23.01.2018, 15:11
Оқылды: 62

Қазталовтық кәсіпкерлер бірнеше нысан салуды жоспарлап отыр

Қазталов ауданы әкімі Абат Шыныбеков Талдыапан, Қараөзен, Жаңажол ауыл тұрғындары алдында жылдық есебін қорытып, биылғы жоспарларды баяндады.

Талдыапан ауылдық округінің әкімі Асқар Есқалиевтің айтуынша, былтырғы есептік кездесуде көтерілген мәселелер өз шешімін тауыпты. Ең бастысы, ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бұл жұмыстар атқарылу үстінде.

-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» бағыты бойынша ауылда біркелкі жұмыстар атқарылды. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының демеушілігінің арқасында ауылдың қақ ортасынан Тәуелсіздік монументі орнатылып, Дархан Аябалиев жетекшілік ететін «Асқар» шаруа қожалығы 1 млн 200 мың теңгеге алтыбақан алаңын салуды жоспарласа, Нұрлыбай Жолдыбайұлы Сарықұдық ауылынан 8 млн. теңгеге Мәдениет үйін салуды жоспарлап отыр,-деді округ әкімі.

Одан әрі аудан әкімі Абат Абайұлы 2017 жылы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істер мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

-Қазіргі күні 11,799 млн. теңге қаражатқа Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан және Қособа ауылдарын көгілдір отынмен қамту үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталды. Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз ауылдарын газбен жабдықтау үшін жобалық сметалық құжаттарына 15,008 млн.теңге қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейістерек елді мекендерін көгілдір отынмен қамту үшін 696,623 млн. теңге қаражат жобалық сметалық құжаттарына бөлініп отыр. Ендігі жерде жобалық сметалық құжаттары аяқталған күні біз құрылыс жұмыстарына қаржы сұрайтын боламыз. Сонымен қатар Сарықұдық ауылындағы негізгі мектебі апатты жағдайда танылып, 60 орындық жаңа мектеп салуға жобалық сметалық құжатына 8,400 млн.теңге, ал Жұлдыз ауылындағы 108 орындық құрылысының жобалық сметалық құжатына 5,59 млн.теңге қаржы бөлініп отыр,-деген аудан басшысы Абат Абайұлы талдыапандық ағайындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, есеп беру жиынын қорытындылады.

Мұнан кейін аудан әкімі Абат Шыныбековтың есеп беру жиыны Қараөзен ауылдық округінде жалғасты.

-Ауданымызда 13 ауылда «Ақбұлақ» бағдарламасымен әр үйге су тартылып, аудан тұрғындарының 16 пайызы ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар Қараөзен ауылына 60 орындық балабақшаның жобалық сметалық құжатына 8,400 млн.теңге және Жас ауылының ұялы байланыс мұнарасының жобалық сметалық құжатының құрылысына 1,2 млн.теңге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз,-деді Абат Абайұлы. Аудан әкімінің есебіне қаныққан ауыл халқы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бұл округтен кейін аудан әкімінің есеп беруі Жаңажол ауылында жалғасты.

Кездесуде ауыл тұрғыны, зейнеткер Нағым Ризуанов 1972 жылы салынған дәрігерлік амбулаторияның қазіргі жағдайы мәз емес екенін, ауыл шетіне газдың қысым жетпейтіндігін, Сокрыл көлінің мұзын ойып, балықтарға ауа жіберу керек екенін сөз етті. Сонымен қатар еңбек ардагері Нағым Ризуанұлы әлемге есімі әйгілі, опера әншісі, жаңажолдық Дина Хамзинаға ауданның құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысын білдірді. Ал Сансызбай Төлегенов ауылдастарды тазалыққа, халықты ауыз біршілікке шақырды. Ауыл тұрғыны Тұрарбек Нығметов:

-Ауыл ішіндегі «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатырған құрылыс жұмыстарына көңілі толмайды. Жұмыстары төмен дәрежеде жүргізіліп отыр,-деді.

Бұл күнгі болған кездесулерде №2 Қазталов аудандық сотының төрағасы Айвар Бижанов тұрғындар алдында сот жүйесіне уақыт әкелген бетбұрыстар, жаңалықтар жайында баяндады.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале