Облыстық қазақ драма театрының фойесінде өткен «Ашық әкімдік» шарасы барысында 44 мемлекеттік ұйым мен коммуналдық мекеменің, құқық қорғау органдарының басшылары және облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі тұрғындарды қабылдады.
-Көптен үй мәселесін шеше алмай келеміз. Жолдасым екі бөтекесі солып, І-топ мүгедегі болды. Мұндай жағдаймен ауылда тұруға болмайды, қалада болуыңыз керек дегесін 2011 жылы көшіп келдік. 2012 жылы желтоқсанда бір бөлмелі жатақхана берді. Жолдасым 12 жыл гемодиализ арқылы өмір сүріп, 2014 жылы шілдеде қайтыс болды. Жиырма сегіз жыл отастық. Енді мені далада қалдырмайтын шығар деп қала әкімінің қабылдауына келдім. Мәселемді қарастыратынын айтты,-дейді қала тұрғыны Айман Меңдалиева.
- Азаматтарды апта сайын қабылдаймын. Қазір «Ашық әкімдік" шарасында 5 адамды қабылдадым. Негізінен қоғамдық тәртіпті нығайту, аулалардағы тәртіп, жол-көлік оқиғалары мен отбасындағы жанжал, көршілер арасындағы дау мәселелерімен жолықты. Сұрақтарды егжей-тегжейлі зерттеп, жауабын береміз,-дейді БҚО ІІД Жергілікті полиция басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин.
- Бұл қабылдауда бізге 16 тұрғын өз шағымымен келді. Кейбірі дәрілердің қажетілігін айтса, кейбірі аурухананың материалдық-техникалық жағдайын жаңарту мәселесін көтерді. Офтальмолог қызметін дамыту жайлы ұсынысын жеткізген тұрғын болды. Кейбір адамдардың мәселесін осы жерде шешуге мүмкіндік болса, кейбіріне түсінік берілді, - дейді облыстық денсаулық басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.
Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлдана Аргенованың айтуынша, "Ашық әкімдікте" мемлекеттік ұйым мен коммуналдық мекеменің, құқық қорғау органдарының басшылары және облыс әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі 350 тұрғынды қабылдап, кеңес берді. Олардың шамамен 40 пайызы тұрғын үй, 40 пайызы әлеуметтік мәселелер бойынша, қалғаны өзге де сұрақтар бойынша жолыққан. Жер кезегі, ТҮКШ, мүгедектік жәрдемақы бойынша сауалдар, денсаулық, білім салалары, жол құрылысы бойынша мәселелер көп көтерілген. Тұрғындар қабылдаудың сенбі күні өткізілуі өздері үшін қолайлы екендігін жеткізді.
Нұрлыбек Рахман
zhaikpress.kz
Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов