28.11.2017, 14:59
Оқылды: 63

48 жыл өткен соң  басылған сағыныш...

1Нарыны жайлы сағынышқа тұнып қалған керемет естелік  көңіл төріне қонақтады. Тоқсан жасқа келсе де,  өмірі туралы әңгімені жүйелі айтуынан ба, өткен күндер тізбегі көз алдымыздан көлбеңдеп өтіп жатты.

Шәнда апайдың ата-анасы Ресейдің Астра­хан қаласына отыз шақырымдық жерде тірлік кешіпті. Нағашы атасы Әлжан кезінде араб елінде діни сауатын терең­деткен, Мекке, Мәдинаға барып, қажылығын өтеген адам болған. Елге оралған соң, ауыл балаларын оқытқан. Діни біліммен қатар ертегілер, эпостық жырларды да («Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», «Айман-Шолпан») өз балаларына үйреткен. Әсіресе, қызы Ақзиба (Шәнда апайдың анасы) бала кезінен өте зерек, әкесінен естігендерін заматта жаттап алатын алғыр қыз болып өскен. Ке­ңес өкіметі кезінде атеистік тәрбие құрсауласа да, хақ Тағаланың барына иманындай сенген ол Құран сүрелерін жатқа білген. Әкесі Әл­жан Араб еліне барғанда көп кітаптар алып келіп, соны ұғып ал­ған қаршадай қыз жыр-дастан­дар­ды айтып, елді сүйсінткен. Бертін келе, ұрпақтары «Кезінде оқыған жырларын ендігі ұмытқан шығар» - деп 70 жасында әдейі айтқыз­ған ғой. Сонда сауырына қам­шы салдырмаған сөз ділгері «Қыз Жібек» дастанын еш мүдірмей, бір жерін де жаңылысып не орнын ауыстырмай, зырылдатып ай­тып берген. Отбасы мүшелері жұмыс­қа, балалар сабаққа кеткен кезде ғана үзіліс болып, кешке өзі тоқтаған жерінен іркілмей, еш­кімнің ескертуінсіз жалғап кетіп отырған. Сөйтіп, бұл дастанды бір жұма бойы жырлаған.

Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан «байдың, молда­ның тұқымы» атанғандардың шетелге қашып, тарыдай шашылғаны та­рихтан мәлім. Сол дүрбелең бұлардың да отбасын айналып өтпеді. «Біздің маңға қызылдар келеді екен» - деген қауесетті ес­тісімен, жүктерін ат, түйе арба­лар­ға тиеп қашқан олар сол бетімен 1925 жылы бай ағайыны Қайыр­жанмен бірге Нарын құмы­­на келіп паналайды. Орда ауылынан 18 ша­қырым жердегі Ауыза­шық деген қыстақтан қоныс табады. Бір жылдан соң, сол қыстауда кейіпкеріміз дүние есігін ашады. Үш жылдан кейін байлар мен молдаларды қуғындап, мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару басталады. Осы кезде елде қалған нағашы атасы Әлжан жанұясымен шетелге қашып кеткен. Сол оқиғаны Шән­-да Жұмағазиева: – 1928 жыл. Жаз. Ең бірінші көріп, есімде қалғаны әкем мен шешем далада жер бауырлап, жатып қалыпты. Үлкен ағам Есләм (14-15 жас шамасында болар) әке-шешемнің бас жағында отыр. Апам Хансұлудың он жас шамасы. Ағам Шайқы бес-алты жаста. Менің екі жас жарымдағы шағым болуы керек. Ағаларымның мені жетектеп жүргені еміс-еміс елес береді. Айқайлап, дауыс салып жылаған әке-шешемнің жанына келіп тұрмын. Не болып жатқанын бағамдайтын жаста емеспін. Бірақ сол бір ауыр сәт санамда мәңгілік сақталып қалды, - деп еске алады «Алпыс жыл абыржытқан құ­пия» атты кітабында.  Отбасындағы төр­теудің кенжесі біз әңгімелеп отырған Шәнда Жұмағазиева. Ба­лалардың үлкені Есләм ұшқан құсты мүлт жібермейтін мерген аталыпты. Ол аң-құсты бір оғыменақ жер жастандырған. Бірде Ордадағы көгалда «алтын қабақ» ұлттық ойыны ұйымдастырыла­ды. Оны ауылдың «мен» деген та­лай мықты жігіттері шыққанымен, ешбірінің оғы дарымай, далаға кете беріпті. Ақыр соңында үш-төрт күн тұрғаннан кейін ауыл белсенділері «атқан оғы мүлт кетіп көрмеген» деп біреулердің айтуымен Есләм ағасына келіп, бағын сынап көруді сұрайды. Ол кезде ағасы мұрты жаңа түбіндеп келе жатқан бозбала болса керек. Ақыры ешкімнің оғы жетпеген алтын қабаққа ілінген сыйлық­ты алғашқы көздегенде-ақ қа­ғып түсірген. «Құланды құлағынан ат­қан» деген осы шығар!?

