Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов жұмыс сапарымен Бөрлі ауданында болды.
Әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмыс барысымен танысқан Ғабидолла Абдоллаұлы Аралтал шағынауданында бой көтерген 300 орындық мектептің құрылысымен, оқушыларды қабылдауға дайындығын тексерді.
Еске сала кетейік, аталған білім ошағының құрылысы 2016 жылдың тамыз айында басталды. Құрылысқа жауапты «РаЗаСтрой» ЖШС болса, заманауи жабдықтармен қамтылған типтік үлгідегі мектептің жалпы құны 800 млн. теңге. Бұл білім ордасында 105 оқушы бұрын Пугачев ауылына тасымалмен оқып жүрген бұрынғы Аралтал шағын ауданының балалары, 11 оқушы Пепел ауылынан және 32 оқушы Березов пен Бестау ауылдарынан жаңа Аралталға көшіп келген балалар оқитын болады. Мектеп жанында балабақша жұмыс жасайды.Облыс басшысының орынбасары мектептің жабдықталуын тексеріп, спорт залы мен асханасында болып, балаларға жасалған жағдайға оң бағасын берді.
Одан соң Ғабидолла Абдоллаұлы Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ-1» ықшамауданында орналасқан №9 «Наурыз» бөбекжайына барды. Кішкентай бөрліліктерге жасалған жағдайды көзбен көріп, бөбектердің ұлттық салт-дәстүрге көңіл бөліну керек деп атап өтті. Психология кабинетіне арнайы бас сұққан Ғабидолла Абдоллаұлы тіл мүкістігі бар балалармен жасалатын жұмыстың жүйелі болуын сұрады. Бөбекжайдағы 16 топтың барлығы да интерактивті тақтамен қамтылып, соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бөбектердің интелектуалдық даму алаңы, құм терапиясы, сенсорлық экранда сурет салу, балалардың саусақ моторикасын дамыту үшін барлығы бар.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың жұмыс сапары бөрліліктердің мақтанышы «Қарашығанақ» спорт кешенінде жалғасты. Мұндағы 400 бала спорттың 17 түрімен тұрақты айналысады. Мәртебелі мейман 1200 көрерменге арналған орындығы бар футбол алаңын көрді. ФИФА стандарттары бойынша жасалған алаңдағы жүгіру жолында жаңа технологиямен, ал төрт жүз метрлік жол спортшылардың жүгіруіне ыңғайлы болуы үшін арнайы жасалған. Мұнда футбол алаңынан бөлек, күрес, бокс, жеңіл атлетика, гимнастика залдары, ал сыртқы алаңда теннис пен баскетбол алаңы бар.
Одан соң басшылар өңірдегі қайта жөндеуден өткен «Өнер мектебіне» бас сұқты. 1989 жылы салынып, содан жөндеу көрмеген ғимарат заман талабына сай қайта жаңғырды. Қаңтар айының аяғында ғимараттың жөндеу жұмыстары аяқталады. Айта кету керек, аталған нысандардың барлығы да ҚПО б.в. компаниясының өңірдегі әлеуметтік жобасы.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов одан соң аудан әкімдігінде әлеуметтік сала мамандарымен кездесті. Кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мереке Ізтілеуов осы жылы меценаттардың көмегімен жүзеге асырылатын 10 жобаның тізімін ұсынды. Оның ішінде Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағын абаттандыру, жайластыру, «Streetworkout» спорт алаңын салу, Александров ауылы аумағындағы алма бағын қайта қалпына келтіру, Бумакөл ауылының шағын саябақ орналастыру, Бөрлі ауылындағы Жеңіс саябағын абаттандыру және суармалы плантациялар салу және жайластыру, Киров ауылына волейбол салу, Приурал ауылында Жайық өзені бойында жазғы демалыс орнын жайластыру, Пугачев ауылында саябақ салу, Жаңаталап ауылындағы кітапхана мен дәрігерлік пунктінің ғимаратын қоршау жобалары бар.
Айтылған жобаларға оң бағасын берген Ғабидолла Абдоллаұлы, қазақстандықтар кең тыныспен қабылдағын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әңгіме өрбітті.
Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы