Алаш арыстарының табанының ізі қалған, жақтауында қолдарының табы сақталған қастерлі ғимараттың өзі құнды жәдігерге айналуда. Ал оның тарихына қатысты түпнұсқа жәдігерлерді іздестіру барысында Досмұхамедовтардың Мәскеудегі үйінде тұтынған қызыл-сары қалың кілем біздің қорымыздың басты экспонатына айналып отыр.
Енді бұл кілемнің тарихына келетін болсақ: Ол кілемді 1964 жылы Қазақстанға Қанипа Шәріпқызына Ольга Константиновна Досмұхамедова өз қолымен сыйлапты. Ол кісінің шежіресіне тоқталар болсақ, Сұлтан атамыздан тараған екі ұл Досмұхамбет пен Ізмұхамбеттің ұрпақтары болып келеді. Досмұхамбеттен Қабас пен Жаһанша тараса, Ізмұхамбеттен Өлдән мен Шәріп туған. Шәріптен туған қыз осы Қанипа деген апамыз. Ал Қанипа Жаһанша атамыздың тәрбиесінде болып, содан сол кісінің қарындасы саналып кеткен. Ал Өлдәннан тараған Қадес пен Құдес болатын, Жаһанша мен Ольга анамызда бала болмай, осы Қадесті бауырларына салған еді. Ол кісі де ұзақ жылдар бойы Мәскеуде тұрып келді.
Бүгінде атамыздың жиені болып саналатын Қанипаның қызы Маржантас Қадырқызы осы кілемді біздің музейімізге сыйға тартқан болатын. Демек, елге келгеніне де елу жылдан асып барады. Оның алдында біраз уақыт бұл кілем Тұрар Рысқұлов алып берген олардың Мәскеудегі пәтерінде пайдалануда болған. Жаһанша атамыздың айтуынша, оның Мәскеудегі үйіне талай Алаш арыстары қонаққа барып тұрған. Ойлап қараңыз, қаншама аңыз болған тұлғалар осы кілемде әңгіме-дүкен құрып, шай ішті десеңіз, оның құндылығы арта түседі. Сонымен кілемнің нақты қай жерде жасалғанын анықтау қиынға түсіп тұр. Дегенмен оның сипаттамасына қарап, Кавказ бен қазақ кілемдерінің біріне ұқсайтынын көреміз. Бір ғажабы, қаншама уақыт өтсе де, өңін берместен жылтырап тұрғандығы. Асылдың сынығындай болған дүниенің, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін» тағы бір мәрте дәлелдегендей. Биылғы жылы Ба- тыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында оздырылатын іс-шаралардың қатысушылары мен аудан қонақтары міндетті түрде музейімізге келіп, жәдігерді көре алады. Алаш ардақтысының төсеніші болған тәбәрік жәдігер біздің ғана емес, ұлттық құндылығымыз болып та- былады.
Айнагүл ОЙШЫБАЕВА,
Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі,
Сырым ауданы