Одан кейінгі апасы Хансұлу­дың да өмір жолы қиындыққа толы күрделі өріледі. Жездесі Кәрім Мусин колхозда басқарма болып жүріп, 1937-1938 жылдары «Халық жауы» атанып, жазықсыз жала­ның құрбанына айналады. Сол заманның солақай саясатынан жездесі жапа шегіп қана қоймай, апасы да «халық жауының әйелі» деген желеумен айдалып, Самара қаласындағы тар қапаста 12 жыл өмірін өткізеді. Шәнда апай да өмір бойы «халық жауының туысы» екенін құпия ұстауға мәжбүр болған. Өнерге жақын кіші ағасы Шайқы майданда қаза табады.

Білімге өте зерек қыздың та­ғы бір ерекшелігі, ол бес жасынан домбырада шебер ойнаған. Ағаларының бұл аспапты тарты­сына қызыққан ол көздерін ала бере, майысқақ кіп-кішкентай нә­зік саусақтарымен домбыра пер­нелерін басып көріп, аса қабі­лет­тілігі арқасында демде Сейтек­тің күйлерін бірінен соң бірін үйре­ніп алады. Сол уақытта ол небары же­ті-ақ жастағы, қоянның көжегіндей үркек қыз-тұғын. Отбасы Мешітқұм ауылында тір­лік кешкен. Бастауыш мектеп мұ­ғалімі бұл әулеттегі ынталы өрендердің өнерін тамашалап жүреді екен. 1934 жылы оқушылар ара­­сын­да шығармашылық байқау өтетін болып, директор: «Мектептен екі оқушы жібереміз», - деп екін­ші сыныпта оқитын ағасы екеуін сол шараға қатыстырады. Ағасы Шайқы жадынан өлең шы­ғарып, өзі Сейтектің «Заман-ай» мен Соқыр Есжанның бір күйін шертеді. Кішкене қыздың өнеріне тәнті болды ма, алдыңғы қатарда отырған сұр шинель кигендер орындарынан өре түрегеліп, «Ура!» деп алақан шапалақтағанда, Шән­даның қорқып кеткені соншалық, сахнада тұрып бақырып қоя береді.

Оқуда үздік атанады. Орда мек­тебінде қазақ тілі мен әдебиетінің майталман маманы Ғұмар Зари­повтың әр сабағын жадына тоқы­ды. Сол сияқты физика пәнінен Ахмет-Файыз Тажетдинов, тарихтан Иманқұл Қаража­нов, матема­тикадан Жәлел Самарқанов сын­ды тәжірибелері мол ұстаздар­дың алдын көрді. Кейін бес-алты сыныпқа көшкенде «Пионерлер үйінде» әр түрлі аспаптарды кө­ріп, өз бетінше шертіп үйрене­ді. Мандолина, балалайка, гита­­ра, скрипкаларды тартып, ерекше қа­білетінің арқасында бұл аспаптард­ы еркін меңгеріп алады. Пионер ұйымының жетекшілері оның музыкаға деген ынтасын байқап, қалаған уақытында ұнатқан аспапты алып, ойнауына рұқ­сат береді. Одан кейін аудан­дық, облыстық байқауларда шашасына шаң жұқ­тырмай, жүлделі І орынға ие болады. Талантты қыз 9-сыныпты аяқтар тұста, Алматы қаласында музыка­лық училище ғимаратында өткен республикалық өнер додасына қатысады. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерінің ек­пінін жақсы алған ол бұл жолы да маңдайы жарқырап, І орынды жеңіп алады. Белгілі өнер шеберлерін тәнті еткен бөкейлік қызға Дина Нұрпейісова: «Сен мектептен соң, осында келесің», - дейді музыкалық училищені меңзеп. Ол кезде республика көлемінде бұл оқу орны ең жоғары музыкалық білім беретін орын саналған. Бұл байқауға Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қана­бек Бәйсейітов, Шара Жиенқұ­ло­валар төрелік еткен. Киелі домбырамен тыңдарманның құлақ құ­­рышын қандырған белгілі күйші Динаны да алғаш рет көріп, оның киіз үстінде малдасын құрып отырып шерткен күйіне тәнті болады.

