18.04.2018, 11:06
Оқылды: 217

Жоспарлы жұмыстар бақылауда болады

IMG_6700ҚР Президенті әкімшілігі аппаратының мемлекеттік инспекторы Есет Байкен Зеленов ауданына іс сапармен келді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын бағамдай келген мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Асхат Шахаров қарсы алып, алдымен ауданның ауыл шаруашылығы жағдайын таныстырып өтті.

«Калининское» шаруашылығы алқабында Есет Берікұлы ауданның егін, мал шаруашылығына қанығып, егістік ауқымын арттыру, жерді тиімді пайдалану, дайын өнімді өткізу, майлы дақылдар үлесін арттыру, шаруашылықтарға демеуқаржы бөлу мәселелерін талқылады. Әр сала бойынша мәлімдеме жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерік Бисақаев көктемгі егіске дайындық жұмыстарына тоқталып, жерді мақсатты пайдалану мақсатындағы шараларды пысықтады.

Одан әрі аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бас сұққан Есет Берікұлы ауыл жастарын салауаттылыққа баулу мақсатындағы жұмыстармен танысты.

– Спортқа қызығып келген әр адамға барынша жағдай жасалып, жұмыс жоспарлы ұйымдастырылса, ауылдан талай мықты спортшылар шығады, - деген ол кешен жұмысын оң бағалады.

IMG_6709Одан кейін аудандық орталық аурухананың тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын қадағалаған меминспектор электронды қабылдау жүйесін бағамдап, аурухананың жабдықталу көрсеткіштерін зерделеді. Мемлекетте денсаулық сақтау саласына аса зор көңіл бөлініп отырғанын айта келе, медициналық қызметті тұтынушыларға мейлінше жайлылық жасау, кадр мәселесін оңтайлы шешу керектігін ескертіп өтті.

Ұзақ жыл күрделі жөнделмеген Камен мектебінің жай-күйін көрген мемлекеттік инспектор қажетті мәліметтерге қанықты. Жалпы аудан бойынша үш бірдей мектепті күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Аталған мектептердегі бала санының өсуін ескере келе, күрделі жөндеуге қаражат бөлудің маңыздылығы айтылды.

Биыл ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа саябақ бой түземек. Мұсылмандар мешіті мен Православ шіркеуінің дәл ортасынан салынатын саябақ жобасын таныстырған аудан басшысы саябақтың аудан халқы үшін рухани демалыс орталығына айналарын айтып өтті. Сондай-ақ Есет Берікұлы аудандағы «Рухани жаңғыру» алаңында болып, заманауи бағытта ұйымдастырылған алаң жұмысына сәттілік тіледі.

– Елбасының алға қойған мақсатты бағдарламаларының ауданда қарқынды іске асырылып жатқанын байқадым. Жоспарлы жұмыстар әлі де бақылауда болады. Әлеуметтік нысандарды жөндеу, инфрақұрылымдық жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы бастамалар жақсы жолға қойылған, - деп сапарын түйіндеген мемлекеттік инспектор іс басындағы азаматтарға ризашылығын білдірді.

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале