5.12.2017, 19:07
Оқылды: 76

"Шаңырақ" шығармашылық байқауы қорытындыланды

IMG-20171205-WA0014Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық «Шаңырақ» шығармашылық байқауын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқаны белгілі. Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған аталмыш байқаудың облыстық кезеңі осыдан үш-төрт ай бұрын жарияланған еді.

Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде осы додада үздік деп танылғандар марапатталды.
Айта кетейік, бұл байқауға өңіріміздегі БАҚ-тардың 30-ға жуық тілшісі өз материалдарын жіберген болатын. Телерадио, газет редакцияларының және этномәдени бірлестіктердің, «Қоғамдық келісім» мекемесінің тәжірибелі мамандары енген әділқазылар алқасы түрлі аталымдар бойынша 12 тілшінің материалын бағалады. Олардың ішінде «Орал өңірі» газетінің тілшілері Гүлсезім Бияшева мен Гүлжамал Кенжеғалиева, «Приуралье» газетінің тілшілері Динара Кендербаева, Жанна Балықова, Оксана Каткова, «Ақжайық» телеарнасының редакторлары Мұнайдар Балмолда, Роза Сатқанова, Оксана Иглікова, Айгүл Логашкина, Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмеденұлы, Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гауһар Құрманғазиева бар.
-Журналистер қауымы еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етуге, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға және ұлтаралық татулық пен қоғамның ынтымақтастығына айтарлықтай үлес қосып жүр. Облыстық ассамблеяның жаңа жұмыс бағытын қалыптастыру мен ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамытудағы ассамблея қызметі әрдайымда тілшілер қауымының назарында болатынына сенемін,-деді құттықтау сөзінде облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.
Өз кезегінде сөз алған БҚО ҚХА журналистер клубының төрағасы, «Ақжайық» телеарнасының басшысы Асланбек Ғұбашевтің сөзіне қарағанда, этножурналистиканың қоғамдағы мән-маңызы артып келеді, бұл бағытта қалам тербеп жүргендер абыройға бөленуде. «Келесі жылдан бастап бұл байқауға блогерлерді де қатыстыру жоспарда бар. Сөйтіп байқаудың аудиториясы кеңеймекші,-деді Асланбек Зинатұлы.

- Жаңа жылдан кейін біздің клуб облыстық ассамблеямен бірлесіп этножурналистканы дамыту бағытында біраз шараларды жүзеге асырғымыз келеді. Солардың ішінде семинар-тренингтер бар. Яғни этножурналистердің қатарын көбейтіп, олардың шеберлігін шыңдай түсуіміз керек».
Шара барысында ҚХА-ның баспасөз қызметінің басшысы, белгілі журналист Қымбат Досжан бейнесәлемдеме арқылы жеңімпаздарды құттықтады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале