24.11.2017, 18:23
Оқылды: 51

Министр Тамара Дүйсенова: «Жұмыс іздеушілер үшін Электронды еңбек би­ржасы мен enbek.kz сайты әзірленді»

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысымызға жұмыс сапары барысында «Орал «Зенит» зауытында» болып, өңірдегі ірі мекеме-кәсіпорын басшыларымен кездесті.

 «Жол қартасын жасақтайтын штаб жұмыс жасауда»

-Бүгін біз Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру, соның ішінде әлеуметтік еңбек саласын жаңғыртудағы кадрлар ағынын басқаруды талқылау мақсатымен жиналып отырмыз. Өңіріміздегі ірі кәсіпорындармен Жол картасын жасақтау да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Елбасымыз халыққа Жолдауында экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетіндігін айтқан болатын. Біздің өңір еліміздегі өнеркәсіптік аймақтардың бірі болғандықтан, кадрлар ағынын басқару жобасы ендірілген еді. Бүгінгі таңда өңірдегі жүйе қалыптастырушы кәсіпорындармен Жол қартасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында облыста өңірлік штаб құрылып, қызмет жасауда, - деді осы жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Кездесу барысында министр жоғарыда айтып өткен облыс кәсіпорындарындағы кадр­лар ағынын басқару және Жол картасына байланысты ахуалмен танысты.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен  халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік еңбек саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асатын болады.

БҚО-да жұмысшылары 500-ден асатын 23 ірі кәсіпорын бар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын атап өтті.

- Алдымызда тұрған үлкен мәселе – елімізде Үшінші жаңғыру стратегиясын жүзеге асыру негізінде жаңа технологияларды енгізу болып отыр. Ал ол дегеніміз, кәсіби мамандарды талап ететін болады. Еліміздегі жаңғырту стратегиясы, бір жағынан, жаңа заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жұмыс сапасын жақсартса, екінші жағынан, жұмыс күшін көп талап етпейді. Ірі кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізгенде бірқатар жұмысшылар еңбектен босатылуы мүмкін. Тиісінше жаңа заманауи құрылғыларды меңгергендер жұмысқа алынады. Сондықтан жақында  мыңдаған кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 48 пайызының жаңғыртылатындығы анықталды. Жаңғыртылатын кәсіпорындар жұмыс жасайтын адамдар жұмыстан босатуға немесе қайта даярлықтан өткізуге мәжбүр болатындықтарын айтып, мемлекеттен қолдау сұраған болатын. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде ашылған штабтармен ақылдаса келе, Жол картасын жасақтадық. Сол арқылы жаңғыртылуға байланысты қысқартуға ұшыраған жұмысшыларды қайта даярлықтын өткізу көзделіп отыр. Кәсіпорын белгілі бір адамды қайта оқуға жолдаса, оның оқу шығынының 70 пайызын мемлекет өтейді. Қалған 30 пайызын аталған кәсіпорынның өздері төлейді. Батыс Қазақстан өңірінде жұмысшыларының саны 500-ден асатын 23 ірі кәсіпорын болса, бүгінде солардың тоғызымен Жол картасына келісім жасалған. Бүгінгі жұмыс сапарымыздың да басты мақсаты – осы жобаның өңірде атқарылуы мен сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау болатын, - деді Тамара Дүйсенова.

«Зенит» зауытына тапсырыс азайған

- Біздің кәсіпорында 900-дей адам еңбек етсе, соның 600-і - қатардағы жұмысшылар. Олардың орташа еңбекақылары 173 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап зауытқа түсетін тапсырыс көлемі азайып кетті. Әзірге зауыт жұмысшыларын еңбекпен қамтып отырмыз. Желтоқсан айынан бастап тапсырыс түсіп, жағдайымыз оңалмаса, 260-тай адамды жұмыстан қысқартуға мәжбүр боламыз. Осы жағдайдың алдын алу үшін облыста алғашқылардың бірі болып, Жол картасын қолдадық. Бүгінгі таңда жұмысшыларды қайта даярлықтан өткізіп, заманауи құрылғыларды еркін меңгертіп, қызмет бағытын өзгертудің нәтижесінде  жұмыс орындарын сақтап қалу үшін бірқатар шаруа атқарылуда, - деді министр қатысқан жиында сөйлеген «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның  бас директоры Вячеслав Валиев. Сонымен қатар кездесуде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Наталия Фадиной, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шунаев, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның  бас директоры Қуат Мусин өздері  басқаратын өнеркәсіп ошақтарындағы қазіргі ахуал туралы баяндап, көкейкесті сауалдарына  министрдің жауабын  естіді.

Электронды еңбек би­ржасы әзірленді

-Жол картасы бірінші кезекте жаңғыртулар нә­тижесінде туындайтын әлеу­мет­тік қатерлерден қорғай­тын жақсы құрал болады деп санай­мын. Мемлекет орталық жә­не жергілікті деңгейлерде қыс­қартулар және кадрларға қосы­м­ша қажеттіліктер болған жағ­дайда қолдау көрсетуге дайын. Жұмысшыларға да, қажет ете­тін кәсіпорындарға да нақты қол­дау көрсетілетін болады, - деді министр Т.Дүйсенова. Сондай-ақ министр халықты жұмыспен қамту тақырыбына да тоқталды. Бұл бағытта министр­лік жұмыс берушілер мен жұмыс із­деушілер үшін үлкен алаң бола алатын Электронды еңбек би­ржасы мен www.enbek.kz сайтын әзірлегенін айтты.

Министр алда тұрған мақсаттарды ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтарын күшейту арқылы жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қосымша жұмыс орындарын ашып, материалдық-техникалық жабдықталуы  мен маман даярлау ісіне аса мән беру керек екенін атап өтті.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

суреттер: Айбатыр НҰРАШ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале