15.03.2018, 12:37
Оқылды: 222

Киіктің көз жасы

Бір топ киік ымырт үйіріле Сағат көпірінің жазығына тұяқ іліктірген. Күзде орылған қылтанақсыз қырына аял-дамай, жыңғылды ойына ойысқанда, шүйгінді шөпке ілікті.

Қары сәл қалыңдау болса да, қарын тойғызарлық екен. Шағын үйір қадала тебіндеді.

Үйір шетіндегі кәрі теке басын жерден жұлып алды.

Құлағына гүріл естілгендей болған. Қауіп қылар ештеңе жоқ. Екі аяқтылар бұл жолы да айласын асырған екен. Ық жағындағы сайдан шыға келген машина бұларға тіке тартты. Сәл аңыраған киіктер жан ұшыра қашты.

Прожектордың өткір жарығы үйірдің үстінде үйіріліп  жүр. Қалың  қардан еркін жүре алмаған УАЗ көлігі ауыр ыңыранады.

Екі ара әп дегенде алшақтай түскенмен, киіктер қара үзіп кете алмады.  Қалың қар оларға да оңай соқпай келеді. Қашанға шыдарын кім білсін?!

Қалың қарға киліккен бір ешкі кейіндей берді. Кәрі теке іркіле тосқан. Бүгін ғана күйектен өткен жас шыбыш. Әдемі жанары үрейге толып, дәрмені құрып қалыпты. Құрсағында мұның ұрығы «еркек тоқты құрбандық» құтқару керек. Ішкі түйсігі.

Теке шабысын тежеп, үйірді алға асырды да, бір бүйірге қиыстай тартты. Қуғыншыларға да керегі теке еді. Соңына түсті. Ұлы қуғын. Желмен ойнап, құспен жарысып, шабыс тілеп, жеп-жеңіл жүйткитін күндерінің келмеске кеткенін кәрі теке түйсінді.

Тынысы тарылып, төрт аяқтан әл кетіп барады. Гүріл жақындай түсті. Бір ғайыптан болмаса, құтылуы қиын-ды.

Сағат сайына су түсіретін жіңішке жыра қарға толып тұр екен. Бұрылып үлгермеген теке созыла секірді. Текені өкшелеп қалған УАЗ-да тоқтай алмады. Салдыр-гүлдір… Гүріл дыбысы өшті. Самбырлаған екі аяқтылардың даусы ғана естіледі. Бұл кезде шабуға дәрмені қалмаған теке аяңмен қырға қиялап бара жатты.

*  *  *

Иә, ақбөкендер не көрмеді дейсіз?! Көбейген де, қырғынға ұшырап, құрып кетуге аз қалған кездері де жиі қайталанып келеді.

Бұрын сары даланы еркін кезіп, қыр мен ойды тегіс алып, ыңырсып жататын бөкендер қазір Қазақстан, Ресей, Моңғолия жерінде ғана кездеседі. Негізгі массасы, яғни 80 пайызы Қазақстан жерінде.

Иә, екі аяқтылар 1950 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде бұларды бағалы кәсіптік аң деп қарады.

Азық-түлік, химиялық өнеркәсіп, денсаулық сақтау қажеттілігі үшін деп жаппай аулап, еті мен терісі, мүйізі үшін аз қырғынға ұшыратқан жоқ.

Қазақстандағы киіктің құрып кетуге аз қалған кезі 2003 жыл еді. Сол жылы бар-жоғы 21,1 мың ғана киік қалған екен. Содан 2014 жылға дейін бөкен саны тәп-тәуір артып, 256,7 мыңға дейін жетті. 2015 жылы қайта жұтап, киік саны үш есе кеміп, 84,3 мыңға түсті.

Ресми деректер бойынша 2017 жылы қазақ даласында 152,6 мың киік бар дейді, кім білсін?..

Екі аяқтылар айтқан «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» деп, бұларды құрып кетуден сақтап жүрген табиғи қолайлы жағдай туғанда өсімге ерекше бейімділіктері. Бұлар екі аяқтылар құсап жетімін далаға тастаған емес. Адасып қалған лақты тап келген ешкі исіне емізіп, қарнын тойғызып кете береді. Соның арқасында лақтар аман сақталып, тез көбейе алады.

Оның үстіне екі аяқтылардың бұларға мейірімі түсетіндері де бар. Бір жылдары Қазақстанда киікті аулауға тыйым салатын қаулы қабылдады. 1996 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл кітабы тізіміне енгізді. Тіпті киік санын қалпына келтіру бағдарламасы жасалып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көп тараптық келісімдер мен халықаралық өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі беделді ұйымдармен ынтымақтық жасады.

1999 жылы киікті табиғаттан алуға толық тыйым енгізді.

Өкінішке орай сондай шаралар алынып жатса да, жергілікті жерде аулау тыйылмады. Оның үстіне ара-тұра індет жайлаған кездер де бар. Осындай жағдайлардан Қазақстандағы киік саны 2003 жылы 21,1 мың ғана болып, ғалымдарды алаңдатқан еді.

Адамдарды түсініп бола ма?! Бұларды қамқорлыққа ала бастады. 2011 жылға дейін киікті аулауға жан-жақты тыйым салу, басын сақтап, санын қалпына келтіру бағдарламасын әзірледі.

2003  жылы ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жүйесінде жануарлар жүйесін мемлекеттік қорғау жөніндегі республикалық  мамандандырылған қызметін ұйымдастыру көп қорған болды. 2010 жылы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен 2020 жылға дейін киік аулауға тыйым салуды енгізді.

Қазіргі кезде жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі республикалық мамандандырылған қызметі киік мекендейтін барлық өңірді қамтиды. Қарамағында 16 тірек пункті кіретін 250 инспекторы бар. Олар жол талғамайтын аутокөліктермен, спутниктік радиобайланыспен, оптикалық және навигациялық  аспаптармен, фото және бейне аппаратуралармен, нысанды киім-кешек, табельді қарумен, Ми-2 тікұшақпен қамтамасыз етілді.

Алайда аулаушылар аздап айылын жиғанмен, реті келгенде қырып кетуін әлі қойған жоқ. Бүгінгі қуғын осының көрінісі еді.

Неге екенін қайдам, екі аяқтылардың құмары бұлардың мүйізіне түсіп отыр. Мүйізді киік көрсе, қалайда қағып алуға тырысады. Өткен 2017 жылы облыс бойынша заңсыз киік аулаған 44 іс тіркелсе, оның 15-сі Жаңақала ауданынан еді. Облыс бойынша 23 іс сотта қаралып, жаза алынса, оның үшеуі де осы ауданға тиесілі.

*  *  *

Иә, шекеге біткен екі мүйіз текелердің сорына айналды. Биылдың  өзінде қанша қуғын көрді.

Ең үлкен қуғын жақында Көпжасар даласында болды. Қуатты көлік мінгендер теке біткенді қырып, даланы қан сасытып кетті. Періштесі қаққан шығар, бұл сол қырғыннан аман қалып еді.

«Әкемді алған Құдайға да сенбеймін» деген қорғаушыларға да сенім болмайды екен. Тіпті солардың кейбіреуі реті келсе, мүйізіңді қағып алуға немесе аулаушыларды ізіңе салып жіберіп, олжаны бөлісіп алуға әзір  тұратын сияқты.

Жалпы, мүйізді қымбат бағаға сатып алушыларға неге тыйым салынбайды екен? Ақшаға қызыққандар теке көрсе, көздері қызарып кетеді.

Сілесі құрып ұзақ жатқан кәрі теке таң атып кеткенін, тұру керегін түйсінді. Екі саны ұйып қалғанын сезді. Екі ұмтылып барып қайта жатты.

Машина гүрілі жақындап келеді. Таяу келіп тоқтады. Дабырлаған адам дауыстары. Бұған енді бәрібір сияқты, тұруға да, қашуға да ниет қылмады, қылса да оған халі жоқ-ты.

– Нән теке екен…

– Бұйырған деген осы. Екі мүйізі жарты келіден де асатын шығар?..

– Не істейміз? Бауыздайын ба?..

– Уақыт алып қайтесің, мүйіздерін кесіп ал.

Тізесімен кеудесін басқан екі аяқты мүйізін аралауға кірісті.

Ауыр салмақтан тынысы тарылып, тұяқ серпуге жарамай жатқан шарасыз текенің көзінен мөлдір моншақ домалады.

Теке есін жиғанда, екі аяқтылар көліктеріне мініп, жүріп кеткен еді.

Екі шекесі сынып барады. Не болғанын түсіне алмады.

Есіне күй тартқан жас шыбыш үшін жас текешікпен болған соңғы шайқасы түсті. Екеуі екпіндей ұмтылып, сарт соғысқан. Кәрі текенің миы аузына түскендей болды.

Есі барда кетуді ойлаған. Жоқ, жас теке майдан даласын тастап барады екен. Жеңіс дәмі қандай тәтті! Шыбыш күйектен шықты.

Рахат-ай! Жаны жай тапқандай болды. Мүйіз орнының ауырғаны сезілмейді. Теке үзіліп кеткенін білген жоқ. Жабылмай қалған жанарында мөлдір тамшы тұрып қалыпты. Киіктің көз жасы… Адамдар неге қатыгез еді?..

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале