Кешеден бері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында қар суының жолды шайып кеткені жазылған видео тарады. Бейнежазбаны ағыннан өте алмай тұрған жолаушылар түсірген болатын. Қазір Чапай-Сайқын жолының 317-інші шақырымындағы тасқын су жырған бөлігі қалпына келтірілді, деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Аталған басқарманың мәліметінше, 28 наурыз күні күндізгі сағат 13-14 аралығында қар суы жолдың деңгейінен асады. Жолдың үстімен аға бастаған тасқынның ені 50 метрге дейін жеткен. Кешкі 20-21 сағатқа дейін аққан қар суы топырақ жолдың біраз бөлігін шайып кеткен.
Бөкей ордасы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ажғалиевтің айтуынша, Бисен ауылынан 25 шақырымдай жердегі тасқын жырған жолдың бұл бөлігін аудан әкімдігі, тиісті мекемелер мен төтенше жағдай қызметі мамандары таңғы беске дейін қалпына келтірген.
Нұрлыбек Рахманов,
zhaikpress.kz