Иә, сол жолы республикалық балалар шығармашылығы бай­қау­ында топ жарған ордалық қыз Мәскеу қаласында өтетін Бүкілодақтық олимпиадаға жолдама алады. Бұл 1942 жылдың мамыр айы-тұғын. Неміс басқыншылары Сталинград қаласын бомбалап, кескілескен ұрыс жүріп жатқан уақыт. Мәскеуден олимпиаданың келесі жылға қалдырылғанын айт­қан хабар келген соң, ауылға оралса, сыныптастарының дені орта білім алғаны жөнінде аттестатпен дайындық курсынан өтіп, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп кетіпті. Әупірімдеп, Орал қаласына келіп, институтқа жо­лықса, олар мұның аттестаты жоғын айтып, қабылдаудан бас тартады. Мектеп тарап кеткен. Содан сыныптастары жиналып, ректорға кіріп: «Мектепті үздік оқыған құрбымыз еді. Белгілі себептермен орта білім алғаны жөнінде құжат ала алмай қалды. Енді оның бізбен бірге оқуға қабылдануына рұқсат етіңіз», - деп жалбарынғанымен, орыс ұлты­ның өкілі аттестатсыз қабылдай алмайтынын айтып, бас тартады. Бірақ табанды, қайсар қыз жылап, еңіреп жүріп, филология факультетінің қазақ тілі мен әде­биеті бөліміне оқуға түседі. Бірін­ші семестрде төрт емтихан­ның бәрін де беске тапсырып, жоға­ры шәкіртақыға ілінеді. Екінші семестрде де барлығы беске бағаланады.

Әйтсе де, тұла бойында бұл­қынған сиқырлы әуен маза бермей, тынышын алады. Біраздан соң, өнердегі ортасын іздеп, «Мен мұнда неғып жүрмін?» - деген ойлар алқымынан ала бастайды. Тағдыр жолының бетбұрыс жасар сәті келді ме, әйтеуір, ауылдасы Шамғон Қажығалиевтің Ордаға келіп, концерт қойып жүргенін естиді. Бөкейлік құрбысы Рабиға Оразова да Алматы қаласындағы консерваторияға бару қамында жүр екен. Солармен ілесіп кетейін десе, жол қаражатының жоқтығы қолбайлау болады. Бойын музы­каға деген ынтызарлық буған ар­маншыл қыз дәрменсіздіктен, бұл жолы да көз жасына ерік береді. Алып-ұшқан албырт шақ алды-артына қарата ма?! Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген Қатау Айдаралиев ағайының Сәуле, Қама­рия атты екі қарындасымен бірге оқыған екен. Сол екі қыз мұның қамығып жүргенін ағасына айтып, мың болғыр мұғалімі бұған біраз қаржы беріп жіберіпті. Аяқ астынан көздегені оңтайлы шешіле бастағанына қатты қуанған ол заматта құрбысымен хабарласып, екеуі «Алматы, қайдасың?» деп тартып отырады. Жолай бұлар­­дың қатарына Шамғон Қажыға­­лиев қосылады. Сөйтсе, Рабиға екеуі «Бірге барамыз» деп алдын ала келіскен екен. Бөкейлік үшеудің жолдары болып, студент атанады.

Бір жақсылықтың артынан бір қырсықтың ілесіп жүретіні несі екен?! Іле шала елде қалған ата-анасынан «Ағаларыңнан «қара қағаз» келді. Ауылға қайт!» - деген жеделхат алады. Майданға аттан­ған қос ағайы кескілескен ұрыс­та қаза тауыпты. Бұл оқудың бір қиын жері жататын орын, тегін тамақпен қамтамасыз еткенімен, шәкіртақы төленбейтін. Ал ауыл­ға бару үшін жолға қаржы керек. Сол кезде дарынды шәкірттің бұл шешіміне ұстазы Ахмет Жұба­нов қатты қапаланды. «Саған өзге оқудың қажеті жоқ. Сен танымал музыкант боласың» деп райынан қайтаруға тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмайды. Елдегі жағдай оның алды-артын ойлауына мүмкіндік бермейді. Институтта оқыған кезінде стипендия алып тұрғаны есіне түсіп, ең болмаса, бір семестр оқитын оқу орнын іздейді.

