25.12.2017, 16:49
Оқылды: 22

Жастар мәселелері қозғалды

Зеленов ауданы орталығында аудан әкімі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңестің кезекті жиыны өтті.

Кеңесті ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов: - Ауданымызда жастарға барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауын іске асыру мақсатында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа тарту бойынша Переметный ауылында «Стрит уорк аут» алаңы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жас отбасыларға тұрғын үй алу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жалғасып келеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрғындар қысқа мерзімді курстарға жіберіліп, оларға степендия төленіп қана қоймай, кейін жұмысқа орналасуға да жағдай жасалған. Сонымен қатар, жастар тәжірибесі бойынша 6 ай мерзімге жұмысқа жіберіліп жатқан жастар да бар. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылып тұрады. Шығармашылық және белсенді жастарды анықтау мақсатында жыл сайын «Жыл үздігі» жастар сыйлығы конкурсының аудандық кезеңі ұйымдастырылды. Бұл айтылғандардың барлығы  жасалып жатқан жұмыстың бір сыпырасы ғана болашақта әлі талай жұмыс жасалады деген сенімдеміз,-деп сөз кезегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Салтанат Басшиеваға берді.

Жастардың отбасы құру және отбасындағы араздықты шешу мәселелері туралы сөз қозғаған Салтанат Жасталапқызының айтуынша, биыл 151 неке рәсімделіп, 169 ажырасу фактісі тіркелген. Ажырасулардың 147-сі сот шешімімен болса, 44 неке екі жақтың келісімі арқылы бұзылған. Әрине, бұл көрсеткіш биыл тіркелген некенің барлығы бұзылды деген сөз емес. Дегенмен де некелесуден гөрі ажырасудың көп болғаны қуантпайды. Неке бұзылудың негізгі себептері тұрмыстық зомбылық, ер не әйел адамның ішімдікке салынуы, шарасыздықтан отбасын құру, көзге шөп салу, материалдық қиындықтарға төзбеу, ер адамдардың жұмыссыз жүруі және бедеулік болып отыр екен.

Баяндамашыны тыңдаған Ринат Сатымұлы: -Ажырасудың алдын алу көп жағдайда жоспарсыз құрылған қарым-қатынас пен тікелей жастардың өздеріне байланысты. Сондықтан отбасын құруды көздеген жастарға жан-жақты көмек көрсетіліп, кеңестер берілуі керек,-деді.

Одан кейін Переметный ауылдық округінде жастар саясатының жүзеге асырылуы барысы жайында округ әкімі Амантай Жұмақұлов сөз сөйлеп, аудан орталығы жастарының атқарған жұмыстары жайында ақпарат беріп өтті. Жиын барысында Белес округінің әкімі Бекзат Бадақов та округінде атқарған жұмыстардың біразына тоқталып өтті. Соңғы жылда жастар саясатын тамаша жүргізіп келе жатқан ауылдық округ Белес десек оған ешкім таласа алмайды. Ауыл әкімдігі мен белсенді жастар біраз шаруа тындырған. Тіпті жұмыссыз жастарды еңбекке тарту ісін де қолған алған округте шартты түрде сотталып, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды да көңілден таса қалдырмапты. Әсіресе, спорт жағын дамытуды мықтап қолға алған олар ауылда біраз үйірмелер ашқан. Жас хореограф Назгүл Жанғалидың би студиясының филиалы Белесте жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда бүлдіршіндер би үйреніп, өнерге ден қойған. Сондай-ақ ақылы негізде ауыл жасы Руслан Лобанов оқушыларды футбол үйірмесіне алған. Бір сөзбен айтар болсақ, белестік жастардың ішінде бос жүргені жоқ. Әрқайсы ауылының гүлденуіне өз үлесін қосып келеді. Барлық округте осылай жұмыс атқарылар болса, Елбасы тапсырмасын іске асыру оңайырақ болар еді.

Бұдан бөлек, жастар өздерінің ұсыныстарын айтып, ойларында жүрген идеяларын ортаға салды. Әсіресе, ауылдық жерлерде көптеген үйірмелер ашылса, деген өнерлі жастарды қолдауымыз керек. Ақылы түрде домбыра үйірмесін ашқысы келетін жастың ұсыныстары қолдау тапты. Енді тек еңбектенуіміз керек.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале