Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Ешмұханов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрбану Сатыбалдиева және облыстық «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшысының бірінші орынбасары Асылбек Қайбалиев қатысып, жылу беру маусымы туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Мамандар мәліметінше, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бері облыс аумағындағы тұрғын үй секторларында 79 өрт жағдайы тіркелген. Екі адам қаза тауып, тағы екі адам жарақаттанған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қауіпсіздік ережелері жарияланудан кенде емес екенін мәлімдеген Амангелді Махметұлы улы және табиғи газдардан зардап шегу жағдайы да жиі орын алатынын қоса айтты.
– Автокөлік иелері көлік қозғалтқышын желдеткішсіз қосып қоюы нәтижесінде газға улану жағдайлары тіркелген. Салғырттықтың салдарынан табиғи газбен улану да жиілеп кетті, – дейді А. Ешмұханов.
2017-2018 жылдардағы жылыту маусымы туралы баяндаған Нұрбану Сатыбалдиеваның айтуынша, әлеуметтік нысандарға 25 қыркүйекте, ал тұрғын үйлерге 2 қазанда жылу берілген.
– Жылыту маусымы басталғанға дейін әлеуметтік нысандарға 4,2 мың тонна көмір және мың тонна сұйық отын жеткізілді. Бүгінде облыс бойынша 1322 үй жылумен жабдықталуда. Сондай-ақ 640 білім беру, 397 денсаулық сақтау және 383 әлеуметтік нысандар үздіксіз жылумен жабдықталды. «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамына «Petrosun» ЖШС тарапынан 1020 тонна мазут жеткізілді. ҚР Энергетика министрлігінде қосымша 1500 тонна мазутты жеткізу мәселесі пысықталуда, – дейді Н. Қажымқызы.
Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ теңгеріміндегі 20 қазандық жұмыс жасауда. Коммуналдық кәсіпорындардың апаттық-техникалық бригадалары жеке құраммен қамтамасыз етіліп, материалдық ресурстар қоры құрылған. Келер жылда №7 және №2 жылу магистралдарын қайта құрылымдау жоспарланып отыр. Оның нәтижесінде көп пәтерлі 566 тұрғын үй, 94 әлеуметтік нысан және 19 жеке үй сапалы әрі үздіксіз жылумен жабдықталмақ.
Облыс аумағында табиғи газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалы басшысының бірінші орынбасары А.Қайбалиев облыс бойынша құбырлардың жалпы ұзындығы 6968,3 км қашықтықты құрайтынын айтты.
– Абоненттер газ қондырғыларының, пеш мұржаларының қалыпты жұмыс істеуін жиі қадағалауы тиіс. Қысқы-көктемгі кезеңде сыртқы ауа температурасы мен жел жылдамдығының күрт өзгеруінен мұржалардың жиектеріне мұз қатып, ішіне басқа заттар түсуі мүмкін. Түтіннің тартуы нашарлап, тіпті кері шығуы да ықтимал. Сондықтан тұрғындардың алдын алу ережелерімен мұқият танысып, өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарауын сұраймыз, – дейді Асылбек Темірханұлы.
Роман КОПНЯЕВ,
«ТДК-42» телеарнасының тілшісі:
– Таяуда орын алған «Шале» кафесіндегі өрт неден пайда болғаны анықталды ма?
Амангелді ЕШМҰХАНОВ:
– Аталған ғимараттағы барлық материалдар жинақталып, сараптама жасау үшін Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Әзірге қорытындысы келмеді.
Дмитрий ТЕРЕЩЕНКО,
«Надежда» газетінің тілшісі:
– Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның қарызы қанша соманы құрайды және төленбеген қаражат үшін жылуды айырып тастауыңыз мүмкін бе?
Асылбек ҚАЙБАЛИЕВ:
– «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на борышы шамамен 600 млн. теңгені құрайды. Осы айда 25 млн. теңге қарызы қайтарылды. Аталған акционерлік қоғам өңірді жылумен қамтамасыз етіп отырғандықтан, жылуды айыру мәселесін мүлде қарастырмаймыз. Ал қарызы өтелмеген жағдайда сот тәртібіне жүгінуіміз мүмкін. Сондай-ақ биылғы жылыту маусымында тарифтер құнын жоғарылатпаймыз.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
«Орал өңірі»