Тасқала ауданы әкімі С.Әлиевтің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс кеңйтілген V отырысы өтті.
Жиынды ашқан аудан басшысы Санжар Жұматайұлы атқарылған жұмыстарды пысықтап, жиналғандарды алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды.
-Наурыз айында мөлшерден артық түскен қалың қардың салдарынан бүгінгі таңда біздің аудан қиын жағдайға тап болып отыр. Осыған орай ауданда біркелкі шаралар қолға алынып, су басу қаупін сейілту, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылды. Ендігі мақсат - ауа-райының күрт жылынып және алдағы күндері жаңбырдың күтілуіне байланысты жұмысты одан әрі күшейтіп, су кететін аймақтарды мұқият бақылауға алу. Қазіргі таңда аудан бойынша ең қауіпті деген 8 аймақ бекітіліп, оған әр мекемеден кезекшілік қойылды. Егер қауіпті жағдай туындаған уақытта штабтың арнайы қосылған телефондарына хабарласып, жағдайды баяндап тұру қажет. Біздің мақсатымыз - төтенше жағдайлардың алдын алып, елді қауіптен аман алып қалу. Сондықтан ауданда су басу қаупі сейілгенше барлық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасайтын болады,-деді аудан әкімі Санжар Жұматайұлы. Одан әрі төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Шауенов есеп берді.
Мәди Такирұлының айтуынша, бүгінгі күнге қардың қалыңдығы 38 см болса, Деркөл өзеніндегі мұз қалыңдығы 35, кей жерлерде 58 сантиметрге дейін жетіп отыр.
Жалпы 10 наурыздан бастап 27977 текше метр қар шығарылып, республикалық маңызы бар жолдардағы 54, облыстық жолдардағы 80, аудан жолдарындағы 56, барлығы 190 су өтетін тұрба толықтай тазартылған. Осы жұмыстарды атқаруға 519 адам жұмылдырылып, 59 арнайы техника тартылған. 4900 шаршы метр мұз кесілген.
-Қазіргі таңда қар шығару жұмыстары тоқтатылып, арнайы кезекшілік ұйымдастырылды. Бірлік ауылынан бастап Нариман бағына дейінгі су жүретін жолдар тазаланып, өзенде 17950 мың шұңқыр қазылды. 16000 арық тазаланып, ең қауіпті деген 5150 метр жол жиегі топырақпен көтерілді. 13070 метр канал қазылды. Осының барлығына 32 тонна жанар жағармай жұмсалды. Жұмыстарды жүргізу үшін аудан бюджетінен 8 млн.теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда ол толықтай игерілді. Қатер төнген жағдайда адамдарды орналастыратын эвакуациялық пункттер де дайын, - деді өз сөзінде М.Шауенов.
Сонымен қатар ауданда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында тұрғындарымен 39 кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 7136 дана жадынама таратылған. 13 мыңнан астам құм толтырылған қапшық дайындалып, қазіргі таңда олар ең қауіпті деген аймақтарға жеткізілген.
Жиын барысында барлық округ әкімдері есеп беріп, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауылдарда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Назгүл Серіққызы
Тасқала ауданы