– Жолай кезіккен ҚазПИ және т. б. сынды жоғары оқу орындарын менсінбей, ақыры ҚазМУ-дың жанына келгенде, «Бұл қандай оқу орны екен? Көрейін деп ішке ендім. Әупірімдеп жүріп, дека­натты тауып, Орал педагогикалық институтының бірінші курсын өте жақсы тапсырдым. Енді ҚазМУ-ды ІІ курстан бастап оқимын» - деп табандатып тұрып алдым. Мені бір оқытушы кілең өрімдей жастар отырған аудиторияға кіргізіп жіберді. Студенттердің бәрі костюм, туфли киіп, жып-жинақы болып отыр екен. Ал менің үстіме киген киімімнен адам шошыр­лық. Аяқта жаман сандалик. Оған да жаңбыр жауғанда су тиіп, бір жағы ашылып кеткен. ҚазМУ-дың деканы: «Сен пединститутта араб тілін оқыған жоқсың ғой, университетте ол тіл оқытылады», - деді. Пединституттағы бестікке толы зачеткамды көрсетіп: «Мені қабылдаңызшы, бір көрсетіп жіберсе, арабша да жазып кетемін», - дедім. Содан бір ағай: «Оны студент қатарына қабылдайық», - деп оқытушыларға кесімді сөз айтады. Кейін білгеніндей, ол кісі­нің өзі осы Орал жақтың адамы екен деп сол бір кезеңді Шәнда Жұмағазиева еске алады.

Белгісіз жанашырдың арқасын­да Ш. Жұмағазиева С. Киров атындағы ҚазМУ-ды ІІ курстан жалғастырып оқиды. «Ауылға қайтамын» деген ой бірте-бірте сая­бырсып, «Музыкант боламын» деген үлкен арманымен де біржо­ла қош айтысады. Бірақ бұла қабілет қойсын ба!? Қазақ мем­лекет­тік университеті жанындағы ансамбль, ұлт-аспаптар оркестріне қатысып, өнерін көрсетеді. Студенттер арасында өткен бір концертте орыс композиторларының «Синий платочек», «Темная ночь», «Землянка» әндерін шырқап, көп­тің көзайымына айналады.

Мектепте оқығанда неміс тілі­­нен сабақ берген Отто Гентер есімді жап-жас ағайының үй­рет­­кендері санада шегеленіп қалған екен. ҚазМУ-дың қазақ филоло­гиясына түскен кезінде қазақты әлемге танытқан М. Әуезов, бел­гілі ғалым-академик Қ. Жұмалиев, профессор Б. Шалабаев пен Б. Кен­жебаевтардың дәрісін тыңдады. Мұнда да үздік студент атанды. 1948 жылы Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен Махамбет Өтеміс­ұлы­ның баспада жарияланбаған «400 жол өлеңі» тақырыбында дипломдық жұмысын да сәтті қорғайды. Бұл еңбегіне Қ. Жұма­лиев жетекші болса, М. Әуезов: «Бұл – диплом емес, диссертация» - деп жоғары баға беріп, аспирантурада қалуына ұсыныс жасайды. Бірақ ата-анасын, соғыста қайтыс болған ағасы Есләмнің артында қалған ұл-қызын ойлап, Оралға оралады. Олардың бі­реуін балалар үйінен шығарып, өз қамқорлығына алады. 48 жыл бойы өзінің ыстық ұясы болған туған топыраққа бармауының басты себебі жеңгесінің үлкен ағасы Есләмнан өрбіген қос бауырын балалар үйіне қалдырып кетке­ніне қатты ренжиді. «Енді оның бет-жүзін көрмеймін», - деп өзіне серт беріп, ата-анасын қолына көшіріп алады. Дәті берік қайсар жан уәдесіне тұрады. Содан жең­гесі қайтыс болған соң, өзі түлеп ұшқан Жәңгір хан атындағы орта мектептің 150 жылдығында ғана Ордасына ат басын бұрады. Топыраққа табанын басқан ардагер-ұстаз кеудеде шемен болып қатып қалған сағынышы мен мұ­ңын елу жылға таянғанда шыға­рып, бір жеңілдік сезінген екен.

Құдай қосқан қосағы, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Аманғалиев Орал пединс­титутында 24 жыл кафедра меңгеруші­сі болып, 100-ден астам ғылыми ма­қалалар жазды. БҚМУ-дың құрметті профессоры атанды. Өнегелі қос ұстаз бір қыз, бір ұл сүйіп, бақытты ата-ана болды. Азаматы өмірден өткенімен, қос ұрпа­ғынан өрбіген немере-жиендер өсіп-өнуде. Қызы Әлия Мәс­кеу қаласында болса, ұлы Ғай­нут­дин Оралда тұрады.

Кеудесі – кеніш, сүйкімді кейуа­намен мәні терең әңгіме өрбіді. «Үлкен кісіні шаршатып алмадым ба екен?» - деп ойлап отырсам, Шәнда апай: «Сенімен сөйлесіп, мен керемет болып қалдым», - деп риясыз жымиды. Жып-жылы алақаны қолымды ғана емес, жүрегімді де жылытып тұрғандай, аяулы жанның шаңырағынан жеп-жеңіл сезіммен шықтым. Аман бо­лыңыз, әз-ана!

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале