21.02.2018, 10:37
Оқылды: 48

Жолдауды және жаңа жүйені түсіндірді

 

Сейсенбіде облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов Орал қалалық әкімдігінің үлкен залында облыс және қала активімен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.

Бұдан бұрын Саян Қылышұлы Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Шыңғырлау ауданының орталығында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына түрлі сұрақтарымен келген тұрғындарды қабылдады. Сонымен қатар Орал қаласындағы «Smart Uralsk» тұрғындарға қызмет көрсету және қалалық әкімдіктің «Ашық әкімдік» орталықтарының жұмыстарымен танысты.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен нәтижелілігін көтеру мәселелері - өзекті әрі басым бағттардың бірі. Өздеріңіз көріп отырғандай, басқару аппаратының тиімді жұмысы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және деңгейін көтеруге, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қауқарлы. Бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыратын ақпараттық технологиялардың әсері айтарлықтай. Орал қаласындағы «Smart Uralsk» тұрғындарға қызмет көрсету және  қалалық әкімдіктің «Ашық әкімдік» орталықтарының жұмыстары өте тиімді, халық пен билік арасындағы қарым-қатынастың ашықтығының көрінісі деуге болады. «Smart Uralsk» орталығында әдеттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерден басқа құқық қорғау, көші-қон саласына және кәсіпкерлікті ашу, дамыту мәселелеріне қатысты қызметтер көрсетіледі. Мемлекеттік құрылымдардың апқпараттық жүйелерінің кірігуі жекелеген мемлекеттік қызметтерді кешенді түрде «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетуге көшкенін көрдік, - деді Саян Ахметжанов.

Облыс және қала активімен кездесуде С.Ахметжанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, биыл  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы  алты қадамды және «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» 1-бағыты бойынша мемлекеттік қызметкерлерге еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Жаңа жүйе қанаққаты режімде екі өңірде Астана қаласының әкімдігінде және Маңғыстау облыстарында  қолға алынған. Бұл жүйе факторлық-балдық  жүйеге негізделген. Мемлекеттік қызметкер негізгі лауазымдық еңбекақысынан бөлек бонустар алу мүмкіндігіне ие болады.  Яғни пайдалы еңбек етсе, жалақысынан бөлек қосымша ақша алады. Сонда мемлекеттік қызметкердің өнімді еңбек еткені арнайы бекітілген шкала арқылы бағаланады.  2020 жылы еліміздегі барлық мемқызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарланған.

Саян Ахметжанов жиынға қатысушылардың мемлекеттік қызметті жетілдіру, мәртебесін көтеруге байланысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале