ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Алаштың 100 жыл толуына орай Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану музейінде алашордалықтар мен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің көрген азаптары мен қиындықтарын бейнелейтін бөлме ашылды.
1917 жылы желтоқсанда қазақтың зиялылары тәуелсіз қазақ мемлекетін құру мақсатында Алашорда үкіметін құрғаны белгілі. Сол уақытта егемендікті аңсап, тәуелсіздік жолында қанды қол қызыл үкіметтің саясатына қарсы шыққан қазақ зиялалырын қудалап, жазалау басталған еді. Бас көтерген зиялы қауым өкілдерінің бәрі дерлік түрмеге қамауға алынды. Жер-жерде НКВД түрмелері салынды. Қабырғасы қанға боялған сондай түрмелердің бірі Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылында болды. Аталмыш түрмеге талай қазақ азаматтары қамалып, НКВД жендеттерінің неше түрлі азаптауларын бастан кешірді. Халық ауызындағы әңгімелерге сүйенсек Жаңақазандағы НКВД түрмесіне негізсіз банды атанған Аманғали Кенжахметов, Ерғали Аязбаев, Қонатыр есімді азаматтарымыз қамалып, адам төзгісіз қорлықты көрген. Бүгінгі таңда халқымызды қан қақсатқан үкімет ыдырып, ата-бабамызға арман болған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де 26 жыл толды. Осыған орай өскелен ұрпаққа Тәуелсіздіктің қандай қиын жолмен келгендігін дәріптеп, Тәуелсіздік жолында жандарын құрбан еткен аталарымыздың ерлігін насихаттау мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінің жанынан Жаңақазандағы НКВД түрмесінің көшірмесі жасалып, музей бөлмесі ашылды.
Бөлменің салтанатты ашылуына келген қонақтар өткен ғасырға тап болғандай әсер алды. Бұл жерде жасақталған 4 бөлме Жаңақазандағы НКВД түрмесіне мейлінше ұқсас етіп дайындалған. Кіре беріс бөлменің есік терезесі торланып, тікенді сымдар тартылып, түрмеге кіргендей әсер қалдырады. Ал екінші бөлме НКВД басшылары отыратын жер. Бұл жерде Сталин, Дзержинский сынды Кеңес үкіметі басшыларының портреттері ілінген. Сондай-ақ сол кездегі үстел қойылып, үстел үстіне телефон, қойындәптер, тағы да басқа жәдігерлер орналастырылған. Үшінші бөлме қамауға алынған Алаш қайраткерлерінің жататын камерасы. Іші сол кездегі материалдардан жасалып, қамауға алынған тұтқындар пайдаланатын заттар қойылған. Адам бойына үрей тудыратын ең сұсты бөлме – Алаш қайраткерлерін қинаған бөлме. Бұл бөлмеде беті тормен жабылған зындан, жала жауып қол қойдыру үшін қорлайтын құралдардың түр-түрі қойылған. Әр бөлмеге өзіне тән сол кездің заттары жәдігер ретінде қойылған. Сонымен қатар үшінші және төртінші бөлмелерге қудалау кезінен мағлұмат беретін стенд ілінген.
Бөлменің ашылуын тамашалауға келген меймандар түрі түксиген НКВД қызметкерінің қазақтың зиялысы, заңгер Арон Қаратаевтың қызы Шахзада Аронқызы Шонанованы тергеу сәтіндегі көріністің куәсі болды. Қабырғаларынан ыза мен үрейдің лебі сезілетін түрмедегі әрбір заттың өзі өткен тарихты көз алдына алып келеді.
Н.ҒАББАС
Жаңақала ауданы