15.10.2017, 9:13
Оқылды: 47

БҚО театрының жаңа маусымы Тұңғышбай Жаманқұловтың қойылымымен ашылды

IMG_1873-350x233Сенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында белгілі түрік драматургі Назым Хикметтің «Шығыстың шерлі махаббаты» драмалық дастанының премьерасы өтті.  Қойылымның режиссері – Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.


Қойылым сіңлісін айықпас дерттен  алып қалу үшін жанталасқан әйелдің жанайқайымен басталады.

Бар байлықты иеленіп, тек сіңлісі екеуіне бірнеше адам тік тұрып, қызмет көрсетіп жатса да, Шығыс патшайымы Мехмене Бану Шырын есімді сіңлісінің ауруын жазатын емші таба алмай,  зар илейді. Сөйтіп, үміт пен күдік араласып, сырқат сұлуды күзеткендер (тәуіп, жұлдызшы, күтуші әже)  «Енді қайттік, басымыз кесілетін болды-ау» деп уайымға беріле бастағанда, ғайыптан тайып бір емші келеді.  Емшінің барлық шартын орындауға келіскен Мехмене Бану сіңлісінің сырқаттан құлан-таза айығуы үшін сұлулығын құрбан етеді. Бауырының өмірге қайта оралғанына қуанған Шығыс патшайымы Шырын сұлуға арнап, зәулім сарай салдырады.

Сол сарайды безендірген суретшішебер Фархадқа  екеуі де ғашық болып қалады. Тағы да  қос бауыр үшін өмір сынағы басталады. Өмірге жеңіл  қарайтын, өз ойын бүкпесіз ашық айтатын, тек өзін ғана ойлайтын Шырын сұлулығымен, ерке қылығымен Фархадты бірден баурап алып, «Қашайық» деген ұсыныс айтады. «Мен жай ғана шебердің баласымын, ал сен патшайымсың» деп уайым шеккен Фархадқа   Шырынның сөздері күш береді. Қос ғашық қол ұстасып, қашып кетеді. Алайда  патшайымның жандайшаптары, оларды ұстап алып, сарайға алып келеді.  Осы сәтте де сұлулығын сіңлісі үшін тәрк  еткен әрі қатал, әрі мейірімді  Мехмене Бану ақылдылығымен көрерменді өзіне баурай түседі. Туған сіңлісін шексіз жақсы көретін, ғашықтықтың да азабын тартып, арпалысқан патшайым Фархад шеберді аса қиын сынаққа алады. Халық аса мұқтаж болып отырған өзен суын бөгеген жартасты  жолдан алып тастауға шарт қояды. Уақыт тегершігі зыр айналып, арада он жыл өтеді. Он жылдан соң, Фархадты іздеп келген Шырын: «Менің бетіме әжім түсе бастады, сұлулығымнан түк қалмайтын болды» деп мұң айтады. Кең жүрегіне Шырынға деген ғашықтығымен  қоса, халқына деген махаббатын сыйғыза алған Фархад: «Осы жерде қалып, мені күт» дейді. Алайда Шырын жастығын тау-тастың арасында Фархадты күтіп, өткізуді қаламайды. Ол басқа жолды таңдайды. Осы сәтте  гүрзінің жаңғырған үнімен қоса, Мехмене Банудың «Фархад!» деген дауысы естіледі.  Үнсіздік. Әу баста жылт еткен сезім… Зыр айналған уақыт… Дөңгеленген дүние… Тақта отырған Шырын… Әңгімелері жарасқан Фархад пен Мехмене Бану…  Бұл қойылымнан әр көрерменнің әрқалай ой түюге қақы бар. Мен көрермен ретінде «Сезім де ақылға бас иеді екен» деген ой түйдім.

20171015134617Екі құрамда қойылатын қойылымның  басты рөлдерінде  Мехмене Бану – А. Амандықова, Н. Шадыева, Фархад – Ж. Жұбатов, Ж. Валиуллиев, Шырын – А. Сағаденова, А. Кайрова ойнайды. Қойылым соңында сөз алған режиссер, белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов  театрдың 25-ші маусымын ашқан бұл қойылымды «Ұстазым Хадиша Бөкееваның рухына арнаймын» деді.  Басты рөлдерде ойнаған театр әртістерін гүлге бөлеген көрермен қойылым соңында қол соғып, сахна шымылдығы жабылғанша ұзақ тұрды. Бұл өнерге деген құрмет болатын.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале