24.04.2018, 18:58
Оқылды: 70

«Әдебиетте қалыптасқан ар ілімі - Мираның шығармаларының негізгі өзегі»

 

2Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты шығармашылық кешіне орай ҚР Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жазушы-журналист Мира Шүйіншәлиевамен кездесті. Сондай-ақ басқосуға жазушының кешіне арнайы келген  қонақтар ҚР Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, жазушы-драматург Дулат Исабеков және жазушының шығармаларын зерттеген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда қатысты.

Сөз өнерін серік етіп, әдебиеттің майын ішкен майталман жазушылармен емен-жарқын пікірлескен Алтай Сейдірұлы Мира Хамзақызына, қонақтардың шығармашылығына шалқар шабыт тіледі.

– Мира Шүйіншәлиеваны қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі деп айтуға болады. Себебі  Мираның шығармашылығы кеңінен танымал. Қазіргі әдебиетте проза жанрында жүрген қыздар саусақпен санарлық. Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бисеновалардың соңынан еріп келе жатқан жазушы қыздардың бірі осы – Мира Шүйіншәлиева. Мираның шығармаларының негізгі ерекшелігі - қазіргі заман тақырыбын қаузауы. Біздің әдебиетте негізінен өмірдің күнгей жақтарын беруге тырысады да, көлеңкелі жақтары көп кездеспейді. Ал Мираның шығармаларынан қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан тәуелсіздік тұсындағы замандастарымыздың қиын тағдырын көруге болады. Әдебиетте қалыптасқан ар ілімі - Мираның шығармаларының негізгі өзегі. Бұған дейін жарық көрген шығармаларындағы кез келген кейіпкерін алып қарасаңыз да,  тұсауы кесілгелі отырған «Ар азабы» жинағына енген шығармаларының негізгі кейіпкерлерінің бәрі де ар азабынан өткен, ар сотында өзінің жауапкершілігін  көтере білген кейіпкерлер. Бұл жинақта екі ақынның тағдыры және екі драмалық шығармасы енген. Бұны жазушы қызымыздың проза жанрындағы кейіпкерлерін сахнаға алып келуі деп қабылдауымыз керек. Алдағы уақытта біз Мираның шығармаларын сахнадан көретін шығармыз деп ойлаймыз, - деп ойымен бөлісті Гүлжиһан Орда.

Өз кезегінде Мира Хамзақызы руханиятқа, өнерге, мәдениетке ықыласын білдіріп, қолдап жүрген Алтай Сейдірұлына, ат арытып алыстан келген қонақтарға ризашылығын айтып,  тәуелсіздігімізге тәубе етіп, қаламмен қызмет етемін деді.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Фото Айбатыр Нұраш

5 11 12 13 14 2

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале