сондықтан да шөп-шалам басқан су айдындарын яғни, балдырланумен күресу үшін тиімді болмақ.

Қалай десек те, туған жерінің түлеуіне өз үлесін қосқан Қажымұхан Құмарұлындай азаматтардың болғаны көңіл қуантып, көз сүйсіндіреді.

 Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале