Бүгін облыстық қазақ драма театрында "Мисс Уральск - 2017" сұлулық байқауы өтті.
Дәстүрлі шараны ұйымдастырушы - "Zhuldyz pro" модельдік агенттігі.
Салтанатты шараны "Мария-xанум" сән үйінің директоры және қазылар алқасының төрағасы Жұлдыз Құспанова ашып, сайысқа қатысушы аруларға сәттілік тіледі.
Сұлулық сайысына "Адмирал Нельсон" ЖШС менеджері Эльмира Айтмуxамбетова, xалықаралық конкурстардың жеңімпазы Эльмира Усаева, балетмейстер Қарлығаш Қадырбекова және өзге де өңірге танымал мамандар қазылық етті.
-Өткен жылы дәл осы конкурста бақ сынадым. Сондықтан арулардың қобалжуын түсінемін. Алайда уайымдайтын еш себеп жоқ, өйткені барлығы әділ өтті. Тек өздерін жақсы жағынан көрсете білсе болғаны, -дейді "Мисс Уральск-2016" байқауының жеңімпазы Айнұр Шаймарданова.
Байқауда 15 ару бақ сынады. Олардың арасында маман иелері, мектеп оқушылары және студенттер бар.
-Биыл сайысушы арулардың қазақылығы, сауаттылығы және өздерін ұстай білу өнері сынға түсті. Әрбір қатысушының талғамына, ой-өрісіне мән бердік. Сонымен қатар, қыздар өзара бақталастық танытпай, тату болуы біздің басты шарттардың бірі,- дейді Жұлдыз Қазиқызы.
Сайыстың алғашқы кезеңінде арулар өздерін таныстырса, келесі кезеңде сән үлгісін көрсетті. Ал үшінші кезеңде би өнері сыналса, сауаттылық төртінші кезеңде бағаланды. Соңғы кезеңде сұлулар шығармашылық өнерлерін ортаға салды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізі байқауға жиырмадан астам қатысушы іріктелген. Алайда олардың кейбіреуі әзірлік барысындағы қатаң тәртіп пен ауыр талаптарға шыдай алмай қалса керек. Сондықтан аталған байқауға қатысудың өзі біраз еңбекті талап еткені байқалады.
Байқау нәтижесіне тоқталсақ, "Мисс Уральск-2017" аталымын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Адина Базарбаева жеңіп алды. Ал вице мисс титулын Лиана Руденко ұтып алды. Екінші вице мисс - Ақбөбек Қайыржан, үшінші вице мисс - Азиза Сағынаеваға бұйырды. Барша қатысушыларға естелікке бағалы сыйлықтар мен өзге елдерге жолдама берді.
Айымгүл Төлеуғалиева
zhaikpress.kz